Шетелдіктер неге Қазақстанды таңдайды

Соңғы бірнеше жылда еліміз шетелдіктер үшін білім алуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге әлемдегі қолайлы жердің біріне айналып келеді. Әсіресе алмасу бағдарламалары, халықаралық компаниялардың көбеюі және елдегі тұрақтылық Қазақстанға қызығушылықты арттырған. Осыған орай, Youth.kz шетелдік студенттермен сөйлесті.

Еуропалық студент: Қазақстан барлық талабымa сай келді

Бүгінде Қазақстан университеттерінде мыңдаған шетелдік студент білім алады. Олардың қатарында Үндістан, Пәкістан, Қытай, Ресей  және Еуропа елдерінен келген жастар бар. Бірі медицина мамандығын таңдаса, енді бірі халықаралық тәжірибе үшін келеді.

Солардың бірі – Франциядан келген Бонуччи Клемент. Ол Қазақстанға академиялық алмасу бағдарламасы арқылы келген. 2025 жылы Alliance Française ұйымымен бірге француз тілі мен мәдениетін насихаттауға қатысқан.

Клементтің айтуынша, Қазақстанды таңдауға оның Орталық Азия мен орыстілді ортаға деген қызығушылығы себеп болған. 

«Мен Қазақстанға бұрыннан қызығатынмын. Аумағы үлкен, тарихы бай әрі мәдениеті алуан түрлі ел ретінде білетінмін. Сондықтан, мен Орталық Азиядағы тәжірибені іздедім және Қазақстан барлық талабымa сай келді», – дейді ол.

Шетелдік студент Қазақстанға келмей тұрып ел туралы көзқарасы басқаша болғанын айтады.

«Бұрынғы Кеңес Одағы елінде адамдар тұйықтау болуы мүмкін деп ойладым. Бірақ шындық мүлде басқа болып шықты. Мұндағы адамдар өте ашық, қонақжай әрі жылы жүзді», – дейді Клемент.

Оның сөзінше, Қазақстандағы жастардың басқа мәдениеттерге қызығушылығы жоғары. Әсіресе француз тілі мен мәдениетіне қызығатын адамдар саны артып келеді.

«Адамдар тілді жай ғана оқымайды. Олар мәдени іс-шараларға қатысып, жаңа байланыс орнатуға тырысады. Қазақ студенттерінің қызығушылығы мені қатты таңғалдырды» – дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға келетін шетелдіктер санының артуына бірнеше фактор әсер етеді. Оның ішінде жоғары білімнің салыстырмалы қолжетімділігі, көптілді орта, халықаралық бағдарламалардың дамуы және еңбек нарығындағы мүмкіндіктер бар.

Соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік компаниялардың саны да көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде халықаралық мамандарға сұранысты арттырған. Әсіресе бірнеше тіл меңгерген жастардың мүмкіндігі жоғары бағаланады.

Клементтің пікірінше, Қазақстанда француз тілінің де болашағы бар.

«Қазақстан өте жылдам дамып келе жатқан ел. Қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерін меңгерген адам еңбек нарығында ерекше артықшылыққа ие болады», – дейді ол.

Қытай азаматы: адамдар әрдайым көмектесуге дайын 

Қытайдан келген студент Ян Айбинь Қазақстанға келмей тұрып ел туралы жалпы түсінігі болғанын айтады. Оның сөзінше, көрші мемлекет ретінде Қазақстан жайлы ақпарат Қытайда жиі кездеседі, сондықтан ел оған мүлде бейтаныс болмаған.

ҚазҰУ-дың студентінің айтуынша, университет пен оқытушылар шетелдік студенттердің бейімделуіне белсенді түрде көмектеседі. Оның пікірінше, мұндай қолдау жаңа ортаға тез үйренуге мүмкіндік береді.

«Бізге студенттерге арналған пәтерлерді немесе жатақханаларды табуға көмектесті. Кез келген сұрақ туындаса, ұстаздардан еркін көмек сұрай аламыз», – дейді ол.

Қазақстан туралы қандай да бір айқын стереотиптері болмағанын айтқан Ян елге келгеннен кейін бұрынғы көзқарасының түбегейлі өзгермегенін жеткізді. Дегенмен, ол жергілікті адамдардың ашықтығы мен көмектесуге дайын тұратынын ерекше атап өтті.

Ал қазақ тағамдарының ішінде оған ең қатты ұнағаны – бешбармақ. Ян бұл астың дәмі мен дастарқан басындағы атмосфера қазақ мәдениетін тереңірек сезінуге көмектескенін айтады.

Қазақстандағы өмір оның дүниетанымына да әсер еткен. Оның пікірінше, қазіргі әлемде көптеген елдер Батысқа бағдарланғанымен, Қазақстан Батыс пен Батысқа жатпайтын әлемнің арасындағы өзіндік көпір іспеттес. Ян Айбиньнің сөзінше, дәл осы ерекшелік елдің мәдени және қоғамдық тәжірибесін ерекше етеді.

«Біз Батыстан үйреніп жатқандаймыз. Бірақ Қазақстан әлі де батыстық және батыстық емес әлемнің арасындағы өзіндік шекарада тұр», – деп ол ойын қорытындылады.

Америкадан келген Сара: мұнда адамдар өте ашық және заманауи 

Америкалық студент Сара Миллер Қазақстанға келмей тұрып бұл ел туралы көбіне география мен посткеңестік кеңістік аясында ғана білетінін айтты. Бұған дейін Ресейде оқығандықтан, Орталық Азия туралы белгілі бір түсінігі болған. Алайда Қазақстанды көбіне «Ресейге жақын мемлекет» ретінде елестеткенін жасырмайды. Елге келгеннен кейін оның Қазақстан туралы көзқарасы айтарлықтай өзгерген.

«Мен Қазақстанды анағұрлым жабық әрі консервативті қоғам деп ойладым. Бірақ мұнда адамдар өте ашық, заманауи және халықаралық ортаға бейім екен», – дейді Сара. 

Әсіресе, оны Астанадағы студенттік орта таңғалдырған. Оның пікірінше, Назарбаев университетінде түрлі елден келген жастардың еркін араласуы мен пікір алмасуы Қазақстан қоғамының әлдеқайда жаһанданғанын көрсетеді.

Сара Қазақстанға Ресейден көшіп келген. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ол оқуын жалғастыру үшін қауіпсіз әрі тұрақты орта іздеп, Қазақстанды таңдаған. Қазір ол Назарбаев университетінің білім беруді басқару бағыты бойынша магистратураның бірінші курсында оқиды.

Оның сөзінше, Қазақстандағы өмір дүниеге деген көзқарасын өзгерткен. 

«Батыста адамдар өте индивидуалистік қоғамда өмір сүреді. Ал Қазақстанда адамдар арасындағы байланыс, туыстық пен қонақжайлық әлдеқайда маңызды екенін байқадым», – дейді ол. 

Сараның пікірінше, Батыс елдері Қазақстаннан адамдар арасындағы қарапайым жылылықты, қауымдастық сезімін және үлкенге құрмет мәдениетін үйрене алар еді.

Қазақстанға келген шетелдіктердің көбі елдің адамдарына ерекше тоқталады. Әлеуметтік желілерде де шетелдік блогерлер қазақтардың қонақжайлығы, қауіпсіздік деңгейі және заманауи қалалар туралы жиі айтады.

Дегенмен, кейбір шетелдіктер тілдік кедергілер мен құжат рәсімдеу мәселелерін де атап өтеді. Соған қарамастан, олардың көпшілігі Қазақстандағы тәжірибесін жағымды бағалайды.

Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық білім мен мәдени алмасу кеңістігіндегі орнын біртіндеп күшейтіп келеді. Ал мұнда келген шетелдіктердің пікірлері елдің сыртқы имиджіне де әсер етуде.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз