«Қазақстан экофорумы» қауымдастығы Аруна Ортаеваны босатуды талап етті
«Қазақстан экофорумы» қауымдастығы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Бас прокуратураға және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге үндеу жолдап, экобелсенді Аруна Ортаеваны босатуды және оны қудалауды тоқтатуды талап етті.
2026 жылғы 29 тамызда Алматыда бұған дейін Көкжайлау шатқалын құрылыс салудан қорғау мақсатында БҰҰ Бас хатшысына жүгінген белсенді Аруна Ортаева қамауға алынды. Оның қамауға алынуына Алматы әкімдігінде Іле-Алатау ұлттық паркінде шипажай салуға қатысты өткен жабық жиынның жазбасын жариялауы себеп болуы мүмкін.
Жазбада болжам бойынша шенеуніктер мен құрылыс салушылар Қызыл кітапқа енгізілген Сиверс алмасының 700 ағашын кесу және қоғамдық тыңдауларды манипуляциялау арқылы заң талаптарын айналып өту жолдарын талқылаған.
«Қазақстан экофорумы» қауымдастығы төрайымы Светлана Могилюктің 2026 жылғы 3 қыркүйектегі мәлімдемесінде белсенділерді қудалау Қазақстан Конституциясы мен Орхус конвенциясын бұзатыны айтылған.
Экологияны қорғаушылар 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау жобасының қалаға қажет емес екенін мәлімдегенін еске салды. Алайда, олардың айтуынша, шенеуніктер ел басшылығын жаңылыстыруды жалғастырып отыр.
«Қазақстан экофорумының» мемлекеттік органдарға қойған талаптары:
- Аруна Ортаеваны дереу босатып, оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату;
- аудиожазбада айтылған мәселелер бойынша шенеуніктердің әрекетін сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік қызмет талаптарын бұзу тұрғысынан тексеру;
- Іле-Алатау ұлттық паркі аумағындағы заңсыз жұмыстар мен құрылысты тоқтату.