Қазақстан жастары қандай мамандықтарды таңдайды: еңбек нарығындағы жаңа статистика
Қазақстан жастары арасында педагогика, инженерия, бизнес, басқару және IT салалары танымал болып отыр. Алайда еңбек нарығындағы жағдай жастардың білім алу кезінде таңдаған бағыттарымен әрдайым сәйкес келе бермейді. Жұмыс берушілерге мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінен бөлек, жүргізушілер, жұмысшы мамандар және қызмет көрсету саласының қызметкерлері де қажет. Youth.kz осы материалда оқырман назарына деректер мен статистикалық мәліметтерді келтіреді.
Жастар қандай мамандықтарды таңдайды?
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының соңғы жарияланған деректеріне сәйкес, 2025–2026 оқу жылының басында елдегі 116 жоғары оқу орнында 678,1 мың студент білім алған. Оның 69,5%-ы 17–20 жас аралығындағы жастар болды. Ал 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанының қорытындысында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша 89 457 мемлекеттік білім беру гранты бөлінді, оның 75 371-і бакалавриатқа арналған.
Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған.
Жаңа оқу жылында бірінші курсқа қабылданғандардың ең көп бөлігі педагогикалық ғылымдарды таңдаған. Бұл бағытқа түскендер барлық қабылданған студенттердің 25,4%-ын құрады.
Екінші орында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары тұр. Бұл бағыттарды 16,3% студент таңдаған. Бизнес, басқару және құқыққа байланысты мамандықтарға 14,1% түлек басымдық берген. Ал ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын 11,3% талапкер таңдаған.
Еңбек нарығында кімдерге сұраныс жоғары?
Жұмыс берушілердің нақты сұранысын Электрондық еңбек биржасындағы мәліметтерден көруге болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың тамызында Enbek.kz платформасында 131,6 мың бос жұмыс орны жарияланған. Жұмыс іздеушілер осы кезеңде 145,2 мың түйіндеме орналастырған.
2026 жылдың басынан бері платформада 840,6 мың бос жұмыс орны мен 1 млн-нан астам түйіндеме жарияланған. Тамыз айында ең көп вакансия білім беру саласында тіркелді – 61 мың.
Сонымен қатар қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сондай-ақ құрылыс салаларында да көптеген бос жұмыс орны ұсынылған.
Диплом ғана жеткілікті ме?
Еңбек нарығындағы сұраныс университет дипломымен ғана шектелмейді. Жұмыс берушілерге орта және техникалық білімі бар мамандар да қажет. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының 2026–2035 жылдарға арналған кадрларға қажеттілік болжамында базалық сценарий бойынша осы кезеңде жалдамалы қызметкерлерге жиынтық сұраныс 2,9 млн адамға жуық болады деп көрсетілген.
Болжам бойынша ең көп сұраныс күзетшілерге, әртүрлі жұмысшыларға, ұйымдардың басшыларына, жеңіл автокөлік жүргізушілеріне, орта буын медицина қызметкерлеріне, тазалық қызметкерлеріне, бухгалтерлерге, орта мектеп мұғалімдеріне және науқастарға күтім жасайтын қызметкерлерге түседі.
Жастар еңбек нарығына қалай шығады?
Жас мамандардың алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік беретін құралдардың бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы.
Еңбек министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың ақпан–наурыз айларында бағдарлама аясында 423 адам жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде 124 адам медициналық мейіргер, 66 адам заңгер, 57 адам шет тілі мұғалімі, 47 адам тәрбиеші, 43 адам бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа кірген.
Алдағы жылдары қандай мамандар қажет болады?
Еңбек нарығындағы сұраныс алдағы он жылда да бірқатар дәстүрлі және жаңа бағыттарды қамтиды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес, 2026–2035 жылдары жалдамалы қызметкерлерге деген қажеттіліктің 72%-ы қызмет көрсету секторына тиесілі болады. Қалған 28%-ы өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты нақты секторларға келеді.
Сұраныстың едәуір бөлігі Астана мен Алматыға және оңтүстік өңірлерге шоғырланады. Болжам бойынша жиынтық қажеттіліктің 30%-ы оңтүстік макроөңірге, ал 22%-ы Астана мен Алматы қалаларына тиесілі болады.
2026 жылдың өзінде Enbek.kz платформасында жарияланатын бос жұмыс орындарының саны шамамен 1,2 млн болуы мүмкін. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қысқа мерзімді болжамында бұл көрсеткіш 2025 жылғы деңгейден 9%-ға жоғары болады деп болжанған.
Мамандық таңдағанда нені ескеру керек?
Статистика жастардың педагогика, инженерия, бизнес және IT салаларына қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Сонымен бірге еңбек нарығында медицина, білім беру, көлік, құрылыс, өндіріс және қызмет көрсету салаларына қажеттілік сақталып отыр.
Мамандық таңдауда оның танымалдығына ғана сүйену жеткіліксіз: талапкер еңбек нарығындағы сұранысты, нақты өңірдегі жұмыс орындарының санын, жалақы деңгейін, тағылымдамадан өту мүмкіндігін және болашақта қажет болатын кәсіби дағдыларды да ескергені жөн. Сонымен қатар, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін дипломмен бірге практикалық тәжірибе мен нақты дағдылардың маңызы артып келеді.
Кейбір мамандықтар біртіндеп жойылып жатса, ал басқаларына сұраныс одан сайын артып келеді. Ал тағы кейбір мамандықтар көз алдымызда пайда болып жатыр. Youth.kz қандай мамандықтарда болашағы бар екенін және бүгін қандай дағдыларға назар аудару керектігі жайлы баяндайды.