Өз қалаңызда тегін спорт алаңдары мен секцияларын қалай табуға болады?
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге спортпен тегін айналысуға мүмкіндік беретін бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі ресми мәлімет бойынша 4-17 жастағы 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысып жүр. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінген.
Тегін секцияны қайдан іздеу керек?
Ең алдымен өз қалаңыздың немесе облысыңыздың әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайттарын тексерген жөн. Себебі тегін секцияға жазылу тәртібі өңірге қарай өзгереді.
Қазақстанның мемлекеттік порталындағы нұсқаулыққа сәйкес, ата-ана немесе баланың заңды өкілі мемлекеттік тапсырыс орналасқан ақпараттық жүйе арқылы электронды өтініш беріп, баланы кезекке қояды. Одан кейін балаға спорт секциясына қатысуға арналған ваучер беріледі.
Ваучер деген не?
Ваучер – мемлекет баланың спорт секциясына қатысуына бөлетін қаржыны бекітетін электронды құжат. Ресми түсіндірмеде ваучерде бала туралы ақпаратпен қатар, ол қатысатын секция және бөлінген қаржы туралы мәлімет тіркелетіні жазылған.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша секцияға орын босаса, ақпараттық жүйе кезектегі балалардың арасында орындарды бөледі. Бұл туралы Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлаған.
Қай өңірде қандай жүйе қолданылады?
Бірыңғай жүйе барлық өңірде бірдей емес. 2026 жылдың қыркүйегіне дейінгі пилоттық жобаға Атырау, Қарағанды, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Астана, Ақтөбе және Шымкент қалалары қатысады. Бұл өңірлерде ваучер кезегін әртүрлі ақпараттық жүйелер жүргізеді. Мысалы, Астана мен Шымкентте Qosymsha, Ақтөбеде DaraBala, ал Атырауда Mindal24.kz және Lira жүйелері пайдаланылады. Бұл туралы ҚР мемлекеттік порталындағы ресми нұсқаулықта жазылған.
Алматыда қалай?
Алматыда мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша Damubala.kz жүйесі пайдаланылады. Мысалы, Бостандық ауданының әкімдігі 2026 жылғы 1 маусымда осы жүйеде балаларды мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша кезекке тіркеу ашылғанын хабарлады. Спорт бағыты бойынша 1000 орын қарастырылып, оның 700-іне ваучер бөлінген.
Алматының Алмалы ауданында да балаларды тегін спорт секцияларына қабылдау бойынша хабарландырулар жарияланып отырады. Мысалы, аудан әкімдігі каратэ, қазақ күресі, байдарка мен каноэде есу, бокс сияқты секциялардың нақты мекенжайлары мен жаттығу уақыттарын көрсеткен. Сондай- ақ, Алмалы ауданы әкімі аппараты сайтында Алматыда балалар қай спорт мектептерінде тегін жаттыға алатыны да жазылған.
Астанада ше?
Астанада балаларға арналған тегін спорт секцияларына ваучер алу үшін QOSYMSHA цифрлық жүйесі қолданылады. Елорданың әкімдігі бұл жүйе арқылы өтініш беру, ваучер бөлу және баланың секцияға қатысуын бақылау бір цифрлық платформада жүргізілетінін хабарлаған.
Сонымен қатар, Астанада секцияға жазылмай-ақ қатысуға болатын тегін спорт жобалары да бар. Астана әкімдігінің хабарлауынша, 2026 жылғы жазғы маусымда қалада Aula Fit, «Өзіңнен баста», йога, скандинавиялық жүріс және Street Workout сияқты жобалар ұйымдастырылған. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жобаларға 42 мыңнан астам адам қатысқан.
Мәселен, Workout City жобасы 2026 жылғы 22 маусымнан 22 қыркүйекке дейін Ботаникалық бақ пен Орталық саябақта өтеді. Жаттығулар кәсіби нұсқаушылардың қатысуымен ұйымдастырылады және қатысу тегін.
Секцияны таңдағанда нені ескеру керек?
Тегін секция табылғаннан кейін бірден жазыла салмай, бірнеше нәрсені тексерген жөн:
- Біріншіден, жас шектеуі. Әр секцияның балаларды қабылдайтын жасы әртүрлі болуы мүмкін.
- Екіншіден, бос орын. Мемлекеттік тапсырыс бойынша орын саны шектеулі болғандықтан, кей жағдайда кезек күтуге тура келеді.
- Үшіншіден, орналасқан жері мен сабақ уақыты. Үйге жақын әрі баланың оқу кестесіне сәйкес келетін секцияны таңдаған ыңғайлы.
- Төртіншіден, секцияның нақты қандай бағдарлама бойынша тегін екенін анықтау керек. Мысалы, мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша берілген ваучер мен әкімдік ұйымдастыратын ашық спорттық жаттығу – екі түрлі мүмкіндік.
Ашық спорт алаңдарын қалай табуға болады?
Егер балаға жаттықтырушының көмегі міндетті болмаса, үйдің маңындағы ашық спорт алаңдарын да пайдалануға болады. Оларды қалалық карта сервистерінен «спорт алаңы», «футбол алаңы», «баскетбол алаңы» немесе «воркаут» деп іздеуге болады.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, әкімдік ұйымдастыратын ашық жаттығулардың нақты мекенжайы мен кестесін қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми парақшаларынан тексерген дұрыс. Мысалы, Астана әкімдігі тегін скандинавиялық жүріс сабақтарының бірнеше саябақта өтетінін және нақты кесте ресми ресурстарда жарияланатынын хабарлаған.
Қысқаша нұсқаулық
Егер балаңызға тегін спорт секциясын іздеп жүрсеңіз:
- Қала немесе аудан әкімдігінің сайтына кіріңіз.
- Дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңалықтарын тексеріңіз.
- Өңіріңізде қолданылатын ақпараттық жүйені анықтаңыз.
- Баланы электронды кезекке қойыңыз.
- Ваучер берілген жағдайда қолжетімді секциялардың ішінен таңдаңыз.
- Секцияның мекенжайын, сабақ уақытын және қабылдау талаптарын алдын ала нақтылаңыз.
Яғни, тегін спортпен айналысу мүмкіндігі бар, бірақ қай жүйе арқылы жазылатыны қалаға байланысты. Сондықтан, әлеуметтік желідегі кездейсоқ жарнамадан гөрі әкімдік пен спорт басқармасының ресми ақпаратын негізге алған дұрыс.