ҚазҰУ жатақханаларында түнгі тексеру жүргізіліп жатыр ма?

ҚазҰУ студенттері әлеуметтік желіде жатақханадағы түнгі тексерулер мен университет аумағындағы күзет қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды. Бір студенттің айтуынша, түн ортасында өзін полицияның көмекшісі ретінде таныстырған адамдар бөлмелерге ескертусіз кіріп, екі бөтелке үшін түсініктеме жазуды талап еткен. 

Түнгі 12-де бөлмеге ескертусіз кіріп тексереді

Threads әлеуметтік желісіндегі 1977gohalau аккаунтында жарияланған жазбада ҚазҰУ жатақханасында екінші жыл тұрып жатқан студент түнгі тексеруге шағымданған.

Оның сөзінше, түнгі сағат 12 шамасында жатақханаға тексеруге келетін адамдар өздерін полицияның көмекшілері ретінде таныстырады. Студент олардың бөлмеге есік қақпай кіретінін, дөрекі сөйлейтінін және екі бөтелке табылғаны үшін түсініктеме жазуды талап ететінін айтады.

Автор бұл адамдардың студенттік кеңеске немесе қоғамдық тәртіпті қорғау жасағына қатысы жоқ екенін жазған. Оның айтуынша, бұған дейін жатақханада тазалық пен тыныштықты бақылайтын студенттер болған, бірақ олар тексеріс кезінде сыпайы сөйлескен. «Кім оларға мұндай құқық берген» деп ренжиді студент.

Жазба астындағы пікірлердің бірінде қолданушы университет әкімшілігінен, жатақхана күзеті мен кезекші тәрбиешіден жағдайға қатысты түсініктеме алуды ұсынған. 

«Университет ештеңе айтпайды, мәселе де осында. Олардың полицияның немесе қалашықтың көмекшілері екенін айтады, нақты есімде жоқ. Бірақ өздері де студенттер. Жоғарыда отырған адамдардың қолдауымен жатақханаға кіруге мүмкіндік беретін бірдеңе жасап алған сияқты. Сөйтіп, бәрін өздері басқаратындай әрекет етеді», – дейді жазба авторы. 
Студент күзетшінің әрекетіне де шағымданды
Бұған дейін, 13 қазанда осы студент ҚазҰУ аумағындағы өткізу бекетінде болған жағдай туралы тағы бір жазба жарияланған.

Автордың айтуынша, университет күзетшісі такси көлігін шлагбаумнан өткізбей, студентті жатақханаға дейін жаяу баруға мәжбүрлеген. Студенттің сөзінше, оның арқасы жарақаттанғандықтан, ұзақ жүруге болмайды. Жатақханаға дейінгі жол шамамен 15 минутты алады.

Жазба авторы мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғанын, күзетшінің ауыр сөмкелері бар өзіне және таныстарына да жаяу жүруді талап еткенін мәлімдеген. Ол университет басшылығынан жағдайға назар аударуды сұраған.

Оқу орны не дейді?

Студенттің жазбасына ҚазҰУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаменті жауап берді. Департамент өкілдері жағдайды анықтау үшін оқиға қай жатақханада болғанын нақтылап, жеке хабарлама жазуды сұрады.

«Біз болған жағдайдың мән-жайын анықтауға дайынбыз. Қажетті көмек көрсетіп, мәселені шешуге жәрдемдесуге әзірміз», – деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз