Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі: еңбек нарығында қандай үрдістер байқалды?

24 шілде күні Алматыдағы «Almaty Arena» кешенінде жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны «Алматы қаласының әкімдігі» мен «Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының» қолдауымен Алматы қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» ұйымдастырды. Youth.kz тілшісі биылғы еңбек нарығындағы үрдістерді бағамдау мақсатында жәрмеңкеге қатысып қайтты.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатып, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шараға экономиканың түрлі салаларынан 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, 400-ге жуық вакансия бойынша 2 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынды. Нақты сандарды айту қиын, бірақ алғашқы сағатта жәрмеңкені көруге шамамен 200-300 адам келді. Қатысушылардың көпшілігі 22 мен 35 жас аралығындағы жастар. Дегенмен, аға буын өкілдері де белсенді болды. 

Қандай вакансиялар ұсынылды?

Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындарының құрылымы еңбек нарығындағы қазіргі сұранысты айқын көрсетті. Вакансиялардың басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, өндіріс, сауда және қызмет көрсету салаларына тиесілі болды.

Компаниялар әдетте жәрмеңке туралы ұйымдастырушылармен байланыс арқылы біледі. Кейде компаниялар өтінімдерді өздері де береді. Жәрмеңке жиі өткізіледі. Мысалы, соңғы рет Жетісу ауданында 12 маусымда және ҚызПУ-да 4 маусымда өткізілген. 

Ярмарка вакансий. Фото: youth.kz

Мәселен, «№6 қалалық емхана» терапевт пен травматологтарды іздесе, «Maksat Мед» және «Алматы қалалық балалар стоматологиялық емханасы» реанимация бөлімінің медбикелерін жұмысқа шақырды. Ал «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы тәрбиешілер мен терапевтерге сұраныс білдірді.

Өндіріс пен құрылыс саласында да кадр тапшылығы байқалды. «SN-Строй» құрылысшыларды, ал «Титан-Алматы» слесарьларды жұмысқа қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. 

Біз кейбір жастардың тез арада бас тартып, жәрмеңкеден кетіп қалғанын байқадық. Бірақ 40-50 жастағы аға буын өкілдері өздерінің табандылығының арқасында өздерін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Мысалы, «Maksat Мед» шамамен 50 жастағы әйел кісінің нөмірін алып қалып, жақын уақытта жұмысқа орнықтыруға уәдесін берді.

«Nyshan Sheber» ұйымында да осындай жағдай орын алды. 40-50 жастағы бір ер адам олардың үстеліне жақындап, домбырада ойнап, жұмысқа орналасу туралы келіссөз жүргізді.

Нақты статистиканы «Еңбек мобильділігі орталығы» кейін өздерінің ресми сайттарында жариялайды. Бірақ біздің жобалауымыз бойынша, шамамен, түскі сағат 14:00 мен 15:20 аралығында 20-40 шақты адам жұмыс мәселесімен келіскен.

Бақылауымызға сәйкес, оқуын жаңа бітірген түлектер тәжірибесінің жоқтығынан жұмыс таба алмаған. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз