Петропавлда танымал суретші Станислав Алерт бес тәулікке қамауға алынды
Петропавлда танымал суретші Станислав Алерт қоқыс контейнерлеріне бояумен «KISS ME» деп жазғаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Оқиғаға қатысты видео Instagram әлеуметтік желісінде тараған. Кадрларда ер адамның Петропавл қаласындағы Ульянов көшесі, 55-үйдің маңындағы қоқыс контейнерлеріне жазу жазып жатқанын көруге болады.
«Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол құқық бұзушылықты жойды. Жазуларды бояп, қоқыс контейнерлерін тиісті қалпына келтірді», – деп хабарлады полиция.
Кейін бұл істі Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қарады. Сот қаулысына сәйкес, Станислав Алерт қоқыс контейнерлеріне аэрозоль бояуымен «KISS ME» деген жазу түсіргенін мойындаған.
Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Суретшінің өзі не дейді?
Қамауға алынар алдында Станислав Алерт әлеуметтік желіде видео жариялап, өз нұсқасын айтты.
«Мен әлемдік деңгейдегі білікті суретшімін, картиналарым Берлин мен Париждегі галереяларда тұр. Мен қоқыс жәшіктеріне «KISS ME» деп жазған суретшімін. Бұл видеоролик үшін жасалды. Мен Берлин галереясының резидентімін. Жазуды жазып, бірден қайта бояп тастадым. Қызметкерлермен бірге келген кезде жазулар әлдеқашан боялып қойылған еді. Бірақ сот мені кінәлі деп танып, бес тәулікке қамауға алды. Қазір мені қамап жатыр», – деді ол.
Станислав Алерт – Солтүстік Қазақстанда стрит-арт жұмыстарымен танымал суретші. Ол граффитимен мектеп кезінен айналысады. Бұған дейін суретші полиция қызметкерлерімен бірге есірткі жарнамасы бар жазуларды бояп, олардың орнына қабырғаларға суреттер салған. Алерт сонымен қатар би өнерімен айналысып, балалар мен жасөспірімдерге арналған би мектебін ашқан. Ол «Танцы на ТНТ» тележобасына да қатысқан.
Айта кетейік, бұған дейін адам құқығы қалай бұзылатынын жазған едік.