Құрылтай сайлауы алдында сайлаушылардың қандай құқықтары бар?
Сайлау кезінде тек өз учаскеңіздің қай жерде орналасқанын ғана емес, сайлаушы ретінде қандай құқықтарыңыз бар екенін де білу маңызды. Дауыс беруден бас тартуға бола ма? Азамат кімге дауыс бергенін айтуға міндетті ме? Егер біреу сайлаушыға қысым көрсетсе, не істеу керек? Youth.kz сайлаушылар мен сайлаудың басқа да қатысушыларына не рұқсат етілетінін және қандай әрекеттерге тыйым салынатынын түсіндіреді.
Кім дауыс бере алады және сайлау учаскесін қалай табуға болады?
Қазақстанның 18 жасқа толған азаматтары дауыс беру құқығына ие. Сайлау құқығы – жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы, ал дауыс беру – құпия түрде жүзеге асырылады.
Алайда бұл жерде ерекшеліктер бар. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдар сайлауға қатыса алмайды.
Сайлау алдында өзіңіздің сайлаушылар тізіміне енгізілгеніңізді және қай учаскеде дауыс беретініңізді алдын ала тексерген жөн. Сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын eGov және Sailau сервистері, сондай-ақ eGov Mobile қосымшасы арқылы білуге болады. Ол үшін ЖСН қажет.
Егер деректеріңізде қате барын байқасаңыз немесе өзіңізді сайлаушылар тізімінен таппасаңыз, учаскелік сайлау комиссиясына жүгінуге болады.
Егер 23 тамызда өзіңіз тіркелген сайлау учаскесінде болмайтын болсаңыз, заң басқа учаскеде дауыс беруге мүмкіндік береді. Ол үшін есептен шығару куәлігі қажет. Құрылтай сайлауы үшін мұндай куәліктер 7 тамыздан 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі.
Дауыс беруден бас тартуға болады
Сайлауға қатысу – ерікті әрекет. Әр азамат өзінің сайлау құқығын пайдалануды немесе пайдаланбауды өзі шешеді.
Ешкім сізді сайлауға баруға мәжбүрлей алмайды немесе керісінше сайлауға қатысуға тыйым сала алмайды. Мұндай қысымға оны кім көрсеткеніне қарамастан жол берілмейді. Мысалы, жұмыс беруші, басшы, оқытушы, туыс немесе басқа адам сайлаушыға қысым жасай алмайды.
Сайлаушының еркіндігі тек сайлауға қатысуға қатысты емес. Ол өз таңдауын да еркін жасауы керек. Заң күш қолдану, алдау, қорқыту немесе сатып алу арқылы азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына кедергі келтіруге тыйым салады.
Сондықтан белгілі бір партияға дауыс беруді талап ету, ал оның орнына қандай да бір пайда ұсыну немесе қорқыту – азаматтың еркін таңдау құқығын бұзу болып саналады.
Таңдауыңызды құпия сақтауға болады
Сайлаудың негізгі қағидаларының бірі – дауыс беру құпиясы. Сайлаушының қалай дауыс бергенін бақылауға жол берілмейді.
Бюллетень құпия дауыс беруге арналған арнайы кабинада толтырылады. Басқа адам сіздің қандай белгі қойғаныңызды көру үшін жаныңызда тұра алмайды.
Сайлау учаскесінен шыққаннан кейін де сайлаушы кімге дауыс бергенін айтуға міндетті емес. Бұл кез келген адамға қатысты. Сол себепті ешкім сізден толтырылған бюллетеньді көрсетуді немесе өз таңдауыңызды қандай да бір жолмен дәлелдеуді талап ете алмайды.
Бұған денсаулығына байланысты бюллетеньді өздігінен толтыру үшін көмек қажет сайлаушыларға қатысты ерекшелік қарастырылған. Мұндай жағдайда басқа сайлаушы заңда белгіленген тәртіппен оған көмектесе алады.
Барлық сайлаушының құқығы тең
Әр сайлаушының бір дауысы бар. Заң бойынша азаматтың сайлауға қатысу құқығы оның шығу тегіне, әлеуметтік немесе мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, наным-сеніміне, тұрғылықты жеріне және басқа да жағдайларға байланысты шектелмеуі тиіс.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жағдайлар қарастырылған. Сайлау учаскелері олар үшін қолжетімді болуы керек. Көру қабілеті бұзылған адамдарға бюллетеньдерді толтыру үшін Брайль қарпімен жасалған трафареттер мен аудионұсқалар қарастырылған.
Егер адам денсаулығына байланысты немесе заңда көзделген басқа себептермен сайлау учаскесіне өздігінен келе алмаса, ол үй-жайдан тыс жерде дауыс бере алады.
Құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
Егер сайлаушы өзінің құқықтары бұзылды деп есептесе, сайлау комиссиясына арыз немесе шағым түсіре алады.
Егер мәселе қысым көрсетуге, қорқытуға, сатып алуға немесе басқа да заң бұзушылыққа қатысты болса, мүмкіндігінше жағдайды растайтын материалдарды сақтап қойған жөн.
Оларға хабарламалар, құжаттар, жазбалар немесе жағдайды дәлелдей алатын басқа да материалдар жатады.