Қазақстанда басқа ЖОО-ға қалай ауысуға болады: құжаттар, мерзімдер және талаптар
Бір университеттен екіншісіне ауысу студентке оқуын жалғастыра отырып, басқа білім беру бағдарламасын таңдауға, қала немесе оқу орнын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл ретте студент міндетті түрде бірінші курстан бастап оқымайды: жаңа университет бұған дейін оқылған пәндер мен жинақталған кредиттерді есепке алу мүмкіндігін қарастырады. Толығырақ Youth.kz материалында.
Қай кезде басқа ЖОО-ға ауысуға болады?
Бір оқу орнынан екіншісіне ауысу, әдетте, қысқы және жазғы демалыс кезінде жүзеге асырылады. Оқу семестрі басталғаннан кейін немесе оның ортасында құжат тапсыру әрдайым мүмкін бола бермейді. Құжат қабылдаудың нақты мерзімдерін де әр университет өзі белгілейді. Сондықтан ауысқысы келетін студент алдымен жаңа университеттің қабылдау комиссиясына немесе тіркеуші офисіне хабарласып, өтініш қабылдау күндерін нақтылағаны жөн.
Бұл ретте университеттің академиялық күнтізбесін де ескеру қажет. Онда семестрлердің, емтихан сессияларының және демалыс мерзімдері көрсетіледі.
Ауысуға дейін не істеу керек?
Басқа университетке ауысу үшін бірнеше негізгі қадамнан өту керек. Алдымен жаңа оқу орнын таңдап, одан кейін оқу бағдарламаларының сәйкестігін тексеру қажет.
- Университет пен білім беру бағдарламасын таңда. Жаңа ЖОО-да ауысу арқылы қабылдау бар-жоғын және бос орындардың бар екенін алдын ала анықта.
- Оқу бағдарламаларын салыстыр. Бұрынғы және жаңа бағдарламадағы пәндер өзгеше болса, академиялық айырмашылық пайда болады.
- Қандай пәндерді қосымша тапсыру керегін біл. Жаңа университет академиялық айырмашылықты анықтап, қандай пәндерді қосымша оқу немесе тапсыру қажет екенін хабарлайды.
Қандай құжаттар қажет?
Қазақстандағы бір білім беру ұйымынан екіншісіне ауысу кезінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бойынша өтініш және студенттің қазіргі оқу орнында басшының қолымен және мөрімен расталған сынақ кітапшасының немесе үлгерім кітапшасының көшірмесі қажет. Бұл талаптар eGov.kz порталындағы мемлекеттік қызмет сипаттамасында көрсетілген.
Іс жүзінде қабылдайтын университет қосымша құжаттар сұрауы мүмкін. Әдетте студент мына құжаттарды дайындауы керек:
- ауысу туралы өтініш;
- бағалары мен оқылған пәндері көрсетілген транскрипт;
- қажет болған жағдайда академиялық анықтама;
- жеке куәліктің көшірмесі;
- қазіргі оқу нысаны және оқу негізі туралы ақпарат – грант немесе ақылы оқу;
- университет талап ететін басқа да құжаттар.
Транскрипт студенттің академиялық тарихын көрсетеді. Онда оқылған пәндер, бағалар және жинақталған кредиттер туралы ақпарат беріледі. Ол басқа университетке ауысу кезінде негізгі құжаттардың бірі болып саналады.
Егер студент шетелдік университеттен Қазақстандағы ЖОО-ға ауысатын болса, талаптар кеңірек болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оқу бағдарламасын меңгергенін растайтын құжаттар, алдыңғы білім деңгейін растайтын және Қазақстанда тану рәсімінен өткен құжат, сондай-ақ шетелдік университетке қабылдау кезінде өткізілген емтихандардың нәтижелері талап етілуі мүмкін.
Ауысу қалай жүзеге асырылады?
Процесс студенттің қазіргі университетіне жүгінуінен басталады. Бұдан кейін ауысу мәселесі қабылдайтын университетпен келісіледі: жаңа университет студенттің оқу нәтижелерін қарап, оқу жоспарларын салыстырады және академиялық айырмашылықты анықтайды. Талаптар орындалған жағдайда қабылдайтын тарап ауысуға келісім береді. Осыдан кейін бұрынғы университет студентті ауысуына байланысты оқудан шығару рәсімін жүргізіп, оның жеке ісін жаңа оқу орнына жібереді.
Грант сақтала ма?
Грантпен оқып жүрген студенттің басқа университетке ауысуы барлық жағдайда бастапқы шарттармен жүзеге аса бермейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттерге, мақсатты орындарға және жекелеген білім беру бағдарламаларына қатысты арнайы талаптар болуы мүмкін. Сонымен қатар кейбір жағдайларда басқа ЖОО-ға ауысу кезінде білім беру грантының құны арасындағы айырмашылықты төлеу талап етіледі.
Грантта оқитын студент ауысудан бұрын екі университеттен де гранттың сақталатынын, қосымша төлем қажет пе екенін және оқуын қандай шарттармен жалғастыратынын нақтылап алғаны жөн.
Егер студент ақылы бөлімге ауысса, жаңа университетпен білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт жасалады. Оқу ақысының мөлшері мен төлем тәртібін құжаттарға қол қоймас бұрын анықтап алу керек.
Оқуды қайтадан бірінші курстан бастау қажет пе?
Міндетті емес. Университет студенттің бұрын оқыған пәндерін жаңа білім беру бағдарламасымен салыстырады. Бағдарламалар бір-біріне жақын болса, бұрын алынған пәндер мен кредиттердің бір бөлігі есепке алынуы мүмкін. Ал оқу жоспарларында елеулі айырмашылық болса, студентке академиялық айырмашылықты жабу талап етіледі. Бұл оның қай курсқа қабылданатынына және диплом алу мерзіміне әсер етуі мүмкін.
Ауысу туралы шешім қабылдамас бұрын жаңа университеттен студенттің қай курсқа қабылданатынын және қандай пәндерді қосымша оқуы керектігін нақтылаңыз.
Қандай жағдайда ауысудан бас тартылуы мүмкін?
Егер студент белгіленген талаптарға сәйкес келмесе немесе қажетті құжаттарды дұрыс ұсынбаса, өтініш қанағаттандырылмауы мүмкін. Сондай-ақ жалған құжаттар немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынылған жағдайда да бас тарту қарастырылған. Бұл талаптар мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында көрсетілген.
Бұдан бөлек, шешім білім беру бағдарламасына, бос орындардың болуына, академиялық айырмашылыққа және қабылдайтын университеттің ішкі талаптарына байланысты болады.
Неліктен қазақстандық оқушылар сауаттылықпен қиналуда? Қазіргі оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесінде қандай кемшіліктер бар? Youth.kz осының бәрін ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ирина Смирновамен эксклюзивті сұхбатта талқылады.