Оқумен қатар жұмыс істеу: студент нені білуі керек?

Көп студент оқуымен қатар қосымша жұмыс істейді. Бірақ, жұмысқа орналасқан кезде кейбірі өз құқықтарын біле бермейді. Студенттің жұмыс уақыты қанша болуы керек? Жұмыс беруші оқуына байланысты демалыс беруге міндетті ме? Еңбек шарты жасалуы керек пе? Youth.kz осы мәселелерді зерделеп көрді.

Студент оқумен қатар жұмыс істей ала ма?

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңында студенттердің оқуын жұмыспен, оның ішінде сабақтан бос уақытта қатар алып жүруге құқығы көрсетілген. Бұл дегеніміз студенттің білім алуына кедергі келтірмейтін жағдайда жұмыс істеуіне заң тыйым салмайды. Яғни, студент жұмысқа орналасқанда оның студент екені еңбек шартын жасауға кедергі емес дегенді білдіреді.

Еңбек шарты міндетті ме?

Егер студент жұмысқа ресми орналасса, жұмыс берушімен еңбек шарты жасалуы керек. Еңбек шарты қызметкердің қандай жұмыс атқаратынын, жалақысын, жұмыс уақытын және басқа да негізгі талаптарды анықтайды.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша жұмысқа қабылдау еңбек шарты негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан, студент «уақытша ғана жұмыс істеймін» деп еңбек шартынсыз жұмыс істемеуге тырысқаны дұрыс.

Студент күніне қанша сағат жұмыс істей алады?

Мұнда студенттің жасына және жұмыс түріне байланысты айырмашылық бар. Егер студент кәмелетке толған болса, жалпы жұмыс уақыты әдетте аптасына 40 сағаттан аспауы керек. Бұл норма ҚР Еңбек кодексінің 68-бабында белгіленген. 

Бірақ, студент үшін оқуымен қатар жұмыс істеудің ең ыңғайлы тәсілі –  толық емес жұмыс уақыты. Мысалы, күніне 4-6 сағат немесе аптасына бірнеше күн жұмыс істеу туралы жұмыс берушімен келісуге болады.

Толық емес жұмыс уақыты қызметкердің еңбек құқықтарын жоймайды. ҚР Еңбек кодексі бойынша мұндай режимде жұмыс істейтін адам жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына және еңбек өтіліне қатысты құқықтарынан айырылмайды.

Оқу үшін жұмыстан босату керек болса ше?

Бұл жерде оқу демалысы мәселесі туындайды. ҚР Еңбек кодексінің 98-бабына сәйкес, қызметкерге білім алу үшін оқу демалысы берілуі мүмкін. Оның ұзақтығы мен ақы төлену тәртібі білім беру ұйымының анықтамасы және еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген талаптарға байланысты болады. 

Сондықтан, емтихан, аттестаттау немесе дипломдық жұмысты дайындау кезінде жұмыстан уақытша босату қажет болса, студент бұл мәселені жұмыс берушімен алдын ала келісіп, тиісті құжаттарды ұсынуы керек.

Алайда, оқу демалысының берілуі барлық студентке автоматты түрде бірдей мерзімге және міндетті түрде толық жалақымен беріледі деген сөз емес. Жағдай оқу нысанына, білім беру бағдарламасына және еңбек шартына байланысты болуы мүмкін.

Жұмыс беруші студенттің оқуына жағдай жасауға міндетті ме?

Егер жұмыс пен оқу қатар жүріп жатса, жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы келісім маңызды. ҚР Еңбек кодексінің 118-бабында жұмыс берушінің қызметкерлердің кәсіптік даярлық, қайта даярлау және біліктілігін арттыруы үшін жағдай жасауына қатысты нормалар бар. Оқу мен жұмысты қатар алып жүруге байланысты шарттар еңбек немесе ұжымдық шартта да белгіленуі мүмкін. 

Алайда, бұл кез келген студент үшін жұмыс беруші барлық сабаққа міндетті түрде босатуы керек дегенді білдірмейді. Егер студентке нақты оқу демалысы қажет болса, оның заңдағы негізін және қажетті құжаттарды ескеру керек.

Студенттің еңбек демалысы қалай беріледі?

Студенттің студент болғаны үшін жыл сайынғы еңбек демалысы қысқармайды.

ҚР Еңбек кодексінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердің еңбек жағдайына сәйкес берілетіні белгіленген. Ал толық емес жұмыс уақытында істейтін қызметкер де жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқығын сақтайды. 

Яғни, студент жарты күн жұмыс істесе де, бұл оның еңбек демалысына қатысты негізгі құқықтарын жоймайды.

Егер студент кәмелетке толмаған болса ше?

Кәмелетке толмаған студенттерге еңбек заңнамасында қосымша кепілдіктер бар. Оларға жұмыс уақыты бойынша шектеулер қойылады және денсаулығына, оқуына зиян келтірмейтін жұмыс түрлеріне ғана рұқсат етіледі.

Сондықтан, 18 жасқа толмаған адамның жұмысқа орналасуында оның жасы ерекше маңызды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші кәмелетке толмаған қызметкерлерге арналған еңбек заңнамасының арнайы талаптарын сақтауға тиіс. 

Студент жұмысқа орналасқанда нені тексеруі керек?

Жұмысқа кірмес бұрын студент:

  • еңбек шарты жасалғанын;
  • жалақы мөлшері мен төлеу мерзімін;
  • жұмыс күнінің ұзақтығын;
  • демалыс күндерін;
  • оқуына байланысты босату немесе оқу демалысы қарастырылған-қарастырылмағанын;
  • жұмыстың ресми түрде рәсімделгенін тексергені дұрыс.

Егер оқу мен жұмысты қатар алып жүру қиын болса, толық емес жұмыс уақытын белгілеу туралы жұмыс берушімен келісуге болады. ҚР Еңбек кодексі мұндай жұмыс режиміне мүмкіндік береді және ол қызметкерді еңбек құқықтарынан айырмайды. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз