Музыка – өмірімнің ажырамас бөлігі: әнші Біржан Демеуұлымен сұхбат

Музыка – сезім мен шабыттың тілі. Біреулер үшін музыка бала кезден келе жатқан қызығушылық болса, енді біреулер үшін ол – саналы түрде таңдалған өмірлік жол. Біз жас қазақстандық орындаушы Біржан Демеуұлымен сұхбаттасып, оның өнер жолының басталуы, әндерінің тарихы, шығармашылық жоспарлары мен отандық музыка индустриясына көзқарасы туралы әңгімелестік.

– Біржан Демеуұлы, музыкаға қалай келдіңіз және өміріңізді ән айтумен байланыстырғыңыз келетінін қай кезде түсіндіңіз?

– Музыкаға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Кішкентай кезімнен ән айтуды жақсы көретінмін. Шамамен 3-4 жасымнан бастап теледидардан түрлі әндерді тыңдап, жаттап, өзімше орындауға тырысатынмын. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде де ән айтудан қол үзген емеспін. Музыка мен үшін жай ғана қызығушылық емес, уақыт өте келе өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

Ал өмірімді кәсіби тұрғыда ән өнерімен байланыстырғым келетінін мектепті аяқтағаннан кейін түсіндім. Сол кезде бойымда осы салаға қажетті белгілі бір қабілеттер мен дағдылардың бар екенін байқап, өзімді музыка бағытында сынап көруге шешім қабылдадым. Осылайша, өнер жолындағы алғашқы қадамдарымды жасай бастадым.

– Сіздің таңдауыңызға әсер еткен адам немесе белгілі бір оқиға болды ма?

– Менің музыка жолын таңдауыма ең алдымен анамның ықпалы зор болды. Ол кісі менің әрбір бастамама сенім білдіріп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қандай да бір жаңа қадам жасауға ниеттенсем, анам алғашқылардың бірі болып қолдап, маған жігер беретін. Сондықтан бүгінгі таңда осы жолда келе жатсам, оның еңбегі мен қолдауының орны ерекше деп есептеймін.

Сонымен қатар шығармашылық қалыптасуыма ұстаздарымның да әсері үлкен болды. Атап айтқанда, Шымкент қаласында алғаш рет вокал сабақтарын үйреткен Юрий Викторович есімді ұстазымды ерекше атап өткім келеді. Одан кейін қазіргі ортамдағы тәлімгерлерімнің де маған берген бағыт-бағдары мен қолдауы маңызды рөл атқарды.

Жалпы, адамның белгілі бір салада қалыптасуы тек өзінің талпынысына ғана емес, жанындағы адамдардың сенімі мен қолдауына да байланысты. Менің музыка әлеміндегі алғашқы қадамдарымда осындай жандардың болғаны – мен үшін үлкен мүмкіндік.

– «Сұлуым» және «Неге» әндері қалай пайда болды? Олардың артында нақты оқиғалар немесе жасалуына әсер еткен жеке сезімдер бар ма?

– Мен өзім әндердің авторы әрі орындаушысы болғандықтан, әрбір шығармама жеке көзқарасым мен ішкі сезімдерімді енгізуге тырысамын. Мен үшін ән жазу – адамның ішкі әлемінде болып жатқан дүниелерді музыка арқылы жеткізу. Сондықтан әр әннің өзіндік тарихы, пайда болу себебі бар.

Мысалы, «Сұлуым» әнінің негізі белгілі бір кітаптан бастау алады. Сол кітаптан алған әсерім мен ойларым өз өмірімде болған оқиғалармен, алғашқы сезімдеріммен ұштасып, нәтижесінде осы ән дүниеге келді. Шығармада адамның біреуге деген алғашқы ықыласы, ішкі толғанысы мен ерекше сезімдерін жеткізуге тырыстым.

Ал «Неге» әні «Сұлуымнан» бұрын жарық көрген. Бұл шығармада да өзімнің ішкі ойларымды, жан дүниемде болып жатқан сезімдер мен толғаныстарды ән арқылы көрсетуге тырыстым. Жалпы, мен үшін әрбір ән – белгілі бір кезеңнің, оқиғаның немесе сезімнің музыкалық көрінісі. Тыңдарман сол әнді тыңдағанда өз өмірінен де бір ұқсастық тауып, шығармамен эмоционалды байланыс орната алса, меніңше, әннің басты мақсаты орындалғаны.

– Қазір қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз?

– Қазіргі уақытта басты мақсатым – жаңа әндер шығарып, өз тыңдарманымды қалыптастыру. Менің ойымша, әнші үшін ең алдымен оның шығармашылығы маңызды. Себебі тыңдарман әуелі әндері арқылы орындаушыны таниды, содан кейін ғана оның жеке тұлғасына, болмысына қызығушылық танытады.

Сондықтан қазір бір жағынан көпшілікке ұнайтын, тыңдарманның жүрегіне жол таба алатын әндер жазуға, екінші жағынан өзімнің ішкі дүниемнен шыққан шығармаларды ұсынуға басымдық беріп жүрмін. Бұл жерде мен үшін тыңдарманның талғамы мен автор ретінде өз болмысымды жоғалтпау арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Алдағы уақытта шығармашылығым арқылы өз атымды қалыптастырып, тұрақты тыңдарман аудиториясын жинауды көздеймін. Қазіргі таңда бірнеше жаңа әнмен жұмыс істеп жатырмын. Бұйырса, жақын арада тағы бір әнім жарық көреді. Қазір сол туындының тыңдарманға жол тартуын асыға күтіп жүрміз.

– Қазіргі қазақстандық музыка индустриясын қалай бағалайсыз? Ондағы қандай өзгерістер сізді қуантады, ал қандай мәселелер ойландырады?

– Менің ойымша, қазіргі қазақстандық музыка индустриясы өте қарқынды дамып келеді. Әсіресе соңғы жылдары жас буын өкілдерінің музыка саласына белсенді араласып, өз шығармашылығы арқылы танымалдыққа ие болуы қуантады. Бұл – отандық музыка кеңістігінің жаңарып, жаңа есімдермен толығып жатқанын көрсетеді.

Тағы бір маңызды өзгеріс – әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың мүмкіндіктері. TikTok, Instagram сияқты желілер жас орындаушыларға өз шығармашылығын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын әншінің танылуы үшін белгілі бір музыкалық ортаға немесе дәстүрлі ақпарат құралдарына тәуелділік басым болса, қазір әртіс өз еңбегін тікелей тыңдарманға ұсына алады. Бұл біз сияқты өнер жолын енді бастаған жастар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Сонымен қатар қазақ тіліндегі әндердің қайтадан танымалдыққа ие болып, трендке айналып жатқаны да көңіл қуантады. Отандық музыканың сапасы артып, түрлі жанрлар мен жаңа бағыттар дамып келеді.

Дегенмен, ойландыратын тұстары да жоқ емес. Кейде мазмұны мен музыкалық сапасы жағынан аса ерекшеленбейтін шығармалардың қысқа уақыт ішінде үлкен танымалдыққа ие болып кететінін байқаймыз. Ал сапалы, терең мағыналы туындылар кейде кең аудиторияға жете бермейді. Бірақ мұны біржақты бағалауға болмайды. Себебі әр әннің өз тыңдарманы, әр адамның өз талғамы бар. Сондықтан мұндай құбылыстарға түсіністікпен қараймын. Ең бастысы, музыка индустриясында сапалы шығармашылық пен тыңдарман талғамының қатар дамығаны маңызды деп есептеймін.

– Бүгінде көптеген жастар әнші болып, өз аудиториясын қалыптастыруды армандайды. Әлі өз жолын бастамағандарға қандай кеңес берер едіңіз? Олар ең алдымен неге назар аударуы керек?

– Өзім де өнер жолын енді бастап келе жатқан әртіс ретінде жастарға айтар кеңесім – ең алдымен үздіксіз еңбек етіп, үнемі ізденісте болу. Музыка саласында тек таланттың болуы жеткіліксіз. Оны дамыту үшін тәртіп, табандылық, тәжірибе және өзіңе деген сенім қажет. Әр адам өзінің әлсіз тұстарымен жұмыс істеп, кәсіби тұрғыда өсуге ұмтылуы керек.

Менің ойымша, қазіргі заманғы әртіс жан-жақты болуы тиіс. Бірінші кезекте, әрине, ән айту қабілеті, дауыс ерекшелігі мен вокалдық дайындық маңызды. Алайда мұнымен шектелуге болмайды. Сахна мәдениеті, артистизм, көрерменмен байланыс орнату, қажет болған жағдайда би өнерін меңгеру де орындаушының шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Сонымен қатар әнші қазіргі аудиторияның талғамы мен сұранысын түсіне білуі керек. Бірақ бұл тек көпшілікке ұнау үшін өз болмысыңнан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, өзіңнің ішкі сезімдерің мен ойларыңды тыңдарманға түсінікті әрі әсерлі түрде жеткізе білу маңызды. Өйткені әншінің басты міндеттерінің бірі – өзінің шығармашылығы арқылы халықпен, тыңдарманмен эмоционалды байланыс орнату.

Мен де дәл осы бағытта ізденіп, өзімді жан-жақты дамытуға және шығармашылығымды жетілдіруге күш салып келемін. Сондықтан өнер жолына енді қадам басқан жастарға айтарым: асықпаңыздар, өздеріңізді өзгелермен салыстырмаңыздар, ең бастысы – еңбектенуден және ізденуден тоқтамаңыздар. Әр адамның өз уақыты мен өз жолы бар.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз