Қазақстанда студентті қандай жағдайда оқудан шығаруы мүмкін?
Енді студент атанғандарды қандай жағдайда университеттен оқудан шығарылуы мүмкін дген сұрақ толғандырады. Кейде бір емтиханнан құлау немесе бірнеше сабаққа қатыспау бірден оқудан шығуға себеп болады деген түсінік бар. Алайда, мұндай мәселелердің нақты тәртібі заңнамаға және университеттің ішкі ережелеріне тікелей байланысты. Қазақстанның «Білім туралы» заңында академиялық адалдық білім беру процесіндегі маңызды қағидалардың бірі ретінде бекітілген.
Студент қандай жағдайда оқудан шығарылуы мүмкін?
1. Академиялық үлгермеушілік
Студент оқу бағдарламасын талапқа сай меңгермесе немесе академиялық берешегін белгіленген тәртіппен жоймаса, оқудан шығару мәселесі туындауы мүмкін. Оқу үлгерімін бағалау және академиялық берешекті жою тәртібі тиісті нормативтік құжаттармен және ЖОО-ның академиялық саясатымен реттеледі.
Яғни, бір пәннен төмен баға алу автоматты түрде университеттен шығаруды білдірмейді. Көп жағдайда студентке пәнді қайта оқуға немесе емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
2. Академиялық адалдықты бұзу
Плагиат, емтихан кезінде алдау және академиялық жұмысты орындау кезінде адалдық талаптарын бұзу да маңызды негіздердің бірі. Заң бойынша академиялық адалдық – білім беру процесінде сақталуы тиіс негізгі қағидалардың бірі.
Бұл ретте академиялық адалдық ережелерін бұзғаны үшін студентті оқудан шығару туралы шешімді ЖОО өзінің бекітілген қағидаларына сәйкес қабылдай алады.
3. Университеттің ішкі тәртібін бұзу
Студент университеттің ішкі тәртіп қағидаларын және ЖОО жарғысын сақтауға міндетті. Елеулі немесе жүйелі тәртіп бұзушылықтар болған жағдайда оқу орнынан шығару мәселесі қаралуы мүмкін.
Бұл талаптар білім беру ұйымдарындағы ішкі тәртіптің жалпы қағидаларымен реттеледі.
4. Оқу ақысын төлемеу
Ақылы негізде білім алатын студент үшін оқу ақысы білім беру қызметтерін көрсету туралы шартпен реттеледі. Сондықтан, төлем бойынша міндеттемелерді орындамау да студенттің оқуын жалғастыруына әсер етуі мүмкін.
Нақты қандай жағдайда шарт бұзылып, студент оқудан шығарылатыны оның ЖОО-мен жасасқан келісімшартында көрсетіледі.
5. Университет талаптарын орындамау
Студент оқу жоспарын, академиялық күнтізбені және ЖОО белгілеген басқа да міндетті талаптарды орындауы керек. Білім беру ұйымы өзінің ішкі құжаттарында студенттің құқықтары мен міндеттерін және оларды бұзған кездегі жауапкершілік тәртібін нақтылайды.
Сабақтан көп қалу үшін бірден оқудан шығара ма?
Бұл жерде маңызды айырмашылық бар. Сабаққа бір рет немесе бірнеше рет қатыспау автоматты түрде оқудан шығаруды білдірмейді. Бірақ сабаққа жүйелі түрде қатыспау оқу нәтижесіне, емтиханға жіберілуге және академиялық берешекке әкелуі мүмкін. Ал оның салдары ЖОО-ның ішкі қағидаларына байланысты анықталады.
Сондықтан, студент үшін ең маңыздысы – өзінің университетіндегі академиялық саясатты, ішкі тәртіп қағидаларын және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартты білу.
Студенттің өз еркімен оқудан шығуына бола ма?
Студент оқуын өз еркімен тоқтатуға құқылы. Сондай-ақ, білім алушы басқа ЖОО-ға ауысуына байланысты оқу орнын ауыстыра алады. Білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі жеке нормативтік қағидалармен реттеледі.
Оқудан шығару – студенттің кез келген қателігі үшін бірден қолданылатын шара емес. Үлгермеушілік, академиялық адалдықты бұзу, ішкі тәртіп талаптарын орындамау және шарт талаптарын бұзу сияқты жағдайлар студенттің оқуын тоқтатуға негіз болуы мүмкін.
Алайда, нақты шешім қабылдау тәртібі әр ЖОО-ның ішкі құжаттарына байланысты. Сондықтан, студент оқудан шығарылу қаупі туындаған жағдайда алдымен университеттің академиялық саясатын, ішкі тәртіп қағидаларын және білім беру шартын қарап, қандай нақты норма бұзылғанын анықтағаны дұрыс.