Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы жойылды

Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау тәртібі өзгерді. Соған сәйкес, енді бұл лауазымдарға азаматтар тікелей дауыс бермейді. Тиісті өзгерістер «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңдарға енгізілді. 

Заңның жаңа редакциясына сәйкес, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін енді облыс әкімі мәслихаттың келісімімен тағайындайды. Оларды қызметінен облыс әкімі де, Президент те босата алады.

Осылайша, 2022 жылдың қараша айында енгізілген аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау тәртібі күшін жойды. Ал ауыл әкімдерін сайлау жүйесі өзгеріссіз қалды. Оларды бұрынғыдай тұрғындар тікелей сайлайды.

Сондай-ақ заңға тағы бір жаңа талап енгізілді. Енді әкімдер өздері басқаратын әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұрақты тұруға міндетті.

Саясаттанушы Виктор Ковтуновскийдің youth.kz- ке сұқбат беріп, аудан әкімдерін сайлаудың жойылуы Қазақстан азаматтарының саяси құқықтарын шектейтін қадам деп мәлімдеді.

Виктор Ковтуновский. Фото: жеке архив

«Бірақ бұл сайлаудың өзі жалған болғанын атап өту маңызды. Бұл рәсімде сайлаушылардың дауысы үшін ешқандай нақты бәсекелестік болған жоқ. Жеңімпаз алдын ала белгілі болатын және оны президенттік билік жүйесі анықтайтын», – дейді ол.

Сарапшының пкірінше,  Тоқаевтың саяси реформалары шын мәнінде ештеңені өзгерткен жоқ.

«Мен Тоқаевтың саяси реформаларын ешқашан Қазақстанды демократияландырады деп қабылдаған емеспін. Оның осы бағыттағы барлық қадамдары жалған болды. Бейбіт жиналыстар туралы, саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген жаңашылдықтар, сондай-ақ әкімдердің сайлауы да шын мәнінде ештеңені өзгерткен жоқ. Ол қоғамға бұрынғы авторитарлық тәжірибенің жаңа қаптамасын ғана ұсынды. Енді демократияландыру ойынының өзі де аяқталды. Тоқаевтың Конституциясы бізді Назарбаев Конституциясының ең нашар нұсқасына қайта алып келеді», – дейді Ковтуновский.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз