Адам құқығы қалай бұзылады
Жақында Алматыда Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің ұйымдастыруымен адам құқықтарына арналған семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам құқықтарының мәнін түсіндіру және олардың қоғамдағы рөлін тереңірек ұғындыру.
Семинар барысында қатысушыларға адам құқықтарының тарихы, негізгі қағидаттары және олардың қазіргі демократиялық қоғамдағы маңызы жан-жақты түсіндірілді. Бағдарлама құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға және жастардың қоғамдағы жауапкершілік түсінігін нығайтуға бағытталды.
Шараны МИСК бас директоры Ирина Медникова және ұйымның атқарушы директоры Талғат Меңдібай бастап, адам құқықтары жайлы терең әрі жүйелі түсіндірме берді. Олар адам құқықтарын тек заңдық нормалар жиынтығы ретінде емес, әр адамның қадір-қасиетін, теңдігін және еркіндігін қорғайтын негізгі құндылықтар жүйесі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.
Тренерлердің айтуынша, адам құқықтары – күнделікті өмірмен тікелей байланысты ұғым. Олар жастарға өз құқықтарын білу ғана емес, оларды қорғау жолдарын меңгеру де маңызды екенін айтып, құқықтық сауаттылықтың артуы қоғамның дамуына тікелей әсер ететінін жеткізді. Сонымен қатар, нақты өмірлік мысалдар арқылы құқық пен жауапкершілік арасындағы байланысты түсіндіріп өтті.
«Азаматтық қоғам әлсіреп кетті»
Семинардың арнайы қонағы ретінде қоғам белсендісі және саясаткер Дінмұхамед Қаматай шақырылып, ол «Саяси шешімдерді қабылдауға қатысу» тақырыбында, азаматтық қоғамның қазіргі жағдайы мен адам құқықтарының өзекті мәселелері туралы ой қозғады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда азаматтық қоғам белгілі бір қиындықтарға тап болып отыр.
«Азаматтық қоғам соңғы екі жылда өте қатты әлсіреп кетті», – деді ол.
Ол бұл жағдайды қоғамдағы саяси және әлеуметтік факторлармен байланыстырып, әсіресе құқық қорғау саласындағы қысымдардың әсерін атап өтті.
«Көптеген азаматтар түрмеге түсті: Марат Жыланбаев, Думан Мұхаммедкәрім, Айгерім Тілеужанова…тағы басқа. Журналистерге болып жатқан қысым азаматтық қоғамды қатты әлсіретіп жатыр», – деді спикер.
Дінмұхамед Қаматайдың пікірінше, қазіргі уақытта адам құқықтарының бұзылуы көбіне саяси сала мен журналистикада көрініс табады.
Сондай-ақ ол азаматтық қоғамның болашағына қатысты оптимистік көзқарасын білдірді: «Билік халықпен, қоғаммен конструктивті диалогты құрса, сол уақытта қазақтың жағдайы, болашағы жарқын болады».
Сонымен қатар, ол құқықтарды қорғаудағы негізгі қиындықтардың бірі ретінде әлеуметтік теңсіздікті де атады.
«Неге адамдар құқықтарын қорғай алмайды көбісі? Себебі ақша жоқ. Адвокат жұмысы – миллион, кем дегенде 500 мың. Ондай қаражат жоқ халықта», – деді жас саясаттанушы.
Ол құқықтық мәдениетті арттырудың жолдарына тоқталып, құқықтық білім беруді мектептер мен жоғары оқу орындарына енгізу қажеттігін атап өтті.
«Мен негізі жастарға сенемін. Еңбектің тек біліммен емес мінезбен де өлшенетінін, ел мүддесін жеке мүддеден жоғары қою – нағыз азаматтық қасиет екені деп білемін», – деді сөз соңында Дінмұхамед Қаматай.
«Адам құқықтарының бұзылуы» деген не екенін түсіндім»
Семинар барысында қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, өз әсерлерімен де бөлісті. Қатысушылардың бірі – Асия Сұлтанбекова адам құқықтары тақырыбына қатысты жаңа түсініктер алғанын атап өтті.
«Бүгін не үйрендіңіз?» деген сұраққа ол былай жауап берді:
«Мен «құқық бұзушылық» пен «адам құқықтарының бұзылуы» ұғымдарының айырмашылығын білдім. Ағылшын тілінде бұл екі түрлі термин екен: violation of human rights және offense. Бұған дейін бұл айырмашылықты білмеппін».
Семинарда ерекше назар аударылған маңызды тұстардың бірі – осы екі ұғымның айырмашылығы. Мамандардың түсіндіруінше, адам құқықтарының бұзылуы көбіне мемлекет немесе ресми тұлғалардың әрекеттерімен байланысты болса, ал құқық бұзушылық – заңмен жазаланатын нақты іс-әрекет (мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе жол ережесін сақтамау).
Тағы бір қатысушы, Сая Мәулеш, семинардың өзі үшін пайдалы әрі әсерлі өткенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл шара адам құқықтарының әртүрлі бағыттары бар екенін түсінуге мүмкіндік берген.
«Бұл семинар мен үшін өте қызықты әрі пайдалы болды. Адам құқықтарының әртүрлі саласы бар екенін және әр адам өз құқығын білуі керек екенін түсіндім. Сонымен қатар өзіме жаңа орта тауып, осы салаға қызығушылығы бар адамдармен таныстым», – дейді бойжеткен.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай семинарлар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға да ықпал етеді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар адам құқықтары бойынша пікір алмасып, өз сұрақтарын қойды. Семинар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық қоғам туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.