8 қыркүйек – Халықаралық сауаттылық күні: интернеттегі ақпаратқа неге сене беруге болмайды?

8 қыркүйек – Халықаралық сауаттылық күні. Бұл күн 1967 жылдан бері аталып өтеді. 2026 жылы оның 60 жылдығы атап өтіледі. Биылғы халықаралық күннің тақырыбы – «Адамдар, ғаламшар және өркендеу үшін сауаттылық». 

Бүгінде сауаттылық ұғымы тек адамның оқып-жаза білуімен шектелмейді. Цифрлық дәуірде ақпаратты іздеу, оның дереккөзін бағалау, жалған мәліметті ажырату және тексерілмеген ақпаратты таратпау да маңызды дағдыға айналды. ЮНЕСКО да цифрлық дәуірде оқу мен жазуды меңгеру жеткіліксіз екенін айтып, медиа және ақпараттық сауаттылықтың маңызын атап көрсеткен. 

Ақпарат көп, ал сенімді дерек аз

Әлеуметтік желілер ақпаратты тұтынудың негізгі арналарының біріне айналды. ЮНЕСКО мен Ipsos зерттеуіне сәйкес, интернет қолданушыларының 56%-ы қазіргі оқиғалар туралы ақпарат алу үшін әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады. Ал азаматтардың 85%-ы интернеттегі бұрмаланған ақпараттың  ықпалына алаңдайды. 

Бұл көрсеткіштер ақпаратты тек тұтынушы болумен шектелмей, оны таратушы ретінде де жауапкершілік танытудың маңызды екенін көрсетеді. Себебі, әлеуметтік желідегі кез келген ақпараттың көп қаралым жинауы оның шынайылығына кепілдік бермейді.

Жалған ақпарат қалай таралады?

Жалған ақпарат міндетті түрде толығымен ойдан шығарылған материал болмауы мүмкін. Кейде шынайы оқиғаның контексті өзгертіледі, ескі фото жаңа оқиға ретінде ұсынылады немесе нақты дерекке жалған түсініктеме беріледі.

ЮНЕСКО-ның 2024 жылғы «Behind the Screens» зерттеуіне 45 елден 500 цифрлық контент жасаушы қатысқан. Олардың 62%-ы ақпаратты интернетте жарияламас бұрын оның дұрыстығын жүйелі түрде тексермейтінін айтқан. Ал 42%-ы ақпараттың сенімділігін бағалау кезінде лайк пен қаралым санына сүйенетінін көрсеткен. 

Яғни, материалдың мыңдаған рет қаралуы немесе көп адамның бөлісуі оның шын екенін білдірмейді. Керісінше, мұндай жағдайда ақпараттың бастапқы дереккөзіне назар аудару қажет.

Ақпаратты тексерудің бес қадамы

Біріншіден, дереккөзге қараңыз. Ақпаратты кім жариялағанын анықтаңыз. Егер жаңалық мемлекеттік органға немесе белгілі бір ұйымға қатысты болса, мәліметті сол ұйымның ресми ресурсынан іздеген дұрыс.

Екіншіден, жарияланған уақытын тексеріңіз. Ескі жаңалық, фото немесе видео жаңа оқиға ретінде қайта таралуы мүмкін.

Үшіншіден, бірнеше дереккөзбен салыстырыңыз. Маңызды ақпаратты бір ғана әлеуметтік желідегі жазбаға сүйеніп қабылдамаған жөн. Басқа сенімді ақпарат құралдарынан және ресми ресурстардан ақпаратты салыстырып көріңіз.

Төртіншіден, тақырыпқа ғана сенбеңіз. Сенсациялық тақырып адамның эмоциясына әсер ету үшін жазылуы мүмкін. Сондықтан, материалдың толық мәтінін оқып, нақты қандай дерекке сүйенгенін тексеру қажет.

Бесіншіден, ақпаратты бөліспес бұрын ойланыңыз. Егер мәліметтің шынайылығына күмән болса, оны қайта таратпаған дұрыс. Бұл жалған ақпараттың әрі қарай таралуын шектеудің ең қарапайым тәсілдерінің бірі.

Жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қауіп

Ақпаратты тексеру мәселесі жасанды интеллекттің кең таралуымен одан әрі өзекті бола түсті. Қазір мәтін, фото, аудио және видео контентті жасауға немесе өзгертуге мүмкіндік беретін құралдар кеңінен қолданылады.

ЮНЕСКО-ның дерегіне сәйкес, жастардың 80%-ы білім алу мақсатында жасанды интеллект құралдары мен сервистерін күніне бірнеше рет пайдаланады. і

Бұл технологиялардың мүмкіндігі артқан сайын цифрлық сауаттылыққа деген талап та күшейді. Интернет қолданушысы ақпаратты кім жариялағанын ғана емес, оның бастапқы дереккөзі бар-жоғын және контенттің өзгертілмегенін де бағалай білуі қажет.

Сауаттылықтың жаңа мәні

Халықаралық сауаттылық күні қазіргі қоғамда сауаттылық ұғымының өзгергенін еске салады. Ақпаратты оқи білу мен оны дұрыс түсіну – екі бөлек нәрсе.

ЮНЕСКО сауаттылықтың цифрлық дәуірдегі мағынасы өзгеріп жатқанын мәлімдедіі. Ұйымның пікірінше, қазіргі кезде оқу мен жазу дағдыларымен қатар медиа және ақпараттық сауаттылықты дамыту да маңызды. 

Сондықтан, бүгінгі сауатты адам – көп ақпарат білетін адам ғана емес. Ол ақпараттың қайдан келгенін, қаншалықты сенімді екенін және оны әрі қарай таратудың қандай салдары болуы мүмкін екенін бағалай алатын адам.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз