Алматы жатақханаларында жүздеген орын бос тұр: студенттер неге әлі де пәтер жалдайды?

9 қазанда Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы халықаралық ақпарат агенттігі қаладағы студенттік жатақханаларда 830 бос орын бар екенін хабарлады. Бір студенттер пәтер іздеп, жалдау ақысын өзгелермен бөлісуге мәжбүр болса, екінші жағынан, студенттерге арналған тұрғын орындар бос тұр. Мұның себебі неде және бос орындар шын мәнінде студенттер үшін қолжетімді ме? Толығырақ Youth.kz материалында.

Басқарманың мәліметінше, қалада 136 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Оның 93-і оқу орындарына тиесілі болса, қалған 43-і жеке меншік нысандар. Бұдан бөлек, студенттерді орналастыру үшін 60 хостел де пайдаланылып келеді.

Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 221 мың студент білім алады. Олардың 149 мыңы Қазақстанның басқа өңірлерінен келген, ал 17 мыңы – шетелдік студенттер. 

Сонымен қатар, 830 бос орын бес жекеменшік жатақханаға бөлінген. Атап айтқанда, Mango Residence-те – 500, ANU Group-та – 150, Royal House-та – 100, «Маер Трейд» нысанында – 50 және ЖК Макеев жатақханасында 30 орын бар. Студенттерге жатақханаға орналасу мәселесі бойынша тиісті ұйымдарға тікелей хабарласу ұсынылған.

Жатақхана ма, әлде жалдамалы пәтер ме?

Студенттердің баспана таңдауына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – қаржылық жағдай. Әсіресе басқа өңірлерден келген жастар үшін тұрғын үй шығындары ай сайынғы бюджеттің едәуір бөлігін құрайды. Салыстырмалы түрде арзан баспананың өзі бастапқы жарна немесе депозит төлеу қажет болған жағдайда қолжетімсіз болуы мүмкін.

Сонымен қатар қолжетімді жатақхана дегеніміз әрдайым ең арзан баспана деген сөз емес. Жекеменшік студенттік резиденциялар бөлмелердің түріне, жайлылық деңгейіне және қосымша қызметтеріне қарай ерекшеленеді. Сәйкесінше, олардың тұру ақысы да әртүрлі. Мысалы, ҚазҰУ-да жатақханада тұру құны айына 25 мың теңге, Satbayev University-де 20 мың теңге, Narxoz жатақханаларында 56 мың теңге, ал EMEN Student Housing нысанында 100 мың теңге. 

Ал пәтер жалдау студенттерге аудан мен көршілерді өз бетінше таңдауға, сондай-ақ тұру жағдайларын жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Бірнеше студент бірге пәтер жалдаған жағдайда, шығындарды өзара бөлісуге болады. Мысалы, 1 бөлмелі пәтерді 200-220 мың теңгеге табатын болса, 2 адам – 100-110 мың, 3 адам – 66-73 мың теңге төлейді. 

Әсіресе баспана университетке немесе жұмыс орнына жақын орналасса, мұндай нұсқа тиімді болуы мүмкін.

Жеке кеңістік пен тұрмыстық жағдай

Студенттердің жатақханадан бас тартуының тағы бір ықтимал себебі – тұрмыстық жағдай. Бір бөлмеде бірнеше адаммен бірге тұру, асүй мен санитарлық тораптарды ортақ пайдалану, ішкі тәртіп ережелеріне бағыну қажеттілігі баспана таңдау кезінде маңызды факторға айналуы мүмкін. Атап айтқанда: жеке кеңістіктің жеткіліксіздігі, бөлмелердегі адам санының көптігі және тұрмыстық жағдайлардың көңілден шықпауы.

«Өкінішке орай, 1 бөлмеде 3 адам болып жатамыз. Жеке кеңістік жетпеуімен қатар пәтердің апаттық жағдайда болуы бар. Бірақ басқа пәтер иелері 3 ұлға пәтер беруге ниеттері жоқ», – деп ҚазҰПУ студенті Жузеев Заңғар көңіліндегі мұның айтты.

Географиялық фактор

Алматы – аумағы кең, көлік инфрақұрылымы күрделі ірі қала. Жатақхананың орналасқан жері де студенттің таңдауына ықпал етуі мүмкін. Егер бос орын университеттен алыс орналасса, оқу орнына жету көп уақытты және қосымша қаражатты талап етеді. Мұндай жағдайда студент жатақханада тұрғаннан гөрі университетке жақын жерден бөлме немесе пәтер жалдауды тиімді көруі мүмкін.

Бұл мәселе әсіресе сабақтары таңертең ерте басталатын немесе кеш аяқталатын студенттер үшін өзекті. Жолға кететін уақыт күнделікті шығындардың біріне айналғанымен, ол баспананың ресми бағасына кірмейді.

Материал жазылу барысында біз Абдурахман есімді жігітті кездестірдік. Ол ҚазҰУ-дағы ФФИП факультетінде оқиды. Оның айтуы бойынша, ҚазҰУ-қалашығындағы №9 жатақханада орналасқан күннің өзінде, факультет ғимаратына жету біраз уақыт алады. Нақтырақ айтқанда, 30 минуттан 1 жарым сағатқа дейін.

«Өзім ауылды мекеннен болғаннан кейін жатақханаға орналасамын деп шештім. Бірақ жол кептелісі басталатын кезде бір жарым сағаттай жолда боламын. Параға кешіккен кезде кейбір ұстаздар аудиторияға кіргізбейді», – деп өз ойымен Абдурахман бөлісті.

Оқу жылы басталған кезде басқа қалаға келген студенттер пәтер іздей бастайды. Бірақ арзан немесе жақсы пәтер тапқан кезде бірден ақша аударуға асықпау керек. Ең алдымен пәтердің иесін, құжаттарын және жалдау шартын тексерген жөн. Қазақстан заңнамасында тұрғын үйді жалдау кезінде тараптардың құқықтары мен міндеттері шарт арқылы бекітіледі. Бұл туралы мына мақалада оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз