Қазақстанның басты партиялары қалай құрылды?
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Оған жеті саяси партия қатысады. Youth.kz партиялардың қалай құрылғанын, оларды кімдер басқарғанын және қандай саяси жолдан өткенін баяндайды.
«Ақ жол»
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 2000 жылдардың басында құрылды. Партия 2002 жылғы 3 сәуірде ресми тіркеуден өтті.
Партияның негізін қалаушылардың қатарында Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов және Ораз Жандосов болды. Олар жаңа саяси бірлестіктің тең төрағалары болып сайланды. Кейін партия басшылығы кеңейіп, 2003 жылы тең төрағалар қатарына Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбаев та қосылды.
«Ақ жолдың» құрылуы 2000 жылдардың басындағы демократиялық қозғалыспен байланысты болды. Сол кезеңде Қазақстанда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істеді. Алайда ұйым ішінде келіспеушіліктер пайда болды. Оның бір бөлігі жеке партия құру жолын таңдады. Осылайша «Ақ жол» дүниеге келді.
Партия көп ұзамай парламенттік тәжірибе жинақтай бастады. 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында «Ақ жол» ресми мәлімет бойынша 12,04 пайыз дауыс алып, бір мандатқа ие болды.
Алайда көп ұзамай партия ішінде елеулі қайшылықтар пайда болды. 2005 жылы тең төрағалық институты жойылып, Әлихан Бәйменов партияның жеке дара төрағасы болып сайланды. Бірқатар саясаткер бұл шешіммен келіспей, партия қатарынан шықты. Олардың арасында Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбаев болды. Кейін олар жеке саяси ұйым – «Нағыз Ақ жол» партиясын құрды.
Кейін «Ақ жол» дербес партия ретінде жұмысын жалғастырды. Қазір партия өзін «конструктивті оппозиция», кәсіпкерлер мүддесін қорғайтын партия және «Алаш» қозғалысының идеяларын жалғастырушы күш ретінде таныстырады.
2023 жылғы Мәжіліс сайлауында «Ақ жол» 8,41 пайыз дауыс алып, партиялық тізім бойынша алты мандат иеленді.
«Ауыл»
«Ауыл» партиясы 2000 жылы 30 қаңтарда құрылды. Сол күні партияның құрылтай съезі өтті. Мемлекеттік тіркеуден 2000 жылғы 29 наурызда өтті. Алғашында партия «Ауыл» шаруа социал-демократиялық партиясы деп аталды.
Партияның негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамыту. Әр жылдары «Ауыл» фермерлерді қолдау, аграрлық өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін көтерді.
Ұзақ уақыт бойы партия сайлауларға қатысқанымен, Мәжілістен орын ала алмады. Дегенмен өңірлік деңгейде жұмысын жалғастырып, мәслихаттарда өкілдік етті.
2015 жылы партия тарихында маңызды ұйымдастырушылық өзгеріс болды. Кезектен тыс съезде «Ауыл» Қазақстан патриоттары партиясымен бірігу туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін партия «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы деген атауға ие болды.
Кейін партияның ел көлеміндегі саяси белсенділігі арта түсті. 2019 жылы президент сайлауына партия атынан Төлеутай Рахымбеков кандидат ретінде ұсынылды. Ал 2022 жылы «Ауыл» президенттік сайлауға Жигули Дайрабаевтың кандидатурасын ұсынды.
Партия үшін ең маңызды нәтиже 2023 жылғы парламенттік сайлауда тіркелді. «Ауыл» 10,9 пайыз дауыс алып, партиялық тізім бойынша сегіз мандатқа ие болды. Бұл партия тарихында алғаш рет Мәжіліске өтуі еді.
«Әділет»
«Әділеттің» тарихы екі түрлі партиямен байланысты. Жаңадан құрылған «Әділет» партиясы және бұрынғы билік партиясы Amanat.
Алдымен «Отаннан» бастайық. 1999 жылғы 19 қаңтарда президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штаб «Отан» республикалық саяси партиясы болып қайта құрылды. Сол жылдың наурыз айында партияның құрылтай съезі өтті. Оның құрамына Қазақстанның халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030» қозғалысы сияқты бірнеше саяси ұйымның өкілдері кірді.
Алғашқы жылдары «Отан» біртіндеп елдегі ең ірі саяси күштердің біріне айналды. 2006 жылы партия бірнеше саяси ұйыммен бірікті. Атап айтқанда, 2006 жылғы 4 шілдеде өткен кезектен тыс съезде «Асар» партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды. Сол жылдың желтоқсанында «Отан» «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып қайта өзгертілді.
Кейін партияның атауы тағы бірнеше рет өзгерді. 2013 жылы атауынан «халықтық-демократиялық» деген анықтама алынып тасталып, партия «Нұр Отан» деп аталды. 2019 жылы атауы латын қарпіне ауыстырылып, Nur Otan болды. Ал 2022 жылғы 1 наурызда өткен кезектен тыс съезде партия Amanat аталды.
Партияның атауын өзгерту 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін болып, саяси жүйені қайта құру үдерісінің бір бөлігіне айналды. Сол съезде Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы қызметінен кетіп, партияны Ерлан Қошанов басқарды. Тоқаев партияны жаңартып, «Жаңа Қазақстан» міндеттеріне басымдық беру қажеттігін айтқан.
Келесі өзгеріс 2026 жылы болды.
Жаңа «Әділет» партиясы 2026 жылғы мамырда құрылды. Оның құрылтай съезі 7 мамырда Астанада өтіп, төрағалыққа Айбек Дадебай сайланды. Маусым айында партия үшін маңызды саяси өзгеріс болды: 12 маусымда Amanat съезінде «Әділетке» қосылу туралы шешімді қолдады. 14 маусымда «Әділет» партиясының съезі де бұл шешімді мақұлдады.
«Байтақ»
«Байтақ» жасылдар партиясы біздің тізімдегі саяси күштердің ішінде кейінірек құрылғанымен, оның тарихы 2015 жылдан басталады. Сол кезде Азаматхан Әміртаев пікірлес азаматтарымен бірге «Байтақ-Болашақ» экологиялық қозғалысын құрды. Бастамаға халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі ретінде танымал Олжас Сүлейменов те қосылды. Белсенділер экологиялық акциялар мен жобалар өткізіп, қоршаған ортаға зиян келтіреді деп есептеген қызмет түрлеріне қарсы шықты.
2019 жылы қозғалыс мүшелері толыққанды саяси партия құру туралы шешім қабылдап, алғаш рет тіркеуге құжат тапсырды. «Байтақтың» мәліметінше, кейінгі төрт жыл ішінде құжаттарды 18 рет тапсыруға тура келген. 2022 жылғы 23 тамызда партия құрылтай съезін өткізуге рұқсат алды.
Съезд 23 қыркүйекте Алматыда өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 1450 делегат қатысты. Екі айдан кейін, 2022 жылғы 28 қарашада Әділет министрлігі партияны тіркеді. Оның төрағасы болып Азаматхан Әміртаев сайланды.
«Байтақ» тарихындағы алғашқы сайлау 2023 жылғы наурызда өтті. Партия Мәжіліс пен мәслихаттарға шамамен 200 кандидат ұсынды. Нәтижесінде партия 146 431 дауыс немесе шамамен 2,3 пайыз дауыс жинап, Мәжіліске өте алмады.
2026 жылы «Байтақ» сайлауға қайта қатысып отыр. 20 шілдеде Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына партиялық тізімді тіркеді. Қазіргі сайлау науқанында «Байтақ» экологиялық және әлеуметтік мәселелерге басымдық беріп отыр.
Халық партиясы
Қазақстан Халық партиясының тарихы 2004 жылдан басталады. Партия бұған дейін жұмыс істеп келген Қазақстан Коммунистік партиясының ішіндегі бөлінуден кейін құрылды.
Қазақстан Коммунистік партиясының бір топ мүшесі Ерасыл Әбілқасымовтың жетекшілігімен партия басшылығымен келіспей, бөлек саяси ұйым құруға шешім қабылдады. 2004 жылғы сәуірде жаңа саяси ұйымның құрылтай съезі өтіп, оған Қазақстан Коммунистік халық партиясы деген атау берілді. Сол жылдың маусымында партия мемлекеттік тіркеуден өтті.
Алғашқы жылдары партия Мәжіліске өте алмады. 2004 және 2007 жылдардағы сайлауда қажетті межеден аса алған жоқ. Саяси бетбұрыс 2012 жылғы сайлауда болды, партия парламенттен орын алды.
Келесі ірі өзгеріс 2020 жылы болды. Партия атауындағы «коммунистік» сөзінен бас тартып, Қазақстан Халық партиясы деген атауға ие болды.
Әлеуметтік бағыт оның бағдарламасының негізгі бөлігі болып қала берді. Партия жалдамалы жұмысшылардың мүддесін қорғау, әлеуметтік саясат, білім мен медицинаның қолжетімділігі, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау мәселелеріне басымдық береді.
2023 жылғы Мәжіліс сайлауында Халық партиясы 6,8 пайыз дауыс алып, партиялық тізім бойынша бес мандатқа ие болды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 2006 жылғы 10 қыркүйекте құрылды. Партияның құрылтай съезі Алматыдағы Республика сарайында өтті. Оған еліміздің әр өңірінен шамамен 2500 делегат қатысты. Партия төрағасы болып Жармахан Тұяқбай сайланды.
Ол кезде Тұяқбай танымал саясаткер еді. Ол Мәжіліс төрағасы және Қазақстанның Бас прокуроры қызметтерін атқарған. Кейін оппозициялық лагерьдің белгілі өкілдерінің біріне айналды.
2007 жылғы қаңтарда ЖСДП мемлекеттік тіркеуден өтті. Партия парламенттік сайлауларға қатысқанымен, ұзақ уақыт бойы Мәжілісте өкілдігі болған жоқ.
Маңызды кезең 2009 жылы болды. Сол жылы ЖСДП «Азат» демократиялық партиясымен бірікті. Жаңа ұйым ЖСДП «Азат» деп аталды. Партияның тең төрағалары Жармахан Тұяқбай мен «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов болды. Ал бас хатшылыққа Әміржан Қосанов тағайындалды.
Алайда бұл бірігу ұзаққа созылмай, кейін партия бұрынғы ЖСДП атауына қайта оралды.
Тағы бір маңызды оқиға 2019 жылы болды. Кезектен тыс президенттік сайлау қарсаңында ЖСДП сайлауға қатыспау туралы шешім қабылдап, бойкот жариялады. 26 сәуірде өткен кезектен тыс съезде Жармахан Тұяқбай партия төрағасы қызметінен кетті. Оның орнына журналист Ермұрат Бапи сайланды. Сол кезде партия ЖСДП «Ақиқат» деген атауға ие болды.
Кейін ЖСДП бұрынғы атауын қайтарды. Ал Бапи партия жарғысының талаптарын бұзғаны үшін қызметінен босатылды.
2023 жылғы парламенттік сайлауда партия алғаш рет партиялық тізім бойынша Мәжілісте өкілдікке ие болды. ЖСДП 5,2 пайыз дауыс жинап, төрт мандат алды.
Respublica
Respublica партиясы 2022 жылдың соңында құрылды. Партияның құрылтай съезі 3 желтоқсанда өтті. Ал 2023 жылғы 18 қаңтарда Әділет министрлігі Respublica-ны ресми тіркеді. Осылайша, партия Қазақстанда тіркелген жетінші саяси ұйым атанды.
Партияның құрылуына кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және бизнес өкілдері атсалысты. Оның белгілі құрылтайшылары мен жетекшілері қатарында Айдарбек Қожаназаров, Бейбіт Әлібеков, Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова және Қуаныш Шонбай болды.
Respublica өз саяси бағдарламасында кәсіпкерлікті қолдауға, экономиканы дамытуға, цифрландыруға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуына басымдық берді.
Партияның ерекшеліктерінің бірі – оның танымал кәсіпкерлер мен медиада жүрген тұлғаларды біріктіруі. Сондықтан Respublica құрылған сәттен бастап әлеуметтік желілер мен цифрлық аудиториямен белсенді жұмыс істеді.
Партия тіркелгеннен кейін бірнеше ай өткен соң-ақ Парламенттен орын алды. 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында Respublica 8,59% дауыс жинап, алты мандатқа ие болды.
Осылайша, жаңа партия үшін бұл жылдам нәтиже болды. 2022 жылғы желтоқсандағы құрылтай съезінен кейін бірнеше ай ішінде парламенттік өкілдікке қол жеткізді.
Айта кетейік, жоғарыда аталған партиялардың барлығы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысады.