Мұғалімдер AI көмегімен сабақ беруге дайын ба: Қазақстандық жас педагогтер жасанды интеллектіні қалай қолданады?

Жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне біртіндеп еніп келеді. Бүгінде нейрожелілер оқу жоспарларын құрастырып, тапсырмалар әзірлеп, презентациялар дайындап, оқушыларға күрделі тақырыптарды меңгеруге көмектесе алады.

2025 жылғы 1 қазанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, алгоритмдер жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, оқушылардың жауаптарын тексеріп, кері байланысты жеделдете алады. Мемлекет басшысы осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірін былайша атап көрсетті:

«Үкімет ИИ-ді білім беру процесіне енгізу кезінде мұғалімдерді күнделікті қайталанатын жұмыстардан барынша босату және оларға қажетті жағдай жасау қағидатын басшылыққа алуы керек».

Алайда мемлекеттік бастамалар – мәселенің бір қыры ғана. Жасанды интеллектінің мектептер мен білім беру орталықтарында іс жүзінде қалай қолданылып жатқанын түсіну де маңызды. Қандай құралдар мұғалімдердің жұмысына көмектеседі? Олар нейрожелілерді сабақ дайындау кезінде қаншалықты пайдаланады? Ең бастысы, оқушыларды жасанды интеллектімен сауатты жұмыс істеуге үйретуге дайын ба?

Осы сұрақтарға жауап алу үшін Youth.kz Қазақстанның жас педагогтерімен сөйлесіп, жасанды интеллектінің күнделікті жұмыста алатын орны мен оның білім беру процесіне ықпалы туралы сұрады.

Сабақ дайындаудан бастап жеке оқытуға дейін

Математика пәнінің оқытушысы, SAT емтиханына дайындайтын авторлық курстың негізін қалаушы Мейірханов Әкежан жасанды интеллектіні ең алдымен жұмыс процесін оңтайландыру құралы ретінде пайдаланады. Ол нейрожелілерге сабаққа дайындалу, оқу материалдарын әзірлеу, тапсырмалар таңдау және сабақ құрылымын жоспарлау кезінде жүгінеді.

«Мен жасанды интеллектіні тек сабақ жоспарлау үшін қолданамын. Оның көмегімен презентациялар дайындап, сабаққа арналған идеяларды іздеймін және оқушыларға түрлі белсенді тапсырмалар әзірлеймін. Сонымен қатар бағалау жұмыстарын, соның ішінде БЖБ мен ТЖБ-ны құрастыруда және сабаққа арналған қосымша нұсқаулық материалдарды дайындауда пайдаланамын», – дейді Әкежан.

Осындай тәжірибе жеке білім беру орталығында ағылшын тілінен сабақ беретін Тұрлыбек Ақмерейде де бар. Ол жасанды интеллектіні сабақ дайындаумен қатар, оқушылардың білім деңгейіне сәйкес тапсырмалар әзірлеу үшін қолданады.

«Мен ЖИ-ді сабақ барысында түрлі белсенді тапсырмаларды ұйымдастыруға, қысқа мерзімді сабақ жоспарларын жасауға, оқу материалдарын дайындауға және тапсырмаларды деңгейлерге бөліп әзірлеуге пайдаланамын», – деп Ақмерей шынайы пікірін білдірді.

Оның пікірінше, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мұғалімнің жұмысымен ғана шектелмеуі керек. Оқушыларды да нейрожелілерді өз бетінше білім алу үшін тиімді пайдалануға үйрету маңызды.

«Менің ойымша, біз оқушыларға жасанды интеллект арқылы оқу процесін өз бетінше жоспарлауды үйрете аламыз. Мысалы, олар түсінбей қалған тақырыптарын өздеріне қызықты салалармен байланыстырып, тереңірек меңгере алады. Сонымен қатар ЖИ көмегімен қосымша тапсырмалар құрастырып, оларды орындау арқылы тәжірибе жинақтай алады. Бұл білім алу процесін ыңғайлы әрі қолжетімді етеді», – деп ол осыны да атап өтті.

Жасанды интеллектіні белсенді қолданатын тағы бір педагог – Шоқан мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Даханова Камила. Ол нейрожелілерге жиі жүгінетінін, әсіресе ChatGPT платформасын белсенді пайдаланатынын айтады.

«Шет тілін оқытуда мұндай технологиялардың мүмкіндігі кең. ChatGPT арқылы грамматикалық құрылымдарды талдауға, сөздердің мағынасын түсіндіруге, оларды сөйлем ішінде қолданудың үлгілерін жасауға және түрлі коммуникативтік жағдаяттарды модельдеуге болады. Бұл ағылшын тілін үйрену барысында ерекше маңызды, өйткені тілді меңгеру тек теориялық біліммен шектелмей, тұрақты тәжірибені де қажет етеді».

Сөйлесу мүмкіндігі бар нейрожелілер оқушылардың өз бетінше дайындалу тәсілін өзгертетіні сөзсіз. Дегенмен мұғалімнің рөлі өзгеріссіз қалады: ол оқу мақсаттарын айқындап, оқушыға алынған ақпаратты дұрыс бағалауға көмектеседі.

Нейрожелілер дәуіріндегі дербес ойлау

Сонымен қатар жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу оқушылардың дербес ойлау және аналитикалық қабілеттерін қалай сақтауға болады деген мәселені де алға тартады. Егер нейрожелілер ақпаратты жылдам тауып, дайын жауаптар ұсына алса, адам өз бетінше іздену және білімді терең түсіну дағдыларынан айырылып қалмай ма?

Шымкент қаласында тарих пәнінен сабақ беретін Нұрсұлтан Каримкулов ақпаратпен жұмыс істеудің дәстүрлі тәсілін жөн көретінін айтады.

«Мен жасанды интеллектіні қолданғанды ұнатпаймын. Ақпаратты өзім іздеп, зерттеген маған қызығырақ. Әрине, бұған көбірек уақыт жұмсаймын, бірақ оның өзіндік мәні бар», – деп ол дәстүрлі тәсілді қолдады.

Оның пікірі қазірг арқылыі білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірін байқай аламыз: дайын жауапты алу материалды толық түсінумен бірдей емес. Осыған орай оқушыларды жасанды интеллектімен жұмыс істеуге үйреткенде сыни ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөлу маңызды. Оқушылар нейрожелілер ұсынған жауаптардың әрдайым дұрыс бола бермейтінін түсініп, алынған ақпаратты басқа дереккөздермен салыстырып, тексеруді үйренуі керек.

Жасанды интеллект дәуірінде мектеп нені үйретуі керек?

Жас педагогтердің тәжірибесі жасанды интеллектінің Қазақстандағы білім беру саласында іс жүзінде қолданыла бастағанын көрсетеді. Мұғалімдер оны сабақ жоспарлау, бағалау материалдарын әзірлеу, қосымша жаттығулар құрастыру және оқу мазмұнын оқушылардың қажеттіліктеріне бейімдеу үшін пайдаланады. Алайда мұндай технологияларды толыққанды енгізу үшін мектептерді техникалық жабдықтаумен ғана шектелуге болмайды. Педагогтерді де тиісті деңгейде даярлау қажет. Мұғалім жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін түсініп, оның нәтижелерін бағалай білуі және оқушыларға ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдану қағидаларын түсіндіруі тиіс.

Жасанды интеллект мұғалімнің күнделікті қайталанатын жұмыстарының бір бөлігін өз мойнына ала алады, бірақ оның кәсіби жауапкершілігін алмастыра алмайды. Технологиялар оқу процесін жеңілдеткенімен, білім сапасы мұғалім мен оқушының берілген мүмкіндіктерді қаншалықты саналы пайдаланатынына байланысты.

WONK ЖИ-педагогтердің көмекшісі білім беру қызметкерлерінің тамыз айындағы республикалық конференциясында таныстырылды. Youth.kz бұл ЖИ қандай құралдарды ұсынатынын баяндаған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз