Қазақстанда кітапханалар 15 жылда шамамен 6,2 пайызға азайған

Құрылтай депутаты Динара Райханова ауыл кітапханаларының жағдайы алаңдататынын айтып, мәселе көтерді. Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда қазір 3 912 кітапхана бар, олардың 85 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Соңғы 15 жылда елдегі кітапхана желісі шамамен төрттен бірге қысқарған.

Депутат ауыл кітапханаларына жыл сайын шамамен 25 миллион адам келетінін айтады. Оның айтуынша, бұл олардың ауыл тұрғындары үшін маңызды мәдени және ақпараттық орталық екенін көрсетеді. Соған қарамастан, бірқатар кітапхана қаржыландырудың қысқаруына байланысты жабылу қаупі алдында тұр.

Райханованың мәліметінше, елдегі кітапханалардың тек 59 пайызы интернетке қосылған. Сонымен қатар, 32 кітапхана күрделі жөндеуді қажет етеді, 17-сі жылытылмайтын ғимараттарда орналасқан, ал 12-сі апатты жағдайда. Ауыл кітапханаларының кітап қоры да ескірген, кейбір ғимараттар заманауи талаптарға сай келмейді. Бұған қоса, көпшілігінде коворкинг, клубтар мен үйірмелер өткізуге арналған орындар жеткіліксіз.

Осыған байланысты депутат ауыл кітапханаларын жабу немесе қайта ұйымдастыру кезінде жергілікті тұрғындардың пікірін сұрауды, қорларды қазақ тіліндегі заманауи және классикалық әдебиеттермен толықтыруды, сондай-ақ 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасына ауыл кітапханаларының инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жеке бөлім енгізуді ұсынды. 

Ауыл кітапханасының жай-күйі Сенатта көтерілді

Ауыл кітапханаларының жағдайы бұған дейін де Парламентте көтерілген. 2024 жылғы 1 ақпанда Сенат отырысында депутат Дархан Қыдырәлі ауылдардағы мәдениет үйлері мен кітапханалардың жай-күйіне назар аударып, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту қажеттігін айтқан.

Депутат сол кездегі мәліметтерге сүйеніп, Қазақстандағы 3 891 кітапхананың 79 пайызы ауылдық жерде орналасқанын жеткізген. Оның айтуынша, ауыл кітапханаларының 60 пайыздан астамы ескірген, ал олардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай келмеген. Сонымен қатар,  кітапхана қызметкерлерінің жалақысы төмен болғандықтан, мамандардың тұрақтамауы және кітап қорын толықтыруға бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі де өзекті мәселелердің бірі ретінде аталды.

Дархан Қыдырәлі ауыл кітапханаларының жағдайын мәдени инфрақұрылымның жалпы ахуалымен байланыстырған. Оның сөзінше, шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері мен клубтардың жетіспеушілігі тұрғындардың, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне кедергі келтіреді. Кітапхана, спорт нысаны және шығармашылық үйірмелер болмаған жағдайда ауыл жастарының білімін жетілдіріп, қабілетін дамыту мүмкіндігі де шектеледі.

Депутат ауылдағы кітапханалардың бір бөлігі бұрын мектептерге қосылғанын, соның салдарынан қарапайым тұрғындардың оларды пайдалану мүмкіндігі шектелетінін де айтқан. Бұған қоса, көркем әдебиет қорының жеткіліксіздігі мен кітап сатып алуға бөлінетін қаражаттың аздығы оқырмандардың сұранысын толық өтеуге мүмкіндік бермейтінін айтады.

Сенатор ауылдық жерлердегі мәдени инфрақұрылымның әлсіздігі жастардың қалаға көшуіне әсер ететін факторлардың бірі болуы мүмкін екенін де көтерген. Оның пікірінше, ауыл тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайын жасау үшін жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар салумен қатар, кітапханалар мен мәдениет үйлерін де жаңарту қажет.

Осыған байланысты депутат Үкіметке ауылдың мәдени өмірін дамытуға арналған арнайы бағдарлама әзірлеу және ауыл кітапханаларын салу мәселесін қарастыру туралы сұрақтар қойған. Ол кітапханаларды тек кітап сақтайтын орын емес, тұрғындар білім алып, шығармашылықпен айналысып, мәдени іс-шараларға қатыса алатын қоғамдық кеңістік ретінде дамыту қажеттігін алға тартқан.

Кітапхана мәселесі неге өзекті?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2011 жылы Қазақстанда 4 171 кітапхана болған. Ал 2026 жылғы 1 қаңтарда көпшілікке қолжетімді кітапханалар саны 3 912-ні құраған. Осы көрсеткіштерді салыстырғанда, кітапханалар саны 259-ға немесе шамамен 6,2 пайызға азайған.

2022 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 3 920 кітапхана болған. Дәл осындай көрсеткіш 2025 жылғы 1 қаңтарда да тіркелген. Ал 2026 жылдың басында кітапханалар саны сегізге азайған.

Кітапханаларға келушілер саны да сәл төмендеген. 2024 жылы оларға 55,5 миллион рет барған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 55,2 миллионды құраған. 

Бұл жерде Құрылтай депутаты мен статистика деректері арасындағы айырмашылық сезіледі. Бірақ, депутат ауыл кітапханаларының жай-күйін айтқанын ескерсек, мәселе ауылдық жерлерге қатысты борлуы мүмкін. Дегенмен, интернет пайда болғалы кітапхана, кітап мәселесі екінші орынға ығысқаны анық. Десек те, халықтың рухани қазынасы саналатын кітапхананың қоғамдағы орны әрқашан маңызды болып қала береді. 

Бұл деректер кітапханалардың біртіндеп азайып бара жатқанын көрсетеді. Осы орайда, мемлекеттің өзі кітап оқитын ұлт идеясын насихаттап жатқанын ескерсек, кітапхананың жай-күйі өзекті екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, депутаттар көтерген мәселе аса өзекті болып отыр. Бұл мәселе білім алатын жастарға тікелей қатысты екенін ескерсек, Құрылтай мінберінен айтылған мәселе кезек күттірмей шешілуі тиіс деп есептейміз.

Бұған дейін қазақстандықтардың кітапқа сұранысы 21% өскенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз