Қазақстандықтар ядролық инженерия бойынша Еуропада магистратурада оқып, ай сайын 1400 еуро стипендия ала алады

Қазақстандық студенттер Еуропада ядролық инженерия бойынша магистратурада білім алып, Erasmus Mundus бағдарламасы арқылы стипендия алуға өтініш бере алады. SARENA бағдарламасы оқу ақысын толық өтеуді және 24 ай бойы ай сайын 1400 еуроға дейін стипендия төлеуді қарастырады. Бұл туралы бағдарламаның ресми сайтында жазылған.

SARENA бағдарламасы қандай?

SAfe and REliable Nuclear Applications (SARENA) – ядролық инженерия саласына мамандар даярлайтын екі жылдық халықаралық магистратура. Оқу ағылшын тілінде өтеді, бағдарлама 120 ECTS кредитін қамтиды. Оған Еуропаның бірнеше техникалық жоғары оқу орны қатысады.

  • Магистратурада екі бағыттың бірін таңдауға болады:
  • Радиоактивті қалдықтарды басқару және ядролық нысандарды пайдаланудан шығару;
  • Ядролық реакторларды пайдалану және олардың қауіпсіздігі.

Оқу барысында студенттер серіктес университеттерде білім алып, ядролық технологиялар мен қауіпсіздікке қатысты кәсіби білімін жетілдіреді.

Стипендия нені қамтиды?

Бағдарламаның ресми мәліметіне сәйкес, стипендия иегерлеріне:

  • оқу ақысының 100 пайызы өтеледі;
  • 24 ай бойы ай сайын 1400 еуроға дейін төленеді;
  • стипендияға үміткерлер құжаттары мен оқу әлеуетіне қарай іріктеледі, қажет болған жағдайда сұхбаттасу өткізіледі.

Бағдарлама әр қабылдау кезеңінде шамамен 21 стипендия бөлуді жоспарлайды. Алайда, стипендия барлық үміткерге берілмейді, өтініш берушілер іріктеуден өтуі керек.

Кімдер өтініш бере алады?

Бағдарламаға инженерия, физика, химия, қоршаған орта ғылымдары және басқа да тиісті техникалық немесе ғылыми бағыттар бойынша бакалавр дәрежесін алған үміткерлер қатыса алады. Диплом кемінде үш жылдық жоғары білімге немесе 180 ECTS кредитіне сәйкес болуы қажет.

Құжаттарды тапсыру мерзімі

SARENA бағдарламасының 2027-2029 оқу кезеңіне өтінім қабылдау мерзімі 2027 жылғы 1 ақпанда Париж уақытымен сағат 23:59-да аяқталады.

Өтінішті бағдарламаның ресми онлайн-платформасы арқылы жіберуге болады. Құжаттарды тапсырар алдында барлық талаппен және стипендия шарттарымен танысқан жөн.

Қазақстандық студенттер үшін бұл – ядролық инженерия саласында халықаралық білім алып, Еуропаның жоғары оқу орындарында кәсіби даярлықтан өту мүмкіндіктерінің бірі.

Бұған дейін шетелде тегін оқу үшін Қазақстан студенттеріне қандай гранттар мен шәкіртақылар қолжетімді екенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз