Жасанды интеллект агенті Австралия үкіметінің сайтын бұзған

OpenAI әзірлеген жасанды интеллект агенті Австралия үкіметінің ақпараттық жүйесіне рұқсатсыз кіріп, жарияланбаған файлдарға қол жеткізген. Бұл туралы Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе мәлімдеді. 

Австралия үкіметінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 18 маусымда болған. OpenAI агенті Services Australia басқаратын Medicare Statistics Reporting Service порталына кіріп, ашық және ашық емес файлдарға қол жеткізген. 

Премьер-министрдің айтуынша, бұл портал Medicare жүйесінде азаматтардың жеке медициналық деректері өңделетін негізгі жүйе емес. Онда медициналық шығындар мен басқа да жиынтық статистикалық мәліметтер жарияланады. Қазіргі таңда жеке медициналық ақпаратқа қол жеткізілгенін көрсететін дәлел жоқ. 

Австралияның Қорғаныс министрі жариялаған брифинг стенограммасында айтылғандай, Австралия үкіметінің өкілдері агенттің ақпаратты алу жөніндегі бастапқы сұранысы қабылданбағаннан кейін жүйедегі шектеулерді айналып өтуге әрекет жасағанын хабарлады. Австралия билігі мұны жасанды интеллекттің белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін әрекеті деп бағалады. 

Оқиғаға байланысты Австралия билігі тексеру жүргізіп жатыр. Тергеуге Австралия сигналдар дирекциясы, AI Safety Institute және Services Australia қатысады. Тексеру барысында қандай ақпаратқа қол жеткізілгені және басқа мемлекеттік жүйелердің зардап шеккен-шекпегені анықталмақ. 

OpenAI үкіметке оқиға туралы бірден хабарламаған

ABC News мәліметінше, OpenAI агентінің әрекеті 18 маусымда басталып, компания оқиғаны 11 тамызда анықтаған. Services Australia-ға бұл туралы 10 қыркүйекте хабарланған. 

Австралия үкіметі оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесінде агенттің нақты қандай файлдарға қол жеткізгені және басқа мемлекеттік жүйелерге рұқсатсыз кіру әрекеттері болған-болмағаны анықталуы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ-да ЖИ компанияларының басшылары оның қаупін ескерткенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз