Алматыдан Қапшағайға 500 теңгеге пойызбен қалай жетуге болады?

Жаз басталысымен алматылықтардың көбі Қапшағай жағалауына асығады. Бірі жеке көлікпен, енді бірі таксимен жолға шықса, кейбірі әлдеқайда тиімді тәсілді таңдайды. Алматыдан Қапшағайға небәрі 500 теңгеге пойызбен жетуге болатынын көпшілік біле бермейді. Youth.kz бұл қаншалықты рас және бұл билеттерді қалай табуға болатынын баяндайды. 

Жаз келгенде Алматы ерекше қарқынмен өмір сүре бастайды. Аптап ыстықтан шаршаған жұрт демалыс күндері қала сыртына шығудың амалын іздейді. Сол бағыттардың ішінде Қапшағай су қоймасы бұрыннан ең танымал орындардың бірі. Көгілдір жағалау, құмды жағажай және қалаға жақын орналасуы оны мыңдаған адам үшін сүйікті демалыс мекеніне айналдырған.

Алайда көпшіліктің көңілін жол ақысы алаңдатады. Жеке көлікке жанармай құю, ақылы жол, такси немесе автобус шығындары кейде демалыстың өзін қымбаттатып жібереді. Осындай кезде небәрі 503 теңгеге пойызбен жетуге болатыны таңғаларлық естіледі. 

Мұндай төмен баға қала маңындағы электр пойыздарына қатысты. Бұл бағыттар тұрғындардың қатынауын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондықтан олардың билет құны қарапайым жолаушылар пойыздарына қарағанда әлдеқайда арзан.

Kaspi.kz-тен скриншот

Мысалы, «Алматы–Қапшағай» бағытындағы №6907Х қала маңы пойызында жалпы вагонға билет құны 503 теңге болған. Жол жүру уақыты шамамен 1 сағат 47 минутты құрайды. Әрине, пойыздардың жүру кестесі өзгеруі мүмкін. Сондықтан сапар алдында кестені тексеру маңызды.

Пойыздардың басым бөлігі «Алматы-1» вокзалынан жөнеледі. Билетті «Қазақстан темір жолының» ресми сайты, «Kaspi Travel» қосымшасы немесе вокзал кассалары арқылы сатып алуға болады. Демалыс күндері арзан билеттер тез өтіп кететіндіктен, оларды алдын ала алған дұрыс.

Көп адам іздеу жүйесіне «Алматы–Қонаев» бағытын енгізгенде бірнеше мың теңгелік пойыздарды ғана көреді. Себебі жүйе алдымен жылдам жолаушылар пойыздарын ұсынады. Ал ең арзан нұсқаны табу үшін қала маңындағы пойыздарды таңдау қажет. 

Әрине, қала маңындағы пойыздан жоғары деңгейдегі жайлылық күтудің қажеті жоқ. Вагоны қарапайым, жазда ыстық болуы мүмкін. Бірақ екі сағатқа жетпейтін жол үшін бұл үлкен мәселе емес. Оның үстіне жазғы кептелісте бірнеше сағат көлік ішінде отырғаннан гөрі, пойыз терезесінен Іле аңғарының көрінісін тамашалап барған әлдеқайда жағымды.

Қапшағай станциясына жеткен соң жағажайларға таксимен немесе қоғамдық көлікпен бірнеше минут ішінде жетуге болады. Бүгінде Қонаев қаласы туристерге жайлы демалыс ұсынатын орындардың біріне айналып келеді. Жағажайлар жаңартылып, демалыс базалары көбейіп, инфрақұрылым жылдан-жылға жақсарып келеді.

Бір қарағанда елеусіз көрінетін 500 теңгелік билет көптеген отбасы мен студент үшін демалысты әлдеқайда қолжетімді етеді. Ең бастысы – жолды дұрыс жоспарлап, өзекті ақпаратқа сүйену. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз