Ресейде қайта мобилизация жариялана ма?
Ресейде қайтадан мобилизация жариялануы мүмкін деген сөз шықты. Бұған тәуелсіз БАҚ жариялаған зерттеулер себеп болды. Онда келісімшартпен әскери қызметке келушілер санының азайғаны, оларды соғысқа тартудың жаңа тәсілдері қолданылып жатқаны және армия қатарын толықтырудың түрлі нұсқалары талқыланып отырғаны айтылған. Алайда Ресей билігі мобилизацияның қажеті жоқ екенін мәлімдеді.
Келісімшартпен қызметке келушілер азайған
«Верстка» мен «Важные истории» басылымдарының бірлескен зерттеуіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында келісімшартқа қол қоюға ниеттілер саны айтарлықтай төмендеген.
Германияның халықаралық саясат және қауіпсіздік институтының зерттеушісі Янис Клюгенің бағалауынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында күн сайын шамамен 800-1000 адам ғана келісімшартқа отырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20% аз.
Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек үміткерлердің аздығында емес. Соңғы уақытта әскери қызметке жасы, денсаулығы немесе даярлық деңгейі бұрынғы талаптарға сәйкес келмейтін азаматтар да жиі қабылдана бастаған.
Өңірлер төлем көлемін арттырып жатыр
Жоспарды орындау үшін Ресейдің бірқатар өңірлері келісімшартқа отырғандарға төленетін біржолғы төлем мөлшерін көбейтуде.
Мысалы, Новосібір облысында шілде айының соңына дейін бұл төлем 2 миллионнан 2,9 миллион рубльге дейін ұлғайтылды. Бұдан бөлек, келісімшарттағы әскери қызметшілерге ай сайын 220 мың рубльден астам ақшалай төлем көзделген.
«Верстка» басылымының дереккөзі бұл тақырыптың жергілікті БАҚ-та белсенді насихатталып жатқанын айтады. Сондай-ақ өңірлерге әскери қызметке адам тарту көрсеткіштері жақсармаса, қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екені ескертілген.
Жаңа мобилизация мәселесі талқыланып жатыр
Тәуелсіз басылымдардың мәліметінше, Ресей билік құрылымдарында армияны толықтырудың бірнеше жолы қарастырылуда.
Басылымдар президент әкімшілігімен, әскери комиссариаттармен, күштік құрылымдармен және ірі мемлекеттік ұйымдармен жұмыс істейтін сегіз дереккөзге сілтеме жасап, талқыланып жатқан нұсқалардың бірі – жаңа мобилизация екенін жазады.
Сонымен бірге ақпарат көздері түпкілікті шешім қабылданбағанын айтады. Кейбірінің пікірінше, бұл мәселе Мемлекеттік Дума сайлауынан кейін күзде қайта көтерілуі мүмкін.
Кәсіпорындарға қысым күшейген
«Дождь» телеарнасының мәліметінше, Ресейдің кейбір өңірлерінде кәсіпорындарға келісімшарт бойынша әскери қызметке үміткерлерді тарту жоспары жүктелген.
Бурятиядағы аудандардың біріне арналған «2026 жылы келісімшарт бойынша қызметке кандидаттарды іріктеу жоспары» құжаты журналистер қолына түскен. Онда әр кәсіпорындағы қызметкерлер саны, әскер жасындағы ер азаматтардың үлесі және олардың қаншасы келісімшартқа жіберілуі тиіс екені көрсетілген.
Егер кәсіпорын қажетті адам санын таба алмаса, оған бір кандидат үшін 100 мың рубль төлеп, арнайы қызмет арқылы үміткер іздеу ұсынылатыны айтылған.
Телеарна дереккөзінің мәліметінше, мұндай тәжірибе Бурятиямен ғана шектелмей, Ресейдің басқа өңірлерінде де қолданылып жатыр.
Ресей билігі не дейді?
Ресейдің ресми тұлғалары жаңа мобилизация болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарып келеді.
24 шілдеде Мемлекеттік Дума депутаты Андрей Колесник елде мобилизацияның жаңа кезеңі болмайтынын мәлімдеді.
Ал 28 шілдеде Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев де осындай мәлімдеме жасап, бұл мәселеде ешқандай қажеттілік жоқ екенін айтты, деп жазады «РИА Новости».
«Бұл – жаудың өтірігі», – деді Медведев.
Қазіргі уақытта Ресейде жаңа мобилизация ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда тәуелсіз БАҚ мәліметінше, билік армия қатарын толықтырудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр.