Осы жаздағы қоғам назарындағы ең резонансты істер
2026 жылдың маусым-тамыз айларында Қазақстанда бірнеше қылмыстық іс қоғамның қызу талқысына түсті. Олардың бір бөлігі бойынша сот үкімі шықса, енді бірі апелляциялық сатыға жетті. Кейбір істерде сот процесі енді басталса, тағы бірқатар іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Нұрай Серікбайдың өлімі: өмір бойғы жаза және апелляция
21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс жаздағы ең көп талқыланған сот процестерінің біріне айналды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істі қарап, сотталушы Шерхан Аймаханды кінәлі деп таныды.
Сот анықтағандай, 2025 жылғы қазанда сотталушы жәбірленушіні Алматыдан Шымкентке алып барып, оның еркіне қарсы некеге тұруға мәжбүрлеген. Кейін бірнеше рет аңдып, байланыс орнатуға тырысқан.
2026 жылғы 11 қаңтарда ол жәбірленушіні саябаққа серуендеуге шақырған. Нұрай бұл ұсыныстан бас тартқаннан кейін сотталушы оған пышақпен шабуыл жасап, ауыр жарақат салған. Сот оның әрекетін аса қатыгездікпен адам өлтіру деп бағалады.
Сотталушының кінәсі куәлардың жауаптары, заттай дәлелдер және сараптама қорытындыларымен расталған.
Сот Шерхан Аймаханды ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, 125-1-бабының 1-бөлігі және 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, қылмыстар жиынтығымен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 25 млн теңге моральдық зиян және 5 млн теңге адвокат қызметіне кеткен шығын өндірілді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Алайда. іс бірінші сатыдағы сот үкімімен аяқталған жоқ. Аймаханның қорғаушылары үкімге апелляциялық шағым берген.
Василий Колесниковтың өлімі: алты адам сот алдында
Шымкенттегі 40 жастағы Василий Колесниковтың ұрлануы мен өліміне қатысты іс те жаздағы ең резонансты қылмыстық процестердің біріне айналды.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, тергеу нұсқасы бойынша, оқиғаға дейін тараптар арасында жанжал болған. Кейін тергеу Колесниковқа қатысты қудалау, әдейі жол-көлік оқиғасын ұйымдастыру және оны күштеп алып кету нұсқасын қарастырған. Бұл мәліметтер сотта мемлекеттік айыптаушы оқыған айыптау актісінде айтылды.
24 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Сот алдында алты адам отыр. Қорғау тарапы процесті жабық өткізуді сұрағанымен, судья бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Сотта жарияланған айыптау бойынша фигуранттарға бұзақылық, адам ұрлау және адам өлтіруге қатысты ауыр баптар бойынша айыптар тағылған. Бірақ, бұл – айыптау тарапының нұсқасы. Сот кінәлілік туралы түпкілікті шешім шығарған жоқ.
Негізгі сот отырысы 7 қыркүйекте өтеді.
Журналист Гүлнәр Бажкенова сегіз жылға сотталды
Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс те журналистік ортада үлкен резонанс тудырды.
Алматы қалалық сотының хабарлауынша, 18 тамызда Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты Orda.kz ақпараттық-талдамалық порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот мәліметінше, Бажкенова 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы желтоқсан аралығында «О» ЖШС басшысы қызметін пайдаланып, компания қаражатынан 88,1 млн теңге жымқырған. Сондай-ақ кәсіпкер ретінде тіркелмей, пәтерлерді сатып-сату арқылы 121,2 млн теңге табыс тауып, салық төлемеген.
Бұдан бөлек, 2024-2025 жылдары ол адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, интернет пен әлеуметтік желілерде 8 эпизод бойынша көрінеу жалған ақпарат таратқан деп танылған.
Сот үкімімен Бажкенова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған 5 жыл бойы журналистика, блог жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да қоғамдық қызмет салаларында жұмыс істеуге тыйым салынды.
14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды.
Сонымен бірге, сот материалдық залалды өтеу үшін 95,9 млн теңге, мемлекеттік баж ретінде 2,8 млн теңге, сондай-ақ заң көмегі мен процестік шығындарға 6,8 млн теңге өндірді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бажкенова тағылған айыптарды мойындамаған.
Азамат Омаров: қамау және тергеудің аяқталуы
«Ахуал сегодня» YouTube-жобасының авторы, журналист Азамат Омаровтың ісі де жазда қоғамның назарында болды.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының хабарлауынша, журналист, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды.
Омаров 18 шілдеде ұсталып, кейін қамауға алынған. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – араздықты қоздыру бойынша күдік келтірілген. Адвокаттың айтуынша, іс журналистің YouTube-арнасындағы бейнематериалдарына байланысты қозғалған.
Қорғау тарапының мәліметінше, видеоларда Омаров билік өкілдеріне қатысты сыни және сатиралық пікірлер білдірген. Сот қаулысында оның сөздері «ирониялық және сыни сипатта» болғаны көрсетілген.
12 тамызда тергеу аяқталғаны белгілі болды. Қазір адвокаттар мен журналистің отбасы қылмыстық іс материалдарымен танысу мүмкіндігін күтуде.
Омаровтың жұбайы Венера Мустафина журналистің қамауға алынуына дейін бірнеше күмәнді жағдай болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2 маусымда отбасы тұратын үйдің автотұрағында белгісіз адам журналистің әкесінің көлігінің үш дөңгелегін зақымдаған. Ал 10 маусымда Омаров велосипедшімен болған оқиғадан кейін полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Отбасы бұл оқиғалар журналистің кейінгі қылмыстық қудалауымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді.
Адвокат Төлеген Шаиков Омаровты қамауда ұстауды тоқтатып, электронды бақылау құралдарын қолдану арқылы үйқамаққа ауыстыруды сұрап отыр.
Қазіргі таңда қорғау тарапы іс материалдарымен танысуды күтіп отыр.
Ұлдана Мырзуанның өлімі: іс сотта қаралып жатыр
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қылмыстық іс бойынша МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова айыпталушы ретінде сот алдында жауап беруде. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа тамыз айында жолданған.
Сот отырыстарында марқұмның күйеуі Әділет Зейнел мен анасы да жауап берген. Әділет Зейнел сотта жұбайының қазасына қатысты мән-жайларды айтып, кейін жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы өтініш берген. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Сот барысында Жұбаниязованың МИБ төрайымы ретінде атқарған жұмысы туралы тұрғындардан жауап алынды. Куәгерлер оның үйдің шаруашылығына араласқанын айтқанымен, қасбеттегі қауіпті жағдайды алдын ала байқамағандарын мәлімдеді.
Сонымен қатар, сотта үйдің техникалық жағдайына қатысты сараптама деректері талқыланды. Куәгердің айтуынша, 2026 жылғы 26 ақпандағы қорытындыда ғимарат апат алдындағы жағдайда деп бағаланған.
Сотта Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы да жарияланды. Сарапшылар оның алған жарақаттары мен өлімінің арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсеткен.
5 қыркүйектегі жағдай бойынша сот үкімі шыққан жоқ, сот талқылауы жалғасып жатыр.