Қазақстанда бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады

Қазақстанда Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Соған сәйкес, бұған дейінгі екі палаталы Парламенттің орнына заң шығару қызметін атқаратын бір палаталы Құрылтай құрылады. Қазақстанның жаңа бір палаталы Парламенті – Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. 

Жарлықта былай делінген.

«Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын», –  делінген құжатта

Құрылтай қалай жасақталады?

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заңға сәйкес, Құрылтай – Қазақстан Республикасында заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Яғни, бұдан былай заңдарды қабылдау және елдің заң шығару саясатын қалыптастыру осы органның құзыретіне жатады.

Құрылтай өз жұмысын Конституцияға, Конституциялық заңға, өзге де заңдарға және Құрылтай Регламентіне сәйкес жүргізеді. Оның қызметі заңдылық, жариялылық, алқалылық, саяси әралуандық және депутаттардың теңдігі қағидаттарына негізделген.

Заңға сәйкес Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар:

  • жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде;
  • жасырын дауыс беру арқылы;
  • біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша;
  • пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланады.

Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Құрылтайдың өкілеттігі алғашқы сессия ашылған сәттен басталып, келесі шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде аяқталады.

Құрылтайдың негізгі өкілеттіктері

Конституциялық заңның 6-бабында Құрылтайдың кең ауқымды өкілеттіктері белгіленген.

Атап айтқанда, Құрылтай:

  • конституциялық заңдарды қабылдайды;
  • Президент қарсылық білдірген заңдарды қайта қарайды;
  • соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша шешім қабылдайды;
  • Президенттің ұсынысымен Қазақстан Қарулы Күштерін халықаралық міндеттемелерді орындау үшін пайдалану туралы шешім шығарады;
  • Президент сайлауын жариялайды;
  • республикалық референдум өткізу туралы бастама көтереді;
  • Президенттің Вице-президентті және Премьер-Министрді тағайындауына келісім береді;
  • Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді;
  • Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлайды және қызметінен босатады;
  • Үкіметке сенімсіздік вотумын жариялай алады;
  • республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін қарайды және бекітеді;
  • Конституциялық Сот пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін тыңдайды;
  • Үкімет мүшелерінің қызметі жөніндегі есептерін қарайды;
  • парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізеді;
  • өзінің Регламентін қабылдап, комитеттері мен комиссияларын құрады.

Бұл өкілеттіктер Құрылтайдың заң шығарумен қатар атқарушы билікке парламенттік бақылау жүргізетін негізгі саяси институт екенін көрсетеді.

Құрылтайдың жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Заңның екінші тарауы Құрылтай қызметінің ұйымдастырылу тәртібіне арналған.

Құрылтайдың алғашқы сессиясын Президент сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақырады. Төраға сайланғанға дейін алғашқы отырысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жүргізеді.

Кезекті сессиялар жыл сайын қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі. Қажет болған жағдайда Президент немесе депутаттардың кемінде үштен бірінің бастамасымен кезектен тыс сессия шақырылуы мүмкін.

Құрылтай отырысы депутаттардың кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды деп есептеледі. Жалпы отырыстар ашық түрде өтеді, алайда Регламентте көзделген жағдайларда жабық отырыстар өткізуге мүмкіндік берілген.

Құрылтай төрағасы

Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттардың арасынан сайланған төраға басқарады.

Төраға лауазымына кандидатураны Президент ұсынады, ал оны депутаттар жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.

Төрағаның негізгі міндеттері:

  • Құрылтай сессияларын ашу;
  • пленарлық отырыстарға төрағалық ету;
  • заң жобаларын қарауды ұйымдастыру;
  • Құрылтай актілеріне қол қою;
  • Бюро жұмысына жетекшілік ету;
  • Регламенттің сақталуын қамтамасыз ету.

Егер дауыс беру кезінде дауыстар тең түссе, шешуші дауыс құқығы Құрылтай төрағасына беріледі.

Құрылтай бюросы

Құрылтай қызметін үйлестіретін негізгі орган – Құрылтай Бюросы.

Оның құрамына:

  • Құрылтай Төрағасының орынбасарлары;
  • тұрақты комитеттердің төрағалары;
  • Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілері кіреді.

Бюро комитеттердің жұмысын үйлестіріп, пленарлық отырыстардың күн тәртібін қалыптастырады және заң жобаларын қарау кезектілігін белгілейді.

Комитеттер мен комиссиялар

Заң шығару жұмысының негізгі бөлігі тұрақты комитеттерде жүргізіледі.

Комитеттер заң жобаларын әзірлеп, алдын ала қарап, қорытынды дайындайды. Ал комиссиялар Конституцияда көзделген арнайы мәселелерді қарау үшін құрылады.

Бұл органдар өз құзыреті шегінде қаулылар қабылдап, Құрылтай жұмысының тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді.

Құрылтай сайлауына 7 партия қатысады

Орталық сайлау комиссиясы 23 тамыздағы сайлауға 7 партияны жіберу туралы қаулы қабылдады. 

«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігін, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясын, «Әділет» саяси партиясын, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясын, Қазақстан халық партиясын, «Respublica» партиясын және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын жіберу туралы қаулы қабылдансын», – деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. 

Айта кетейік, құрылтай сайлауын өткізуге 71 мың адам жұмылдырылады. Олар сайлау комиссиясының құрамында қызмет етеді. Саяси науқанға 12,5 млн адам қатысып, дауыс беру құқығына ие болады. Сайлаушыларға 10 мың учаске қызмет көрсетеді. Оның 82-сі шет елдердегі бөлімшелер.

Сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына 2 тамызға дейін беріледі. Азаматтар өзін тізімнен 7 тамыздан бастап тексере алады. Осы күннен бастап дауыс беру құқығын басқа учаскеде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін есептен шығару куәліктері де беріле бастайды. Оларды беру 22 тамыз күні сағат 18:00-де аяқталады.

Бір палаталы Құрылтай – Қазақстандағы парламенттік реформаның негізгі бағытының бірі. Ол халық сайлаған депутаттардан құрылып, заң шығару қызметін жүзеге асырады. Жаңа жүйе мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, заң қабылдау рәсімін жеңілдетуге және саяси жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз