Түйіндемені қалай дұрыс жазу керек?

Жұмыс іздегенде түйіндеме дайындауға ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені, жұмыс берушінің сізді жұмысқа шақыруы осы құжаттан алған алғашқы әсеріне байланысты. Тәжірибеңіз бен біліміңіз жеткілікті болғанымен, оларды түйіндемеде дұрыс көрсете алмасаңыз, жолыңыз болмай қалуы мүмкін. Youth.kz жұмыс берушінің назарын аударып, жұмысқа шақыруға әсер ететін түйіндемені қалай жазу керегін түсіндіреді.

Түйіндемеде қандай ақпарат болуы керек?

Түйіндеме  – адамның білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби дағдылары мен жетістіктері туралы қысқаша мәлімет беретін құжат. Оның мақсаты – жұмыс берушіге сіздің ұсынылып отырған қызметке лайық екеніңізді көрсету.

Europass платформасының нұсқаулығына сәйкес, түйіндемеде жұмысқа қажетті ақпаратты нақты әрі түсінікті етіп жазған жөн. Құжат бір немесе екі беттен аспауы керек.

Байланыс деректерін көрсетіңіз

Түйіндеменің басында аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді және электрондық пошта мекенжайыңызды жазыңыз. Егер бос орында үміткердің белгілі бір қалада тұруы немесе сол қалада болуы талап етілсе, тұратын қалаңызды да көрсетуге болады. Электрондық поштаңызды үнемі тексеріп отырыңыз. Өйткені,  кейде жұмыс беруші жауабын осында жіберуі мүмкін.

Қандай қызметке орналасқыңыз келетінін жазыңыз

Жұмыс іздеп жүрген лауазымыңызды нақты көрсетіңіз. Мысалы, журналист, SMM маманы, есепші немесе бағдарламашы.

Егер бірнеше салада жұмыс іздесеңіз, әр қызметке жеке түйіндеме дайындаған дұрыс. Мысалы, журналист қызметіне мақала жазу мен ақпарат жинау тәжірибесін, ал SMM маманы қызметіне әлеуметтік желілерді жүргізу дағдыларын сипаттап жазуға болады.

Жұмыс тәжірибесі мен жетістіктеріңізді көрсетіңіз

Соңғы жұмыс орныңыздан бастап, компанияның атауын, лауазымыңызды және жұмыс істеген кезеңіңізді жазыңыз. Негізгі міндеттеріңіз бен жетістіктеріңізді де қысқаша түсіндіріңіз.

Мысалы, «әлеуметтік желілерді жүргіздім» деп қана қоймай, контент-жоспар әзірлегеніңізді, жарнамалық науқан өткізгеніңізді немесе жазылушылар санын арттырғаныңызды көрсетуге болады.

Жұмысыңыздың нәтижесін санмен көрсету мүмкіндігі болса, оны да пайдаланыңыз. Бірақ,көрсеткіштер шынайы болуы керек.

Егер бұрын жұмыс істемеген болсаңыз, тағылымдамаңызды, еріктілік қызметіңізді немесе оқу кезінде қатысқан жобаларыңызды қосуға болады.

Біліміңіз туралы ақпарат қосыңыз

Кейде түйіндемеде оқыған пәндер мен алған бағаларды да көрсетеді. Мысалы, Big4 компанияларына жұмысқа орналасқанда бұл ақпарат маңызды болуы мүмкін. Ол үміткердің білімі мен кәсіби дайындығы компанияның талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға көмектеседі. 

Мамандыққа қатысты курстардан өтіп, сертификат алсаңыз, оларды түйіндемеге қосуға болады. 

Дағдыларыңыз бен тіл білу деңгейіңізді жазыңыз

Түйіндемеде қандай компьютерлік бағдарламаларды қолдана алатыныңызды көрсетуге болады. Мысалы, мәтін теруге арналған Word, кесте жасауға арналған Excel, презентация дайындайтын PowerPoint, дизайн жасауға арналған Canva, фото мен видео өңдейтін Photoshop және CapCut бағдарламаларын жаза аласыз. Егер әлеуметтік желілерді жүргізе алсаңыз, оны да көрсетіңіз. Ең бастысы, өзіңіз қолдана алатын бағдарламаларды ғана тізіп, оларды қаншалықты меңгергеніңізді көрсетіңіз. 

Шет тілдерден қандай тілдерді білетініңізді де көрсетіп қойыңыз.

Хобби туралы ақпаратты тек жұмысқа қатысы болған жағдайда қосқан жөн.

Қосымша ақпаратты да қосуға болады

Жұмысқа қажетті сертификаттар, жүргізуші куәлігі немесе басқа да біліктіліктер туралы мәлімет беруге болады.

Бұрынғы басшыңыз немесе әріптесіңіз сіз туралы пікір бере алса, оның байланыс деректерін түйіндемеге енгізбес бұрын келісіп алған дұрыс болады.

Түйіндемеде нені жазбаған дұрыс?

Түйіндемеге жұмысқа қатысы жоқ жеке мәліметтерді, ұзақ өмірбаянды немесе бұрынғы жұмыстан кету себебін жазудың керегі жоқ..

Сондай-ақ, растай алмайтын жетістіктер мен өзіңізде жоқ дағдыларды жазбаңыз. Түйіндемеде көрсетілген ақпарат шынайы болуы керек.

Қазақ тіліндегі түйіндеме үлгісі
Төмендегі үлгіні өз мәліметтеріңізбен толтырып, өтініш беретін жұмыс орнына қарай бейімдеуге болады.

ТҮЙІНДЕМЕ

Аты-жөні: Аты-жөніңіз

Телефон нөмірі: Байланыс нөміріңіз

Электрондық пошта: Электрондық поштаңыз

Қала: Тұратын қалаңыз

Қалаған лауазымыңыз: Қандай қызметке орналасқыңыз келеді?

Білімі

  • Оқу орны: университет немесе колледж атауы
  • Мамандығы: бітірген мамандығыңыз
  • Оқу кезеңі: оқуға түскен және бітірген жылдарыңыз

Жұмыс тәжірибесі

  • Ұйымның атауы мен лауазымыңыз
  • Жұмыс істеген кезеңіңіз
  • Негізгі міндеттеріңіз
  • Қол жеткізген жетістіктеріңіз

Егер жұмыс тәжірибеңіз болмаса, тағылымдамаңызды немесе оқу кезіндегі жобаларыңызды жазыңыз.

Кәсіби дағдылар

  • Мамандыққа қатысты қабілеттеріңіз
  • Компьютерлік бағдарламаларды меңгеру деңгейіңіз

Тіл білу деңгейі

  • Қазақ тілі
  • Орыс тілі
  • Ағылшын тілі
  • Қосымша ақпарат
  • Курстар мен сертификаттар
  • Қосымша білім
  • Жұмысқа қатысты басқа мәліметтер

Бұған дейін жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық парағын қандай жағдайда төлейтінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз