«Тоқаев таяуда сайлау өткізу туралы шешім қабылдауы мүмкін» – Шульман

Конституциялық сот президентті қоса алғанда бірқатар лауазымды тұлғаны тағайындау және сайлау санына қатысты нормаларды қолдану тәртібін түсіндіретін мәлімдеме жасады. 

Соттың қаулысына сәйкес, егер адам 1995 жылғы Конституция бойынша президент қызметін атқарған болса, бұл факт 2026 жылғы жаңа Конституция бойынша президенттікке сайлануына кедергі болып саналмайды.

Соттың логикасы бойынша, жаңа Конституциядағы шектеулер оны қолданысқа енгізген сәттен бастап, яғни 2026 жылғы 1 шілдеден бастап есептеле бастайды. Ал бұрынғы Конституция бойынша атқарылған мерзімдер мен тағайындаулар бұл есепке кірмейді.

Осы түсіндірмеге сәйкес, қазіргі құқықтық тәртіп бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысу құқығына ие болуы мүмкін.

«2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек. Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі», – делінген Конституциялық сот мәлімдемесінде.

Тоқаев жақын уақытта сайлау өткізу туралы шешім қабылдауы мүмкін

Ресейлік саясаттанушы Екатерина Шульман «Статус» бағдарламасында Қазақстандағы соңғы конституциялық өзгерістер мен олардың саяси жүйеге ықпалы туралы талдау жасады.

Оның айтуынша, елдегі жағдайды бағалағанда тек биліктің риторикасына немесе жекелеген оқиғаларға сүйену жеткіліксіз. Шульманның пікірінше, саяси жүйенің сипатын анықтайтын негізгі белгі – биліктің ауысу мүмкіндігі және басшылардың өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін қызметтен кетуге дайындығы.

«Авторитарлық риторика адамды автократ етпейді. Дәстүрлі құндылықтар туралы айту да автоматты түрде автократияны білдірмейді. Бірақ бір белгі ешқашан қателестірмейді. Бұл мерзімі аяқталғанда қызметтен кеткісі келмеу», – деді ол.

Саясаттанушы Қазақстан Конституциялық сотының шешіміне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция қабылданғанға дейінгі құқықтық қатынастар жаңа нормалармен реттелмейді деген шешім қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі сайлауға қатысу мүмкіндігін сақтауы мүмкін.

«Бір ғана жеті жылдық мерзім болады, бірақ ол тек келесі жылдан бастап есептеледі», – дейді Шульман.

Ол бұл жағдайды «нөлдендіру» ұғымымен байланыстырды. Саясаттанушы мұндай тәжірибені бұрын Ресейдегі саяси процестермен салыстырып, енді осыған ұқсас механизмдер Қазақстанда да пайда болуы мүмкін екенін айтты.

Шульман Қазақстандағы өзгерістерді посткеңестік кеңістіктегі жеке тұлғаға негізделген билік жүйелерімен салыстырды. Оның пікірінше, мұндай жүйелерде билікті ұзақ уақыт сақтау үшін заңнамалық және конституциялық өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы сайлау тәжірибесіне тоқталды. Саясаттанушының айтуынша, елде президент сайлауларының көпшілігі белгіленген мерзімде емес, мерзімінен бұрын немесе кезектен тыс өткен.

«Қазақстандағы сайлау дәстүрі сайлауды ешқашан белгіленген уақытта өткізбеумен ерекшеленеді», – деді ол.

Шульманның болжамынша, егер президент Тоқаев Конституциялық сот шешімі берген мүмкіндікті пайдаланса, ол жақын саяси кезеңде сайлау өткізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Саясаттанушы өз сөзінде Қазақстандағы процестерді басқа посткеңестік мемлекеттердің тәжірибесімен салыстырып, мұндай өзгерістердің саяси жүйенің болашағына әсер ететінін атап өтті.

Шульман президенттің Конституциялық сот шешімі берген мүмкіндікті пайдаланудан бас тарту ықтималдығын өте төмен деп бағалайтынын айтты. Дегенмен, оның пікірінше, мұндай шешім ел мүддесін бірінші орынға қоятын саяси қадам болар еді.

«Егер президент Тоқаев Конституциялық сот берген мүмкіндікті пайдаланбаса, бұл халықтың игілігін ойлайтын мемлекеттік қайраткердің ақылды қадамы болар еді» – дейді саясаттанушы.

Конституциялық сот мүшелері мен заңгерлер заңның мазмұнын қорғауы тиіс

Ресейлік саясаттанушы Екатерина Шульман Қазақстан мен Ресей Конституциялық соттарының билікке қатысты шешімдеріне баға берді.

«Көбіне қарапайым адамдарды азаптауға  қарсы тұрмағаны үшін, біреуді құлатпағаны немесе қарсылық білдірмегені үшін кінәлайды. Бірақ билік ресурсы бар, білімді, қауіпсіз өмір сүретін адамдар биліктің осындай сұраныстарына жауап бергенде, дәл осы шешімдерді қабылдайды. Олар артықшылықты құқықтан жоғары қояды, адалдықты кәсіби ар-ұжданнан жоғары қояды», – деді ол.

Шульманның айтуынша, қоғам көбіне қарапайым азаматтардың әрекетін сынайды, алайда билік өкілдері мен кәсіби мамандардың, әсіресе заң саласындағы тұлғалардың жауапкершілігіне жеткілікті назар аудармайды. Оның пікірінше, билікке тәуелді шешім қабылдайтын заңгерлер өз кәсіби міндетін және құқықтық қағидаларды қорғауы керек.

«Егер сіз заңгер, құқықтанушы және конституционалист болсаңыз, сізде өмірден де қымбат болуы тиіс міндет бар. Бұл – кәсіби адалдық. Сіз өз сеніміңізге қарсы әрекет ете алмайсыз», – дейді саясаттанушы.

Сарапшы Конституциялық сот мүшелері мен заңгерлер заңның рухы мен мазмұнын қорғауы тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, биліктің белгілі бір шешімдерін заңдастыруға мүмкіндік беру кейінгі саяси салдарға олардың да жауапты болуына әкеледі.

Шульман биліктің заңдық негізін қалыптастыратын институттар мен олардың өкілдері ерекше жауапкершілікке ие деп есептейді. Оның пікірінше, заңгерлер биліктің талабын орындаудан бұрын құқықтық қағидалар мен кәсіби этиканы басшылыққа алуы керек. Сондай-ақ ол Қазақстандағы қазіргі саяси жағдайдың әрі қарай қалай дамитыны президенттің шешімдеріне байланысты деп есептейді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз