Сессия деген не және оған қалай дайындалу керек?
Сессия – студенттердің тоқсан бойы алған білімін емтихан немесе сынақ арқылы қорытындылайтын кезең. Бұл уақытта бірнеше пәннен қатарынан емтихан тапсыруға тура келеді. Сондықтан, дайындықты алдын ала бастап, уақытты дұрыс жоспарлаған дұрыс. Студенттер сессия кезінде материалдың көптігінен, уақыттың жетіспеуінен қиналып, емтихан алдындағы қобалжиды. Осындай қиындықтар болмау үшін оқу процесін жоспарлап, тиімді дайындық тәсілдерін қолданған жөн.
Емтиханға неше күн бұрын дайындалу керек?
Емтиханға дайындықты нақты неше күн бұрын бастау керегін көрсететін ортақ ереже жоқ. Бұл пәннің қиындығы мен оқылатын материалдың көлеміне байланысты болады.
Мысалы, 2021 жылы CBE–Life Sciences Education ғылыми журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар студенттердің оқу әдеттері мен емтихан нәтижелерін зерттеген. Бірақ, студенттер емтиханға дайындықты орта есеппен алты күн бұрын бастағаны анықталған. Алайда, дайындықты ертерек бастау жоғары баға алуға міндетті түрде көмектесетіні анықталмаған.
Зерттеушілер материалды жай оқи бермей, тест тапсырмаларын орындауға, біліміңді тексеруге және тақырыпты өз сөзіңмен түсіндіруге кеңес береді. Бұл тәсілдер қай тақырыпты жақсы меңгергеніңді, ал қайсысын қайта пысықтау керегін түсінуге көмектеседі.
Емтихан кестесін алдын ала жоспарлаңыз
Корнелл университетінің оқу стратегиялары орталығы жазуынша, ең алдымен емтихандардың күнін, уақытын және пәндерін анықтап алыңыз. Қай пәннің күрделі екенін, оған қанша уақыт қажет болатынын есептеңіз. Қиын тақырыптарды ертерек бастап, жақсы меңгерген пәндерді емтиханға аз уақыт қалғанда қайталауға болады.
Күнделікті жоспар құрып, әр пәнге нақты уақыт бөліңіз. Орындалған тапсырмаларды белгілеп отыру дайындық барысын бақылауға көмектеседі.
Оқу материалдарын реттеңіз
Дайындықты бастамас бұрын дәріс конспектілерін, оқулықтарды, презентациялар мен оқытушы берген тапсырмаларды жинап алыңыз. Егер емтихан сұрақтары алдын ала берілсе, оларды бөліп, тақырыптарды біртіндеп қайталаңыз.
Сонымен қатар, қай тақырыптарды жақсы меңгергеніңізді және қайсысын әлі де қайталау керегін анықтап алыңыз. Бұл қиын материалдарға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Барлық материалды соңғы күнге қалдырмаңыз
Емтиханға бір күн қалғанда бірнеше аптаның материалын меңгеруге тырысу адамды шаршатып, ақпаратты есте сақтауды қиындатады. Сондықтан, дайындықты бірнеше күнге немесе аптаға бөліп, тақырыптарды үнемі қайталаған дұрыс.
Мысалы, бір күнде екі-үш тақырыпты оқып, келесі күні оларды қайта еске түсіруге болады. Араға уақыт салып қайталау ақпаратты ұзақ есте сақтауға көмектеседі.
Материалды оқып қана қоймай, біліміңізді тексеріңіз
Конспектіні бірнеше рет оқығанда тақырыпты толық меңгергендей болуыңыз мүмкін. Ең дұрысы ақпаратты кітапқа қарамай еске түсіру керек.
Ол үшін тақырыпты оқып болған соң, конспектіні жауып, негізгі ойларды өз сөзіңізбен айтып көріңіз. Тест тапсырмаларын орындап, емтихан сұрақтарына жазбаша жауап беріңіз немесе тақырыпты басқа адамға түсіндіріңіз. Қай сұраққа жауап бере алмағаныңызды анықтап, соны қайта қайталаңыз.
Оқу кезінде үзіліс жасап отырыңыз
Бірнеше сағат бойы тоқтаусыз оқу әрдайым дұрыс бола бермейді. Материалды шағын бөліктерге бөліп, арасында қысқа үзіліс жасаған жөн. Мысалы, 25-30 минут дайындалып, кейін 5 минут демалуға болады.
Үзіліс кезінде бөлмені желдетіп, аздап қозғалып немесе су ішіп алыңыз. Одан миыңыз тынығып, есте сақтау қабілеті артады.
Сессия алдында нені ескеру керек?
Корнелл университетінің оқу стратегиялары орталығының нұсқаулығында айтылғандай, емтихан алдындағы түні бойы ұйықтамай дайындалу келесі күні зейін қоюды қиындатады. Сондықтан, ұйқы мен демалысты да ескерген жөн.
Емтиханға бір күн қалғанда жаңа материалды меңгеруге тырыспай, негізгі анықтамаларды, формулаларды және қиын тақырыптарды қайталауға көңіл бөліңіз. Мүмкіндік болса, өткен жылғы тапсырмаларды немесе сынақ тесттерін орындап көріңіз. Бұл емтихан форматына үйренуге және қосымша қайталауды қажет ететін тақырыптарды анықтауға көмектеседі.
Сондай-ақ, емтиханға қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, аудиторияның орналасқан жері мен емтихан уақытын нақтылап алған дұрыс. Бұл соңғы сәтте асығып, қобалжуды азайтады.
Сессия кезіндегі қобалжуды қалай азайтуға болады?
Студенттің емтихан алдындағы қобалжуы – жиі кездесетін жағдай. Оны азайту үшін дайындықты шағын бөліктерге бөліп, күн сайын орындалатын тапсырмаларды белгілеңіз. Барлық материалды бірден меңгеруге тырыспай, нақты әрі қолыңыздан келетін істен бастаңыз.
Егер белгілі бір тақырыпты түсіну қиын болса, курстасыңыздан немесе оқытушыдан көмек сұрауға болады.
Емтихан кезінде сұрақтарды мұқият оқып, алдымен жақсы білетін тапсырмалардан бастаңыз. Қиын сұраққа бірден жауап табылмаса, оған кейін қайта оралған жөн.
Сессиядан сәтті өту үшін материалды жаттап алу жеткіліксіз, уақытты дұрыс жоспарлап, алған білімді үнемі қайталап, өзіңізді тексеру отыру да керек. Дайындықты ерте бастап, оқу мен демалысты дұрыс өткізе білу де емтиханнан ойдағыдай өтуге көмектеседі.
Күн сайын аз-аздап дайындалып, дұрыс жоспар құрып, тұрақты қайталау сессияға сенімді баруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда студентті қандай жағдайда оқудан шығаруы мүмкін екенін жазған едік.