«Яблоко» әлеуметтік желіде: сын мен қолдау нені білдіреді?
«Яблоко» партиясы Мемлекеттік Дума сайлауынан шеттетілгеннен кейін Ресейдегі басты саяси тақырыптардың біріне айналды. Қазір партия бұл шешімге шағым түсіріп жатыр. Сонымен қатар, партия мен оның өкілдеріне қатысты басқа да сот процестері жүріп жатыр. Осыған байланысты партия төрағасы Николай Рыбаковқа деген қызығушылық та артқан. Бұл жағдай әлеуметтік желіде ресейліктердің түрлі пікіріне себеп болды. Партияны қолдайтын аудитория оны «шын оппозиция» деп бағалайды. Сыншылар оның электоралдық ықпалына күмән келтіреді. Ал бейтарап немесе саяси қызығушылығы төмен аудитория партия атауын әзіл мен мемге айналдырған.
«Яблоконы» сайлаудан шығару: қысқаша хронология
Партияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 27 маусымда «Яблоко» партиясының сайлау съезі өтіп, Мемлекеттік думаға баратын 275 кандидат анықталды. Партия «Бейбітшілік пен еркіндік үшін!» ұранымен сайлауға қатысатынын мәлімдеді.
29 шілдеде Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы партияның федералдық тізімін ресми түрде тіркеді. Алайда осы кезеңде кейбір өңірлерде «Яблоконы» сайлаудан шығару туралы сот процестері басталды.
6 тамызда партияның мәліметінше, Мәскеу, Санкт-Петербург, Карелия және Калининградта «Яблокоға» қатысты бір күнде тоғыз сот отырысы өтті.
10 тамызда Ресей Жоғарғы соты «Родина» партиясының талабын қанағаттандырып, «Яблоконы» Мемлекеттік дума сайлауындағы федералдық тізімнен шығарды. Сотта партияның қаржыландырылуы, әлеуметтік желідегі жарияланымдары және сайлауалды материалдарына қатысты мәселелер қаралды.
12 тамызда сот шешімінің толық негіздемесі жарияланды. «Яблоко» сот уәждерімен келіспейтінін айтып, шешімге шағым түсірді.
Сотқа қандай себептер негіз болды?
«Медуза» интернет-басылымның жазуынша, істегі негізгі мәселелердің бірі – шетелден қаржылай қолдау алған азаматтардан түскен қайырымдылық қаражаты. Іс материалдарында шамамен 16,9 мың рубль көлеміндегі сома айтылған. Сот бұл жағдайды «Родина» партиясының талабын қарау кезінде ескерген.
Тағы бір мәселе – әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен сайлауалды материалдарда түрлі суреттерді пайдалану. Олардың арасында ChatGPT көмегімен жасалған материалдар, ән үзінділері және тарихи фотосуреттер де болған.
Ал «Яблоко» бұларды нақты себеп деп есептемейді және партияның сайлаудан шеттетілуін өзінің соғысқа қарсы ұстанымымен байланыстырады.
«Яблокоға» қатысты қандай шектеулер бар?
Санкт-Петербургтегі «Яблоко» ұйымының мәліметінше, бұл жерде барлық жағдайды бір ғана «партияға шектеу қойылды» деген түсінікке біріктірмеу керек. Әңгіме партия мүшелері мен өңірлік ұйымдарына қатысты әртүрлі әкімшілік және сот істері туралы болып отыр. Мысалы, 15 шілдеде Санкт-Петербург қалалық соты «Яблоконың» федералдық саяси комитетінің үйлестірушісі Александр Шишловқа салынған 1500 рубль айыппұлды күшінде қалдырды. Партияның мәліметінше, бұл шешім оның 2026 жылғы сайлауға қатысуына кедергі келтіреді.
Сондықтан, бұл жағдайды «Яблокоға бір ғана шектеу қойылды» деп емес, партия мен оның өкілдеріне қатысты бірнеше сот және әкімшілік істің қатар жүруі деп түсінген дұрыс.
Николай Рыбаков не істеп жатыр?
«Азаттық радиосының» хабарлауынша, Жоғарғы соттың шешімінен кейін «Яблоконы» партия төрағасы Николай Рыбаков белсенді түрде қорғап жүр.
14 тамызда ол сот шешіміне апелляциялық шағым түсіріп, партияның сайлауға қатысу құқығы үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді.
16 тамызда Рыбаков Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфиловаға үндеу жасады. Ол «Яблоконы» сайлауға қайта қосуды немесе дәл осындай талаптарды басқа партияларға да қолдануды ұсынды.
Яғни, Рыбаков бұл мәселені тек сот арқылы емес, саяси деңгейде де көтеріп отыр. Апелляцияны сот 17 тамызда қарайды.
Рыбаковтың жазылушылары шынымен көбейді ме?
Бұл даудың әлеуметтік желідегі ең байқалған әсерлерінің бірі. Қазір Николай Рыбаковтың Instagram парақшасында шамамен 172 мың жазылушы бар.
Ал жазылушылар санының қаншаға өскені туралы деректі бөлек көрсету керек. Мысалы, Ateo Breaking аккаунты екі апта ішінде Рыбаковтың парақшасына шамамен 150 мың жазылушы қосылғанын жазды. Алайда бұл ақпаратты тәуелсіз статистика әзірге растамайды.
«Яблоко» бұл даудан не ұтты?
Сарапшылардың айтуынша, мұнда екі түрлі нәтиже бар. Сайлау тұрғысынан партия ұтылды. Егер апелляция қанағаттандырылмаса, «Яблоко» Мемлекеттік Дума сайлауына федералдық тізіммен қатыса алмайды.
Ал ақпараттық тұрғыдан партияға қоғамның қызығушылығы артты. Сот процесі «Яблоконы» соңғы күндердегі саяси жаңалықтардың біріне айналдырды. Жоғарғы сот ғимаратының алдына партияны қолдаушылар да жиналды. Рыбаков олармен сөйлесті.
Бұл партияға маңызды бір мүмкіндік берді. Енді «Яблоко» өз бағдарламасын ғана емес, сайлаушылардың партияға дауыс беру мүмкіндігі бар ма деген мәселені де алға шығара алады.
Бірақ мұны әзірге саяси жеңіс деп айтуға келмейді. Желіде партияның көп талқылануы немесе Рыбаковтың жазылушыларының өсуі міндетті түрде оның электораты көбейді дегенді білдірмейді.
Бұл жағдай Рыбаковқа не береді?
Партияның мәлімдеуінше, Рыбаковтың өзі үшін бұл оқиға жеке танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді. Ол сот процесінің негізгі спикеріне айналды, партияның әр қадамын өзі түсіндіріп отыр. Осылайша оның есімі «Яблокомен» ғана емес, сайлаудан шеттету туралы даумен де байланысты болып отыр.
Егер Instagram-дағы жазылушылар санының өсуі туралы ақпарат кейін тәуелсіз статистикамен расталса, бұл Рыбаковтың бұрынғыдан да кең аудиторияға шыққанын көрсетуі мүмкін. Бірақ жазылушының көбеюі – сайлаушының көбеюі емес. Адамдар аккаунтқа жаңалықты бақылау, қызығушылық немесе дау-дамайға байланысты жазылуы мүмкін.
Әлеуметтік желі қолданушылары не дейді?
Желіде партияның сайлаудан шығарылуына қатысты қолдау да, оның саяси салдарын талқылау де байқалады. Мысалы, Threads желісінде «Яблоко» мен Николай Рыбаковты қолдаған пікірлер бар. Мысалы, @ateokun атты қолданушы Рыбаковты және партияны қолдайтынын ашық жазған. «Рыбаков – керемет жігіт! Оған да, «Яблокоға» да қолдау білдіремін» дейді ол. Ал @nikolaykhvan1 атты қолданушы «Яблоконы» сайлаудан шығару оқиғасы Ресейде бейбітшілікті қолдайтын азаматтардың ұстанымын айқын көрсетеді» деп жазды.
Партияға қатысты ең айқын қарама-қайшылықты «Фонтанка» оқырмандарының пікірлерінен көруге болады. Бір қолданушы «Яблоконың» саяси оппозиция ретіндегі орнын атап, оны «Тіркелген партиялардың ішіндегі ең жүйесізі әрі оппозициялық партия» деп бағалаған. Алайда, сол пікірталаста басқа қолданушы партияны «ең пайдасыз партия» деп атаған.
Бұл екі пікір әлеуметтік желідегі «Яблоко» феноменінің негізгі қайшылығын көрсетеді. Партияның нақты электоралдық ықпалы төмен болуы оның кейбір адамдар үшін саяси маңызын автоматты түрде жоққа шығармайды. Бір аудитория партияны парламенттегі немесе сайлаудағы нәтижесі арқылы бағалайды, екіншісі оның билікке қатысты ұстанымын маңызды санайды.
Reddit-тегі талқылауда бір қолданушы «Яблоко» туралы бұрын көп естімегенін жазған. Оған жауап берген адам партияны «Шын мәніндегі жалғыз оппозициялық партия» деп атаған. Бірақ сол талқылаудың өзінде басқа қолданушы партияның электоралдық мүмкіндігін «1-5 пайыз шамасында ғана дауыс жинайды» деп сипаттаған. Яғни, интернеттегі негізгі сұрақ «Яблоко» жақсы партия ма дегеннен гөрі оның саяси ұстанымы мен нақты саяси ықпалының арасында алшақтық бар ма дегенге келіп тіреледі.
Партияны қолдайтындар үшін оның құндылығы – парламенттік мандат санында емес, билікке балама көзқарас ұсынуында. Ал сыншылар үшін саяси ұстанымның өзі жеткіліксіз. Егер, ол сайлау нәтижесіне айтарлықтай әсер етпесе, партияның практикалық салмағы төмен деген пікір басым.
10 тамызда Ресей Жоғарғы соты «Яблоконың» федералдық тізімін Мемлекеттік дума сайлауынан алып тастауға шешім қабылдады. Партия бұл шешіммен келіспейтінін және оған шағымданатынын мәлімдеді.
Осыдан кейін әлеуметтік желідегі пікірталас партияның идеологиясынан гөрі сайлау бәсекесі мен саяси құқықтар мәселесіне ауысты. Мысалы, «Фонтанка» пікірлерінің бірінде «Бұл заңды деп танылмайтын сайлау» деген пікір жазылған. Ал басқа қолданушы «Ұят! Бұл сайлауды толығымен елемеу керек!» деп жазған. Бұл жерде «Яблоко» нақты партиядан сайлау процесіне қатысты символға айналады. Яғни, партияны қолдамайтын адамның өзі оның сайлаудан шығарылуын саяси бәсекелестік тұрғысынан бағалауы мүмкін.
Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, «Яблоконың» қазіргі интернеттегі бейнесі саяси балама, оппозициялық символ және мемдік бренд ретінде сипатталған. Партияны қолдайтын аудитория оны «шын оппозиция» деп бағалайды. Сыншылар оның электоралдық ықпалына күмән келтіреді. Ал бейтарап немесе саяси қызығушылығы төмен аудитория партия атауын әзіл мен мемге айналдырады.
Әлеуметтік желіде «Яблоко» туралы сөз біртіндеп саяси бәсекелестік, оппозицияның орны, сайлау еркіндігі және қоғамның наразылығын білдіретін пікірталасқа ұласқан. Сондықтан, «Яблокоға» қатысты жағдайды Ресейдегі саяси пікірталастың әлеуметтік желідегі көрінісі ретінде бағалауға болады.