Атақты музейлерді интернет арқылы қалай аралауға болады?
Әлемге әйгілі музейлерді аралап, танымал картиналарды жақыннан көру үшін басқа елге барудың қажеті жоқ. Мұны Google Arts & Culture платформасы арқылы жасауға болады. Ол әлемнің әртүрлі еліндегі музейлердің коллекцияларын, тарихи жәдігерлерді және өнер туындыларын онлайн зерттеуге мүмкіндік береді. Google Arts & Culture – Google компаниясы мен мәдени мекемелер бірлесіп жасаған цифрлық платформа. Оның мақсаты – әлемдік өнер мен мәдениетті көпшілікке таныстыру.
Google Arts & Culture не үшін қажет?
Платформа арқылы музейлердің көрмелерін тамашалап, әйгілі суретшілердің шығармаларын зерттеуге және тарихи оқиғалар туралы ақпарат алуға болады. Мысалы, Ван Гогтың картиналарын қарап, олардың ерекшеліктерін зерттеуге немесе ежелгі өркениеттер туралы онлайн көрмелерді көруге болады.
Сондай-ақ, кейбір картиналарды үлкейтіп, жай қарағанда байқалмайтын бөлшектерін көруге мүмкіндік бар.
Платформаның қандай қызықты мүмкіндіктері бар?
Art Selfie – өзіңе ұқсайтын портретті тап
Бұл функция адамның селфиін музейлердегі портреттермен салыстырып, бет-әлпетіне ұқсас суреттерді ұсынады. Сөйтіп, портреттің авторы мен тарихын білуге болады.
Google бұл мүмкіндікті алғаш рет 2018 жылы таныстырған. Кейін Art Selfie 2 нұсқасы пайда болып, фотосуретті әртүрлі тарихи кезеңдер мен көркем образдарда көруге мүмкіндік туды.
Art Transfer – фотосуретті өнер туындысына айналдыру
Бұл функция фотосуретке белгілі суретшілердің шығармаларынан шабыт алған көркем стиль беруге мүмкіндік береді. Мысалы, өз суретіңді Ван Гогтың картиналарына ұқсас мәнерде өзгертіп көруге болады.
Бұл мүмкіндік шығармашылықпен айналысып, әртүрлі өнер стильдерін салыстыруға қызығатындарға арналған.
Art Projector – картинаны үйде көру
Art Projector толықтырылған шындық технологиясы арқылы өнер туындысын бөлмеде тұрғандай көруге мүмкіндік береді. Телефонның камерасын пайдаланып, картинаның кеңістікте қалай көрінетінін байқауға болады.
Бұл функцияны пайдалану үшін мобильді қосымша қажет.
Pocket Galleries – виртуалды музейді аралау
Бұл мүмкіндік арқылы музейге бармай-ақ, виртуалды көрме залдарын аралауға болады. Көрмелер белгілі бір суретшіге, тарихи кезеңге немесе өнер бағытына арналады.
Картиналарды жақыннан зерттеу
Платформадағы кейбір картиналардың жоғары сапалы цифрлық көшірмелері бар. Оларды үлкейтіп, бояу іздерін және көзге бірден байқала бермейтін ұсақ бөлшектерін көруге болады.
Google мәдени мекемелерге өз коллекцияларын цифрландыруға көмектеседі.
Google Arts & Culture-ді қалай қолдануға болады?
Платформаны пайдалану үшін ресми сайтқа кіріп, іздеу жолағына өзіңді қызықтырған тақырыпты жазуға болады. Мысалы, «Ван Гог», «Ежелгі Мысыр» немесе «Қазақстан» деп іздеп, табылған материалдарды қарауға болады.
Фотосуретпен жұмыс істейтін және толықтырылған шындықты қолданатын кейбір мүмкіндіктер үшін мобильді қосымша қажет болуы мүмкін. Оны Google Play немесе iPhone пайдаланушыларына арналған App Store дүкенінен табуға болады.
Платформадағы материалдардың басым бөлігі тегін. Дегенмен, кейбір функциялар телефонның моделіне немесе құрылғының мүмкіндіктеріне байланысты жұмыс істемеуі мүмкін.
Бір сөзбен айтқанда, Google Arts & Culture – өнер мен тарихты қызықты форматта зерттеуге арналған платформа. Оның көмегімен виртуалды музейлерді аралап, әйгілі картиналарды жақыннан көріп, өз фотосуретіңді түрлендіруге болады.
Бұған дейін Петропавлда танымал суретші Станислав Алерт бес тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік.