Қазақстан жастарының саясатқа көзқарасы туралы зерттеу жарияланды

Жақында қазақстандық зерттеушілер жастардың саяси мәдениеті бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелерін «Frontiers» халықаралық ғылыми журналында жариялады. Онда Z ұрпағының саясатқа қызығушылығы артып келе жатқаны, алайда олардың саяси белсенділігі көбінесе цифрлық ортада жүзеге асатыны белгілі болды. Толығырақ Youth.kz материалында.

Зерттеуге Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының 500 астам студенті және 15 жуық  сарапшы қатысқан. Зерттеушілер жастардың мемлекеттік институттарға деген сенімнің төмендігі олардың дәстүрлі түрде саясатқа араласуына кедергі болып отыр деген қорытындыға келіп отыр. 

Зерттеушілердің пікірінше, қазіргі қазақстандық жастардың саяси мәдениеті әлеуметтік желілер, цифрландыру және саяси реформаларды қабылдау ерекшеліктерінің ықпалымен қалыптасуда.

Бұл қорытындылар Қазақстандағы Z ұрпағының қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін жаңаша бағалауға мүмкіндік береді. 1995 жылдан кейін дүниеге келген жастар кеңестік кезеңді тікелей бастан өткермеген алғашқы буынның бірі саналады. 

Олардың дүниетанымы тәуелсіз Қазақстан жағдайында, жаһандану мен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы кезеңінде қалыптасты. Сондықтан олар үшін саяси ақпараттың негізгі көзі теледидардан гөрі әлеуметтік желілер, мессенджер, бейне платформалар мен интернет-басылымдар болып табылады.

Z ұрпағының саяси мәдениеті алдыңғы буындардан едәуір ерекшеленеді. Қазіргі жастар әлеуметтік әділеттілік, сапалы білім, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық құқықтар сияқты мәселелерге көбірек көңіл бөледі. Алайда бұл қызығушылық әрдайым саяси партияларға мүше болу немесе қоғамдық ұйымдарға қатысу арқылы көрініс таппайды. 

Керісінше, жастар онлайн-петицияларға қол қоюды, әлеуметтік желілердегі пікірталастарға қатысуды және цифрлық платформалар арқылы азаматтық бастамаларды қолдауды жөн көреді. 

Алматы студенттері арасында жүргізілген зерттеу де жастардың саяси қатысуының негізгі алаңы интернет кеңістігіне ауысқанын көрсетті.. Респонденттердің тек 27,8%-ы қандай да бір сайлау процесіне қатысқанын айтқан. Оның ішінде 13,1%-ы президент сайлауында, 9,4%-ы парламент сайлауында, ал 7,7%-ы жергілікті сайлауларда дауыс берген. Бұл көрсеткіштер жастардың саясатқа қызығушылығы болғанымен, олардың дәстүрлі саяси институттар арқылы қатысу деңгейі әлі де төмен екенін аңғартады.

Жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуының жаңа үлгілері де байқалады. Зерттеуге сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 44%-ы митингілер мен қоғамдық акцияларды тек ақпараттық деңгейде бақылағанын айтқан. 7,8%-ы өзін белсенді қатысушы ретінде көрсетсе, 6%-ы бақылаушы ретінде қатысқан. Сонымен қатар 11,4%-ы болашақта осындай шараларға қатысуға дайын екенін білдірген.

Мұндай өзгерістердің басты себептерінің бірі – қоғамның цифрлануы. Z ұрпағы интернетпен бірге өсіп, виртуалды кеңістікті қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды. Нәтижесінде саясат күнделікті өмірдің құрамдас бөлігіне айналды. Саяси жаңалықтар мен қоғамдық мәселелер жастардың ойын-сауық немесе достарымен қарым-қатынас жасау үшін пайдаланатын платформаларында талқыланады. Бұл саяси ақпаратқа қолжетімділікті арттырғанымен, жалған ақпараттың таралуы мен ақпараттық оқшаулану қаупін де күшейтеді.

Қазақстандағы саяси реформалар да жастардың саяси мәдениетіне әсер етуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформалар азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеді. Алайда жастардың күткен нәтижелері мен реформалардың нақты әсері арасында айырмашылық сақталуда. Сондықтан жастар үшін ақпараттандырылумен қатар саяси шешімдерге ықпал ете алатыны сезіну  маңызды. 

Зерттеу нәтижелері бойынша жастар арасында ең жоғары сенім деңгейі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі: респонденттердің 19%-ы сенетінін, ал 21,5%-ы толық сенетінін айтқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 18,7% сенім білдірсе, 15,3% толық сенетінін көрсеткен. Ал саяси партиялар мен кейбір өзге институттарға қатысты жастардың басым бөлігі бейтарап көзқарас ұстанған. Бұл саяси жүйеге қатысты көзқарастардың әлі де қалыптасу кезеңінде екенін көрсетеді.

Қазақстан жастары әлемдік үрдістерден де тыс қалған жоқ. Әлемнің көптеген елдерінде Z ұрпағы саяси процестерге жаңа форматтар арқылы араласуда. Олар дәстүрлі партиялық саясаттан гөрі нақты қоғамдық мәселелер төңірегінде бірігуге бейім. Онлайн белсенділік, цифрлық кампаниялар және әлеуметтік желілердегі қоғамдық қозғалыстар қазіргі жастардың саяси мәдениетінің маңызды элементіне айналды.

Сонымен бірге Z ұрпағын біртұтас саяси топ ретінде қарастыруға болмайды. Қазақстан жастарының көзқарастары әртүрлі. Олар ұлттық бірегейлік, дін, демократия, әлеуметтік саясат және халықаралық қатынастар мәселелеріне қатысты түрлі пікір ұстанады. Әлеуметтік желілер бұл пікір алуандығын одан әрі айқындай түсті. Сондықтан Z ұрпағын пікірлер плюрализм және ақпарат алмасуға ашықтығымен сипаттаған жөн.

Қорытындылай келе, Z ұрпағы цифрлық сауаттылықтың жоғары деңгейімен, қоғамдық мәселелерге қызығушылығымен және саяси қатысудың жаңа тәсілдерін қолдануымен ерекшеленеді. Халқымыз үшін болашақтағы басты міндеттердің бірі – осы қызығушылықты тұрақты азаматтық белсенділікке айналдырып, жастардың саяси институттарға деген сенімін нығайту. Қазақстанның саяси болашағы көп жағдайда осы міндеттің қаншалықты табысты жүзеге асуына байланысты болмақ. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз