Студентке жатақханадан орын бермесе, не істеу керек?

Жаңа оқу жылы басталған кезде студенттер үшін ең маңызды мәселелердің бірі – жатақханадан орын алу. Бірақ, барлық студентке бірдей орын жетпеуі мүмкін. Кейде студенттің өтініші қабылданбайды немесе оған жатақханадан орын беруден бас тартылады. Мұндай жағдайда студент не істей алады? Жатақхана беруден бас тартуға шағым жасауға бола ма? Youth.kz осы мәселелерді зерделеп көрді.

Жатақхана кімдерге беріледі?

Қазақстанда ЖОО жатақханаларындағы орындарды бөлу арнайы қағидалармен реттеледі. 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №219 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидалары» бойынша жатақханадағы орындар білім алушылардың қажеттілігі мен белгіленген кезек  ескеріле отырып бөлінеді. 

Яғни, орын бөлу кезінде университет студенттердің жағдайын және белгіленген тәртіпті ескеруі керек.

Орынды кім бөледі?

Жатақханадағы орындарды университеттің өзі қалағанынша бөліп бере салмайды. Қағида бойынша бұл жұмысты конкурстық комиссия жүзеге асырады.

Өтініштер қаралғаннан кейін комиссия жатақханадан орын беру туралы шешім қабылдайды. Қолданыстағы қағидада комиссияның өтінішті қарау қорытындысы бойынша екі жұмыс күні ішінде шешім қабылдайтыны көрсетілген. 

Сондықтан, студентке «орын жоқ» деп ауызша ғана жауап берілсе, оның нақты себебін анықтаған дұрыс.

Бас тартса, студентке не берілуі керек?

Бұл жерде маңызды норма бар. Жатақхана беру – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бірі. Қағидаға сәйкес, қызмет көрсету нәтижесі ретінде студентке жатақханадан орын беру туралы жолдама немесе дәлелді бас тарту беріледі. 

Яғни, студентке жай ғана «жатақхана жоқ» деп ауызша айтып қою жеткіліксіз болуы мүмкін. Бас тартудың негізі көрсетілуі керек.

Егер бас тартумен келіспесе не істейді?

Бірінші кезекте студент университетке жазбаша түрде жүгінгені дұрыс. Мысалы, жатақхана мәселесіне жауапты бөлімге немесе комиссияға «Жатақханадан орын беруден бас тартудың себебін және шешімнің құқықтық негізін жазбаша түрде беруді сұраймын» деп өтініш бере алады.

Кейін шешімге шағымдануға студенттің қолында ресми жауаптың болуы мүмкіндік береді.

Университет шешіміне шағым жасауға бола ма?

Егер студент комиссия шешімімен келіспесе, ол белгіленген тәртіппен шағым бере алады.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне шағым жасау тәртібі де аталған қағидаларда қарастырылған. Сондықтан, студент алдымен университеттен ресми бас тарту құжатын алып, содан кейін шағымдану тәртібін пайдалана алады. 

Бос орындар туралы ақпарат қайда жарияланады?

Қағидада ЖОО-лардағы жатақханаларда бос орындардың болуы туралы ақпарат университеттердің ресми сайттарында ай сайын жариялануы тиіс деп көрсетілген. 

Сондықтан, студентке «барлық орын бос емес» деген жауап берілсе, университет сайтындағы жатақханалар туралы ақпаратты тексеруге болады.

Жағдайы қиын студенттерге орын беріле ме?

Қағидада студенттің күтпеген отбасылық, материалдық және басқа да жағдайларға байланысты тұрғын үйге мұқтаж болуы ескерілетіні көрсетілген.

Яғни, студенттің әлеуметтік немесе материалдық жағдайы қиын болса, бұл мәселе комиссия қарауында ескерілуі мүмкін. 

Бұл ретте мұндай жағдай автоматты түрде жатақханадан орын беріледі дегенді білдірмейді. Бірақ, студент өз жағдайын растайтын құжаттарды ұсынса, оны өтініште көрсету маңызды.

Жатақхана берілмесе, қайда жүгінуге болады?

Ең дұрысы – мәселені бірден бірнеше жерде емес, кезең-кезеңімен шешу.

Бірінші қадам – университеттің жатақханаға жауапты бөліміне немесе комиссиясына жазбаша өтініш беру.

Екінші қадам – бас тартудың ресми себебін алу.

Үшінші қадам – егер студент шешіммен келіспесе, университет белгілеген шағымдану тәртібін пайдалану.

Ал егер мәселе шешілмесе, білім беру саласына жауапты мемлекеттік органға немесе мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша уәкілетті органдарға жүгіну мүмкіндігін қарастыруға болады.

Қысқаша не істеу керек?

Егер студентке жатақханадан орын бермесе:

1. Бас тартудың нақты себебін сұрау керек.
2. Жазбаша түрде дәлелді бас тарту беруді талап етуге болады.
3. Университеттің сайтынан жатақханадағы бос орындар туралы ақпаратты тексеру керек.
4. Егер әлеуметтік немесе материалдық жағдайы ерекше болса, оны растайтын құжаттарды қоса беру қажет.
5. Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда, белгіленген тәртіппен шағым беруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз