Диплом жазғанда ChatGPT қолдануға бола ма?
Қазақстанда дипломдық жұмыс жазғанда ChatGPT қолдануға қойылатын талаптар әр университетте әртүрлі. Кейбір оқу орындары жасанды интеллектіні қосымша құрал ретінде пайдалануға рұқсат береді, ал кейбірі оқытушымен алдын ала келісуді талап етеді. Нейрожелі жасаған мәтінді өз еңбегі ретінде көрсету академиялық адалдықты бұзу болып саналуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі түсіндіреді.
Ғылым министрлігі не дейді?
Министрліктің түсіндіруінше, жасанды интеллектіні қолданудың нақты тәртібін университеттердің өзі белгілейді. Сондықтан, студенттер оқу орнының академиялық адалдық ережелерін сақтауы тиіс.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, дипломдық және басқа да жазбаша жұмыстар плагиатқа тексеріледі. Тексеру кезінде мәтіннің түпнұсқалығы, басқа дереккөздерден алынған ақпарат, студенттің жұмысты түсінуі және оны қорғау кезінде түсіндіре алуы ескеріледі. Ал жасанды интеллектіні анықтайтын бағдарламалар қосымша құрал ретінде қолданылады.
Жасанды интеллектіні қолданудың өзі жұмысты автоматты түрде жарамсыз етуге негіз болмайды. Университеттің ішкі ережелеріне сәйкес академиялық адалдық бұзылған жағдайда ғана студент жұмысы тексеріледі.
Сондай-ақ, Қазақстанда диплом жұмысындағы плагиаттың рұқсат етілген деңгейіне қатысты пайыздық өлшем жоқ. Әр жоғары оқу орны жазбаша жұмыстарды тексеру және олардың түпнұсқалығын бағалау тәртібін өзі белгілейді.
Қазақстан университеттері ChatGPT қолдануға рұқсат бере ме?
Әр университеттің өз талабы бар. Мысалы, кейбір оқу орындары ЖИ қолданғанын көрсетуді міндеттесе, енді бірі оқытушының алдын ала келісімін талап етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ресми сайтында жарияланған ережеге сәйкес, дипломдық және ғылыми жұмыстарды дайындау кезінде генеративті жасанды интеллектіні қолдануға болады. Бірақ зерттеу нәтижелері, ұсыныстар мен қорытындыларды автордың өзі жазуы керек. Сондай-ақ, ЖИ қолданылғаны туралы мәлімет беріп, құралдың атауын, өндірушісін, нұсқасын және пайдаланылған күнін көрсету қажет. Университет ережесі бойынша, ЖИ қолдануға ғылыми кеңесшілер мен жергілікті этикалық комиссияның алдын ала рұқсаты керек.
Yessenov University-тің академиялық қызметке арналған ресми бөлімінде ChatGPT сияқты құралдарды тек білім беру мақсатында және оқытушы рұқсат берген жағдайда пайдалануға болатыны жазылған. Студент ЖИ қолданғанын және оның жұмысқа қосқан үлесін көрсетуі тиіс. Нейрожеліні емтихан, тест немесе білімді тексерудің басқа түрлерінде қолдануға болмайды.
Қарағанды медицина университетінің академиялық адалдық кодексінде студенттер бағаланатын жұмыстарды, соның ішінде дипломдық жобалар мен ғылыми зерттеулерді өз бетінше жазуы керектігі айтылған. Жасанды интеллектіні қолдануға оқытушымен алдын ала келісілген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Егер нейрожелі қолданылса, ол жазған мәтінді белгілеп көрсету қажет.
Осы мысалдарда айтылғандай, бір университетте рұқсат етілген тәсілге екінші оқу орнында тыйым алынған. Сондықтан, студент өз университетінің нақты ережесін тексеруі керек.
Диплом жазғанда ChatGPT-ді не үшін қолдануға болады?
Егер университеттің ережелерінде рұқсат етілсе, ChatGPT жұмыстың жекелеген кезеңдерінде көмекші құрал бола алады. Мысалы:
- Жоспар құруға: дипломның құрылымын әзірлеуге және зерттеу сұрақтарын анықтауға көмектеседі.
- Ақпарат іздеуге: қажетті тақырыптар мен іздеу сөздерін ұсынады.
- Мәтінді өңдеуге: грамматикалық қателерді түзетіп, сөйлемдерді түсінікті етуге көмектеседі.
- Деректерді талдауға: кестелерді дайындау, код жазу және талдау әдістерін түсіну кезінде қолдау көрсете алады.
- Қорғауға дайындалуға: комиссия қоюы мүмкін сұрақтарды құрастырып, жауаптарды жүйелеуге көмектеседі.
Алайда, ChatGPT ұсынған мәліметтерді, сандарды, дәйексөздер мен дереккөздерді міндетті түрде тексеру керек. Нейрожелі кейде қателеседі немесе жоқ ғылыми еңбектерге сілтеме беруі мүмкін.
ChatGPT қолданғаны үшін дипломды қорғауға жібермеуі мүмкін бе?
Tengrinews.kz жариялаған министрлік түсіндірмесінде Қазақстанда ЖИ қолдануға байланысты күші жойылған жұмыстар бойынша бірыңғай ұлттық статистика жоқ екені айтылған. Мұндай шешімдерді университеттер өздерінің ішкі рәсімдеріне сәйкес қабылдайды.
Диплом жазар алдында нені ескеру керек?
Ең алдымен университеттің академиялық адалдық кодексімен және дипломдық жұмыстарды тексеру тәртібімен танысыңыз.мЕкіншіден, ғылыми жетекшіден ChatGPT қолдануға болатын-болмайтынын және қандай мақсатта пайдалануға рұқсат етілетінін сұраңыз. Қажет болса, нейрожеліні пайдаланғаныңызды және оның жұмысқа қосқан үлесін көрсетіңіз. Дереккөздерді, зерттеу нәтижелерін және қорытындыларды өзіңіз тексеріңіз. Дипломның мазмұнын толық түсініп, қорғау кезінде әр тұжырымыңызды түсіндіруге дайын болыңыз.
Бұған дейін жасанды интеллект кімдерді жұмыссыз қалдыратынын жазған едік.