Күзге ағзаны қалай дайындау керек?
Күздің келуімен дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) сұраныс артып, «иммунитетті көтеру» туралы кеңестер де көбейеді. Алайда, мамандардың айтуынша, ағзаны күзге дайындау тек дәрумен қабылдаумен шектелмейді. Ең алдымен күнделікті тамақтану, ұйқы, дене белсенділігі және жалпы өмір салтына көңіл бөлу керек.
ББҚ – әмбебап шешім емес
Мамандардың айтуынша, биологиялық белсенді қоспалар дәрумендер, минералдар және басқа да компоненттердің қосымша көзі болуы мүмкін. Бірақ оларды барлық адамға бірдей қажет деп қарастыру дұрыс емес.
АҚШ Ұлттық денсаулық институтының (NIH) мәліметінше, ағзада белгілі бір дәрумен немесе минерал тапшылығы болмаса, қоспаларды тұрақты түрде қабылдау инфекциялардың алдын алуға немесе аурудан тезірек жазылуға көп жағдайда көмектеспейді. Ал нақты тапшылық анықталса, дәрігердің кеңесімен қоспалар қажетті мөлшерді толықтыруға мүмкіндік береді.
Сондықтан «күз келді, дәрумен қабылдау керек» деген әмбебап қағида жоқ. Қоспаның қажеттілігі адамның тамақтануына, денсаулық жағдайына және нақты анықталған тапшылыққа байланысты бағалануы керек.
Эндокринолог БАД туралы: «Тамақ бірінші орында болуы керек»
Эндокринолог Максим Кузнецов журналист Глеб Соломинге Youtube-те берген сұқбатында дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) себепсіз қабылдай беруге болмайтынын айтқан.
Дәрігердің пікірінше, дені сау адам ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдарды ең алдымен тамақтан алғаны дұрыс. Күнделікті ас мәзірі әртүрлі болса, көп жағдайда қосымша қоспалардың қажеті жоқ. Алайда БАД-тардың мүлде қажеті жоқ деуге болмайды. Кейбір қоспалар нақты жағдайда қолданылуы мүмкін. Мысалы, псиллиум іш қатуға, ал жалбыз негізіндегі кейбір қоспалар тітіркенген ішек синдромы кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Кузнецов ББҚ-ларды «зиянсыз дәрумен» деп қабылдауға болмайтынын да ескертті. Оның айтуынша, кейбір қоспалардың кері әсері болып, бауырға зиян келтіруі мүмкін. Ол мұндай қаупі бар қоспалардың қатарында ашваганда мен қара кохошты атады.
Ал ағзада нақты тапшылық анықталса, жағдай өзгереді. Мысалы, темір жетіспеушілігін тек тамақ арқылы толықтыру әрдайым мүмкін емес. Мұндай кезде дәрігер арнайы препарат тағайындай алады. D дәруменіне қатысты да осы қағида қолданылады. Оны балық, саңырауқұлақ және басқа да тағамдардан алуға болады. Бірақ D дәруменінің тапшылығы анықталса, оны дәрігердің ұсынысымен қосымша қабылдау қажет болуы мүмкін.
Эндокринолог ББҚ-ны өз бетінше қабылдамауға кеңес береді.
«Егер ағзада нақты тапшылық болмаса, денсаулықты сақтаудың ең дұрыс жолы – дұрыс тамақтану. Ал тапшылық немесе ауру анықталса, қажетті емді дәрігер тағайындауы керек», – дейді ол.
«Иммунитетті көтеретін» бір ғана дәрумен бар ма?
Иммундық жүйе бір ғана дәруменге тәуелді емес. Оның қалыпты жұмысына С, D, А, Е дәрумендері, мырыш, селен және басқа да микроэлементтер қажет. Бірақ, бұл олардың барлығын қосымша түрінде қабылдау керек дегенді білдірмейді. АҚШ Ұлттық денсаулық институтының (NIH) дерегінде қоректік заттарды жеткілікті мөлшерде тағамнан алу маңызды екені, ал тапшылық болмаса, микронутриенттерді қоспа арқылы шамадан тыс көбейтудің нақты инфекцияларға қарсы пайдасы шектеулі екені көрсетілген.
Мысалы, D дәрумені бойынша зерттеулердің нәтижелері біркелкі емес. Кейбір жұмыстар оның тапшылығы кезінде тыныс жолдарының инфекциялары қаупі жоғары болуы мүмкін екенін көрсетсе, қоспа қабылдаудың бәріне бірдей қорғаныс беретіні дәлелденбеген.
Күзге дайындықты неден бастаған дұрыс?
Бірінші кезекте тамақтануды реттеген жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) дұрыс тамақтанудың негізгі қағидалары ретінде жеткіліктілік, теңгерімділік, мөлшерлілік және әртүрлілікті атайды. Рационда көкөніс пен жеміс, бұршақ тұқымдастар, тұтас дәнді өнімдер және басқа да құнарлы тағамдар болғаны маңызды.
Екінші маңызды фактор – ұйқы. Ұйқының жеткілікті болуы күнделікті қалпына келуге және жалпы денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Үшіншісі – қозғалыс. Күнделікті серуендеу, спортпен айналысу немесе басқа да қалыпты дене белсенділігі ағзаның жалпы жағдайын қолдауға ықпал етеді.
ДДСҰ-ның өзін-өзі күту жөніндегі ұсынымдарында дұрыс тамақтану, дене белсенділігі және жеткілікті ұйқы денсаулықты сақтаудың негізгі әдеттерінің қатарында көрсетілген.
Сонымен, мамандардың айтуынша, күзге дайындықты дәріхана сөресінен емес, күнделікті әдеттерден бастаған дұрыс. Әртүрлі әрі құнарлы тамақтану, жеткілікті ұйқы, тұрақты қозғалыс және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – ағзаны қолдаудың негізгі тәсілдері. Ал биологиялық белсенді қоспа қажет болған жағдайда ғана қолданылатын қосымша құрал ретінде қарастырылуы керек. Оны барлық мәселені шешетін әмбебап шешім деп қабылдауға болмайды.