Қоқыс, аула, автотұрақ және ит үшін де міндет жүктеледі
Қазақстанда қалалар мен ауылдық елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға қатысты жаңа үлгілік қағидалар бекітілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа құжатта аулалардағы, көшелердегі, тұрғын үйлердің, сауда нысандарының және құрылыс алаңдарының маңындағы аумақтарды күтіп ұстау бойынша жауапкершілік нақты айқындалған. youth.kz тұрғындарға тікелей әсер етуі мүмкін негізгі өзгерістерді саралады.
Жаңа қағидалар тек әкімдіктер мен коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана қатысты емес. Құжатта тұрғын үй мен ғимарат иелеріне, кәсіпкерлерге, құрылыс компанияларына, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға және үй жануарларын асыраушыларға қойылатын талаптар да нақты белгіленген.
Тұрғындарға қатысты негізгі өзгерістерді назарларыңызға ұсынамыз.
Жеке тұрғын үйлердің меншік иелері үйдің қасбеті мен қоршауларының жай-күйін бақылап, оларды уақытылы жөндеп, сырлап отыруға міндетті.
Сонымен қатар олар:
- үйге нөмірлік белгі орнатып, оның көрнекі әрі жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге;
- жер учаскесін таза әрі ұқыпты ұстауға;
- іргелес аумақтағы қоқысты тазалауға;
- арамшөптер мен карантиндік өсімдіктерді шабуға;
- өз аумағындағы жасыл желектерді күтіп-баптауға;
- маңайдағы аумақтың қалдықтармен ластануына жол бермеуге тиіс.
Бұдан бөлек, іргелес аумақта құрылыс материалдарын, отынды, тыңайтқыштарды, көңді және басқа да заттарды сақтауға тыйым салынады. Сондай-ақ бұл аумақтарда автокөліктерді, тіркемелерді және қоларбаларды ұзақ уақытқа қалдыруға болмайды.
Қоқыс пен жөндеу жұмыстарына қатысты қандай талаптар енгізілді?
Жаңа қағидаларға сәйкес, қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға тастауға болмайды. Егер біреу қоқысты белгіленбеген жерге төксе, оны өз қаражаты есебінен жинап, қажет болған жағдайда аумақты бастапқы қалпына келтіруге міндетті.
Сондай-ақ жөндеу жұмыстарынан шыққан құрылыс қалдықтарын қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарға жинауға тыйым салынады. Мұндай қалдықтарды жөндеу жұмыстарын жүргізген тұлғалар арнайы белгіленген орындарға өздері шығаруы тиіс.
Бұдан бөлек, ортақ пайдаланылатын аумақтарда қоқыс өртеуге рұқсат етілмейді. Ал жаз мезгілінде от жағуға, жапырақтарды, қоқысты, қаптамаларды және басқа да қалдықтарды өртеуге толық тыйым салынады.
Іргелес аумақ деп нені айтады?
Қағидаларда «іргелес аумақ» ұғымы нақты айқындалған. Бұл – ғимаратқа, құрылыс нысанына, қоршауға, құрылыс алаңына, сауда немесе жарнама объектісіне жанасып жатқан, оның периметрі бойынша 5 метрге дейінгі аумақ.
Ғимараттар мен үй-жайлардың, түрлі құрылыстар мен уақытша нысандардың меншік иелері, сондай-ақ жер учаскелерінің иелері немесе жалға алушылары осы аумақтың тазалығы мен күтіміне өздері жауап береді. Қажет болған жағдайда бұл жұмыстарды арнайы ұйымдарға тапсыруға болады, бірақ шығынды меншік иесі немесе пайдаланушы өзі көтереді.
Қарапайым тілмен айтқанда, енді ғимараттың немесе кез келген нысанның айналасындағы тазалық пен тәртіп сол объектінің иесі не пайдаланушысының тікелей міндеті болып саналады.
Қоқыс жәшіктері, дәретханалар және бұқаралық іс-шаралар
Жаңа талаптарға сәйкес алаңдарда, көшелерде, саябақтар мен стадиондарда, вокзалдарда, базарларда, аялдамаларда, сауда нысандарының, кинотеатрлардың, дүңгіршектердің және басқа да қоғамдық орындардың жанында қоқыс жәшіктері орнатылуы тиіс.
Қоқыс жәшіктері толуына қарай уақытылы тазартылып отыруы қажет. Адамдар көп шоғырланатын орындарда оларды тәулігіне кемінде бір рет босату міндеттеледі. Қоқыс жәшіктерінің шамадан тыс толуына жол берілмейді.
Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар іс-шара өткен аумақ пен оған іргелес жерлердің тазалығын қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда бүлінген абаттандыру элементтерін қалпына келтіруге міндетті.
Сонымен қатар базарларда, зираттарда, құрылыс алаңдарында, маусымдық дәмханаларда, қоғамдық тамақтану орындарында, жанармай құю бекеттерінде, автожуу орындарында, техникалық қызмет көрсету станцияларында, демалыс аймақтарында, жағажайларда, саябақтарда және қоғамдық көлік бағыттарының соңғы аялдамаларында стационарлық дәретханалар қарастырылуы қажет. Егер орталық кәріз жүйесі болмаса, қызметкерлер мен келушілер үшін биодәретханалар орнатылуы тиіс. Мұндай нысандарда әжетхана шұңқырларын пайдалануға рұқсат етілмейді.
Үй жануарларының иелері үшін міндеттер
Елді мекендерде үй жануарларын серуендетуге арнайы аумақтар белгіленіп, тиісті ақпараттық тақтайшалармен жабдықталуы тиіс.
Ал үй жануарларының иелері серуен кезінде жануарлары қалдырған қалдықтарды жинап, тазалауға міндетті болады.
Ауладағы автотұрақтарға қойылатын талаптар
Жаңа қағидаларда автотұрақтар мен аула аумақтарын ұйымдастыруға қатысты талаптар да нақты көрсетілген.
Аулалар мен ортақ пайдаланылатын аумақтарды жобалау кезінде көліктердің көгалдар мен жасыл аймақтарға кіруіне жол бермейтін арнайы физикалық кедергілер қарастырылуы тиіс.
Сонымен қатар тұрғын үй аулалары мен кварталішілік жолдарда темірбетон блоктарын, бағаналарды, қоршауларды және басқа да бөгеттерді өз бетінше орнатуға тыйым салынады.
Тұрғын үй маңындағы аумақтарда автокөліктерді:
- тұраққа арналмаған орындарға;
- тротуарларға;
- балалар алаңдарына;
- жасыл желек егілген аумақтарға;
- қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарға және олардың маңына қоюға болмайды.
Сондай-ақ пайдаланылмайтын немесе бөлшектелген көліктерді аулада тұраққа қалдыруға рұқсат етілмейді.
Балалар және спорт алаңдары
Балалар мен спорт алаңдары тұрақты түрде тазаланып, қыс мезгілінде қардан аршылып, техникалық тұрғыдан жарамды жағдайда ұсталуы тиіс. Сондай-ақ олардың құрылымдары мен жабдықтары уақытылы сырланып отыруы қажет.
Мұндай алаңдардағы қоршаулар мен басқа да нысандарды жылына кемінде бір рет сырлау міндеттеледі.
Алаңдарды жаңғырту немесе жөндеу кезінде балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуы керек. Атап айтқанда, жер бетіне шығып тұрған ағаш тамырлары, төмен салбыраған бұтақтар, ескі жабдықтардың қалдықтары, жерге көмілмеген металл конструкциялар және басқа да жарақат алу қаупін тудыратын элементтер алынып тасталуы тиіс.
Қар мен көктайғаққа қатысты талаптар
Қыс мезгілінде жолдар мен тротуарлар көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмейтіндей жағдайда ұсталуы қажет.
Жолдың жүру бөлігін қардан тазарту жұмыстары қар жауа бастаған сәттен-ақ дереу басталуы тиіс. Ал көшелер, жолдар мен тротуарлар қар тоқтағаннан кейін 48 сағат ішінде толық тазартылуы керек.
Қар жауған немесе көктайғақ пайда болған кезде тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтары арнайы көктайғаққа қарсы материалдармен өңделуі тиіс. Бұл жұмысты жүргізуге қар жауған сәттен бастап алты сағаттан артық уақыт берілмейді.
Сонымен бірге қарды шығару кезінде қоғамдық көлік аялдамаларына, жаяу жүргіншілер өткелдеріне, көпірлерге, жол өткелдеріне, адамдар көп жиналатын орындарға, медициналық мекемелер мен басқа да әлеуметтік нысандардың кіреберістеріне басымдық беріледі.
Шатырлар мен мұз сүңгілеріне қатысты талаптар
Жаңа қағидаларға сәйкес, ғимараттардың шатырлары мен маңдайшалары қар мен мұздан қажеттілігіне қарай тазартылып отыруы тиіс. Бұл жұмыстар айына кемінде бір рет жүргізілуі қажет.
Егер шатырларда, карниздерде, балкондарда, су ағатын құбырларда немесе маңдайшаларда жиналған қар мен мұз адамдардың қауіпсіздігіне немесе ғимаратқа қауіп төндірсе, олар дер кезінде жойылуы керек.
Шатырларды тазалау жұмыстары басталардан кемінде 24 сағат бұрын ғимарат иелері тұрғындарды немесе үй-жай иелерін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер немесе мобильді байланыс арқылы хабардар етуге міндетті.
Люктер, нөсер су жүйелері және жарықтандыру
Бақылау және жаңбыр суын қабылдайтын құдықтар, люктер, торлар мен арық жүйелері әрдайым жабық әрі жарамды күйде болуы тиіс.
Ашық немесе зақымданған құдықтар анықталған жағдайда инженерлік желілердің иелері оларды бір сағат ішінде қоршап, ескерту белгілерін орнатуы қажет. Ал бүлінген қақпақтар мен торлар бес сағаттан кешіктірілмей ауыстырылуы тиіс.
Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, аулалардың, саябақтар мен скверлердің, витриналардың, жол белгілері мен көрсеткіштердің сыртқы жарықтандыруы қараңғы уақытта үздіксіз жұмыс істеуі керек.
Ортақ пайдаланылатын орындардағы істен шыққан шамдардың саны олардың жалпы санының 10 пайызынан аспауы тиіс. Сонымен қатар бірнеше істен шыққан шамның қатар орналасуына жол берілмейді.
Құрылыс алаңдарына қойылатын талаптар
Құрылыс алаңдары таза әрі тәртіпті жағдайда ұсталуы қажет. Қоршаулардың бетінде жазулар, суреттер, жарықтар, ойықтар немесе басқа да бүлінген жерлер болмауы тиіс.
Құрылыс алаңынан асфальтталған жолға дейінгі кіреберіс жолдардың қатты жабыны болуы міндетті.
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші құрылыс барысында бүлінген жолдарды, тротуарларды және абаттандыру элементтерін қалпына келтіруге тиіс.
Сондай-ақ топырақты, қоқысты, сусымалы материалдарды, жапырақтарды, шөпті немесе кесілген ағаштарды тасымалдау кезінде олардың жолға шашылып кетуіне жол бермеу қажет. Мұндай жүктер брезентпен немесе басқа да қорғаныс материалымен жабылуы тиіс.
Тағы қандай маңызды өзгерістер бар?
Құжатта жаяу жүргіншілерге, қоғамдық көлік пен велосипед қозғалысына басымдық беру, арық жүйелерін сақтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру және қалалық ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қамтылған.
Айта кету керек, бұл құжатта нақты айыппұл түрлері көрсетілмеген. Онда аумақтарды абаттандыруға, күтіп ұстауға және тазалауға қатысты жалпы үлгілік талаптар белгіленген. Ал нақты елді мекендердегі ережелер жергілікті табиғи, климаттық, геологиялық және сейсмикалық ерекшеліктер ескеріле отырып әзірленеді.