ҚМЭБИ студенті харрасментке шағымданды: университет не дейді?
Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (ҚМЭБИ) бірден екі оқиға талқыға түсті. Алдымен әлеуметтік желілерде университетте он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан экономика профессоры Надим Наквидің өткені туралы әңгіме тарады. Кейін Әлеуметтік ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы Джейсон Гейнус қызының басқа бір оқытушыға қатысты шағымы туралы айтты. Екі жағдай да сексуалдық харрасментке мәселе сөз болды, деп хабарлайды Youth.kz.
Оқиға қалай басталды?
Бұл жағдай туралы 2026 жылдың маусым айының алғашқы күндерінде сөз шықты. Әлеуметтік желілерде 2013 жылдан бері университетте жұмыс істеп келе жатқан экономика профессоры Надим Накви туралы жазбалар тарады. Желі пайдаланушылары бұрынғы декан Джейсон Гейнустың Instagram желісінде жариялаған ашық хатын бөлісті. Оның айтуынша, 1990-жылдардың соңында Накви АҚШ-тағы университеттердің бірінен жыныстық қысым көрсету туралы айыптауларға байланысты жүргізілген тергеуден кейін кеткен.
Ашық хатқа сәйкес, Гейнус бірнеше рет университет басшылығынан Наквидің өткеніне назар аударуды сұраған. Алайда, экс-деканның сөзінше, университет басшылығы оқиғаның тым ертеде болғанын алға тартқан. Сонымен қатар, ол жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, Наквидің еңбек келісімшартын ұзартуға қатысты ұсынысқа қол қоюға мәжбүрлегенін мәлімдеді.
Осы келіспеушіліктен кейін Гейнус декан қызметінен кетіп, бұл оқиғаны жариялауға шешім қабылдаған. Ол жинаған барлық материалдарын Vlast басылымына тапсырған.
Бұдан бөлек, Гейнус журналистерге профессор Аршад Мұхаммадқа қатысты тағы бір жағдай туралы айтты. Оның сөзінше, сәуір айында Мұхаммад университет аумағында кәмелетке толмаған адамға сексуалдық қысым көрсетті деген айыпқа ілінген. Мамыр айында ол жұмыстан шығарылып, маусымда Қазақстаннан кеткен. Алайда басылым мәліметінше, құқық қорғау органдары профессордан жауап алмаған. Бұл мәселе университетте ғана шешілген.
Университеттің ұстанымы
8 маусымда ҚМЭБИ ресми сайтында оқу орнының алғашқы түсіндірмесі жарияланды.
Университет жоғарыдағы ақпаратты зерттеп жатқанын және барлық әрекеттерді өздерінің ішкі рәсімдеріне сәйкес жүргізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ оқу орнына жұмысқа қабылданатын барлық оқытушылардың құжаттары мен біліктілігі алдын ала тексерілетінін ескертті.
Сонымен қатар, ҚМЭБИ тексеру аяқталғанға дейін ешқандай қорытынды жасамайтынын мәлімдеді. Университет студенттер мен қызметкерлер өз алаңдаушылықтарын еркін білдіріп, белгіленген рәсімдерге ешқандай қысым немесе жазалау қаупінсіз қатыса алатынын атап өтті.
Бұл жағдайға Ғылым және жоғары білім министрлігі де пікір білдірді. 10 маусымда Мәжілістің пленарлық отырысында министр Саясат Нұрбек бұл мәселе министрліктің бақылауына алынғанын айтты.
Тағы бір харрасмент оқиғасынан кейінгі қысым жасалған
Оқиға 11 маусымда жария болды. Бұған Джейсон Гейнустың тағы бір харрасмент жағдайы туралы мәлімдемесі себеп болды.
Ол «Курсив» басылымына 20 жастағы қызы университеттің оқытушыларының біріне қатысты ішкі шағым түсіргенін айтты. Гейнустың сөзінше, бұл әлеуметтік желілерде аты аталған профессор Надим Накви емес, басқа оқытушы.
Бұрынғы деканның айтуынша, қызы оқытушының университеттің сексуалдық харассментке қатысты ішкі ережелерін бұзатын әрекеттеріне шағымданған. Шағымда сипау, сексуалдық сипаттағы пікірлер және осыған ұқсас басқа да әрекеттер айтылған.
Сонымен қатар, Гейнус университеттің бұл шағымға қатысты қалай әрекет еткенін сынға алды. Оның айтуынша, студентке шағым түсірген оқытушымен кездеспейтініне уәде берілген. Алайда кейін оны университетке шақырып, онда тергеуге полиция қызметкерлері мен шағым түскен оқытушының өзі қатысқан.
Сонымен бірге, бұрынғы декан қызының шағымын жеткізгенін және тағылған айыптардың дәлелденгенін айта алмайтынын айтты.
ҚМЭБИ не деп жауап берді?
Келесі күні, 12 маусымда, университет өзінің ресми сайтында мәлімдеме жасады.
Жоғары оқу орны студент қыздан оқытушының болжамды әрекетіне қатысты шағым түскенін растады. Сонымен қатар, университет қазіргі уақытта тағылған айыптарды растайтын нақты фактілер анықталмағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ университеттің хабарлауынша, оқу орны құқық қорғау органдарына хабар бергеннен кейін барлық қатысушылар бастапқы тексеру жүргізу үшін полицияға шақырылған.
ҚМЭБИ уәкілетті органдармен ынтымақтастып, ресми тергеудің нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеді.