Студентке сабақты телефонға түсіруге бола ма?

Сабақ кезінде телефонға видео түсіру мәселесі студенттер мен оқытушылар арасында жиі түсініспеушілік тудырады. Бір студент дәрісті кейін қайталап көру үшін жазып алуы мүмкін. Ал оқытушы сабақтың түсірілгеніне қарсы болуы ықтимал. Youth.kz осы жағдайға қатысты Қазақстан заңнамасын зерделеп көрді.

Заңда сабақ түсіруге тыйым салынған ба?

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында студенттің сабақты телефонға түсіруіне тікелей тыйым салатын жалпы норма жоқ. Алайда, бұл студент кез келген сабақты қалағанынша түсіре алады дегенді білдірмейді. Себебі білім беру ұйымдарының өз ішкі тәртіп ережелері болады.

Бұл талап Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 28 тамыздағы №227 бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларында» көрсетілген. Құжатқа сәйкес, әр білім беру ұйымы өзінің ішкі тәртіп қағидаларын әзірлейді және оны ұйым басшысы бекітеді. Ал бекітілген ережені білім беру процесіне қатысушылар сақтауға міндетті.

Университет видео түсіруге тыйым сала ала ма?

Иә, егер мұндай талап оқу орнының ішкі ережесінде көрсетілсе, университет сабақ кезінде видео немесе фото түсіруге шектеу қоя алады.

«Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларында» ішкі тәртіп ережелері оқу процесін ұйымдастыруды, білім беру процесіне қатысушылардың өзара қарым-қатынасын және олардың тәртібін реттейтіні жазылған. Сонымен бірге, бұл ережелер барлық білім беру процесіне қатысушылар үшін міндетті.

Сондықтан, студент алдымен өзінің университетіндегі ішкі тәртіп қағидасын қарап шығуы керек. Егер онда «сабақ кезінде телефон қолдануға», «фото-видео түсіруге» немесе «сабақ барысын жазуға» шектеу қойылса, студент сол талапты сақтауы тиіс.

Оқытушы «түсіруге болмайды» деп айта ала ма?

Бұл жерде де университеттің ішкі ережесі маңызды. Егер оқу орнында сабақ кезінде видео түсіруге тыйым салатын нақты талап болса, оқытушы студенттен түсірілімді тоқтатуды сұрай алады.

Ал егер мұндай шектеу ішкі құжаттарда қарастырылмаса, студент мұндай талаптың қандай ережеге негізделгенін сұрауға құқылы.

Өйткені, қолданыстағы №227 бұйрық бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидалары барлық қатысушыларға қолжетімді болуы керек. 

Дәрісті оқу үшін жазып алуға бола ма?

Егер студент сабақты тек оқу үшін, яғни кейін қайта қарап немесе тыңдап шығу мақсатында жазып алғысы келсе, оқытушыдан алдын ала рұқсат сұраған дұрыс. Мысалы, студент «Дәрісті кейін қайталап оқу үшін телефонға жазып алсам бола ма?» деп сұрай алады.

Бұл ең алдымен түсініспеушіліктің алдын алады. Себебі аудиторияда оқытушыдан басқа студенттер де болады және олардың бейнесі немесе дауысы жазбаға түсіп қалуы мүмкін.

Сабақты түсіру мен оны жариялау – екі бөлек нәрсе

Телефонға видео түсіріп, оны жеке оқу үшін сақтау бір мәселе. Ал сол видеоны әлеуметтік желіге немесе басқа жерге жариялау – басқа мәселе. Мысалы, сабақ кезінде түсірілген видеода оқытушы немесе басқа студенттер көрінсе, оны көпшілікке тарату олардың құқықтарына қатысты қосымша мәселелер туындатуы мүмкін.

Сондықтан, студенттің «сабақты түсіруге бола ма?» деген сұрағын «оны кейін интернетке жариялауға бола ма?» деген сұрақтан бөлек қарау қажет.

Телефонға түсіргені үшін студентті оқудан шығара ма?

Сабақты телефонға түсіргені үшін студент автоматты түрде оқудан шығарылады деген жалпы норма жоқ. Бірақ, студент университеттің ішкі тәртібін бұзса, оқу орны өзінің ішкі құжаттарына сәйкес тәртіптік шара қолдануы мүмкін.

Бұл жерде нақты қандай жауапкершілік қолданылатыны университеттің ережесіне, студенттің әрекетіне және жағдайдың мән-жайына байланысты болады.

Студент не істегені дұрыс?

Егер дәрісті телефонға жазып алғысы келсе, студент:

  • университеттің ішкі тәртіп ережесін қарап шыққаны;
  • сабақта фото-видео түсіруге қатысты шектеу бар-жоғын тексергені;
  • мүмкін болса, оқытушыдан алдын ала рұқсат сұрағаны;
  • басқа студенттерді қажетсіз түсірмегені;
  • түсірілген материалды рұқсатсыз әлеуметтік желіге жарияламағаны дұрыс.

«Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларында» оқу орнының ішкі ережесі білім алушылар үшін қолжетімді болуы керектігі көрсетілген. Сондықтан, студент өз университетінің осындай құжатын сұрап, онымен таныса алады. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз