Владимир Зеленскийдің тарихқа енетін әрекеттері

Осыдан тура төрт жыл бұрын, 2022 жылғы 24 ақпанда, Ресей әскері Украина аумағына басып кірді. Содан бері жүздеген мың адамның өмірін жалмаған қанды қырғынның аяқталатын түрі жоқ. Youth.kz осы орайда Украина президенті Владимир Зеленскийдің соғыс басталғалы көпшілік талқысына түскен іс-әрекеттеріне шолу жасап көрді.

Ресейліктердің Путинге наразылы өсіп келеді

Украина президенті Владимир Зеленский Кремль басшысы Владимир Путинге жеткізілетін есептерге қатысты құжаттардың суреттерін жариялады. Бұл туралы ол Telegram желісінде хабарлаған.

Зеленскийдің айтуынша, Ресейдің ішкі жағдайына байланысты арнайы қызметтердің талдаулары Путинге жеткізілетін ақпараттың бір бөлігі ретінде қарастырылған. Ол бұл деректерде Ресей азаматтарының билікке деген наразылығының артып келе жатқаны көрсетілетінін айтады.

Президенттің сөзінше, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасып, наразылық деңгейі төмендемей, керісінше өсуі мүмкін. Сондай-ақ ол Ресейдегі билеуші партияны қолдау көрсеткіші азайып, өңірлерде әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлап келе жатқанын атап өтті.

«Біз Путине сирек жағдайда шынайы, ешқандай әсемдеусіз ақпарат толық жеткізілетінін түсінеміз. Бірақ оның қолына түсетін құжаттардың өзінен-ақ белгілі бір қорытынды жасауға болады. Атап айтқанда, ресейліктердің Путинге деген наразылығының болжамды көрсеткіштері алдағы уақытта да тұрақты түрде өсіп отырады. Қазірдің өзінде бұл өсімді тоқтату мүмкін емес деген ойға келдік. Бұл жағдай Ресейде қыркүйек айында өтетін парламенттік сайлауға дейін жалғасады», – дейді ол.

Зеленскийдің пікірінше, Ресейге қатысты халықаралық қысым күшейе береді және бұл жағдай ішкі саяси ахуалға да әсер етеді. Оның айтуынша, Украина бейбіт келісімге келуді ұсынған, алайда қазіргі жағдайда Ресей тарабы соғысты жалғастыру бағытын ұстанып отыр.

Сондай-ақ ол уақыт өте келе келіссөздер қазіргі билікпен емес, жағдайды басқаша бағалайтын Ресейдің басқа саяси күштерімен жүргізілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Зеленский Путинге ашық хат жазып, соғысты тоқтатуды ұсынды

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдады. Бұл туралы Украина президентінің ресми сайтында жарияланған құжатта айтылған.

«Ресейде билікке келгеніңізге 26 жылдан астам уақыт болды. Сол кезде Украинадағы көп адам сізге сеніммен әрі оң көзқараспен қарағаны рас. Бірақ ол кезең артта қалды. Осы уақыттың едәуір бөлігі Украинаға қарсы соғыс жағдайында өтті. НАТО, геосаясат немесе орыс тілі сияқты факторларды алға тартқанмен, бұл соғыс – сіздің жеке шешіміңіздің нәтижесі, негізсіз басталған қақтығыс. Тарих бұл оқиғаны дәл осылай бағалайды», – делінген хатта. 

Владимир Зеленский хатында Ресейдің Украинаға қарсы соғыста елеулі адам шығынына ұшырап жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ресейлік қоғам украиналық дрондар мен зымыран соққыларының салдарын, сондай-ақ жанармай тапшылығы мен түрлі шектеулерді сезініп отыр.

Зеленский келтірген дерекке сәйкес, мамыр айында ғана майданда 30 мыңнан астам ресейлік әскери қаза тауып, ауыр жараланған. Ол бұл көрсеткіштің бірнеше ай бойы тұрақты сақталып келе жатқанын айтады.

Сондай-ақ ол шығын бойынша шамамен 63%-ы қаза тапқандар, 37%-ы жараланғандар екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, соғыс жалғасқан сайын шығын көлемі одан әрі арта түсуі мүмкін.

Владимир Зеленский АҚШ-тың Иран мәселесіне көбірек назар аударып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, Еуропадағы соғысқа қашан көңіл бөлінетінін күтіп отырудың қажеті жоқ.

Украина басшысы қақтығысты өзара келіссөз арқылы, тараптардың тікелей қатысуымен шешуді ұсынды.

Владимир Зеленский хатында Владимир Путинге бірқатар нақты ұсыныстар жасады.

Олардың қатарында келіссөздерді нақты мерзіммен белгілеп, Мәскеу мен Киевтен бөлек бейтарап елде өткізу мәселесі бар. Мұндай алаң ретінде Швейцария, Түркия немесе араб мемлекеттері аталады. Сондай-ақ Украина тарабы келіссөздерге АҚШ немесе Еуропа елдерінің кепілгер ретінде қатысуын ұсынады.

Зеленскийдің айтуынша, қазіргі майдан шебінде атысты тоқтату қажет. Ол «қазіргі сызық – дипломатиялық процестің басталу нүктесі болуы тиіс» деп атап өтіп, келіссөздер жүріп жатқан кезеңде Украина толық атысты тоқтатуға дайын екенін жеткізген.

Сонымен қатар тараптар арасындағы барлық тұтқындарды толық алмасу ұсынысы да көтерілген.

Путин өз кезегінде Зеленскийдің ашық хатын оқығанын айтып, «кездесу өткізудің мәні жоқ» екенін мәлімдеді.

Зеленский Путинге Мәскеуде Жеңіс парадын өткізуге «рұқсат беретін» жарлыққа қол қойды 

Украина президентінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, ел басшысы Владимир Зеленский Владимир Путинге 9 мамырда Қызыл алаңда әскери парад өткізуге ресми түрде рұқсат берді. 

«Гуманитарлық мақсаттағы көптеген өтініштерді, 2026 жылғы 8 мамырда Америка тарапының қатысуымен өткен келіссөздерде белгіленген жағдайларды ескере отырып, қаулы етемін. 2026 жылғы 9 мамырда Мәскеу қаласында (Ресей Федерациясы) парад өткізуге рұқсат берілсін», – делінген құжатта.

Құжатта 9 мамыр күні Киев уақыты бойынша таңғы 10-нан бастап әскери шеру аяқталғанға дейін Қызыл алаңда Украина армиясы соққы жасамайтыны көрсетілген. Жарлық қол қойылған сәттен бастап күшіне енген.

Зеленскийдің есірткі шеккені рас па?

Соғыс енді басталған тұста интернет қолданушылары мен интернет-басылымдар әлеуметтік желілерде Украина президенті Владимир Зеленскийдің үстелінде ақ ұнтақ, яғни кокаин бар сияқты көрінетін видео таратты. Бұл кадрлар мемлекет басшысының онлайн-кездесу кезінде түсірілгені айтылады. Factcheck.kz бұл видеоны тексеріп көрген.

Тексеру нәтижесінде видео өңделіп, оған ақ ұнтақ пен банк картасы қосылғаны анықталды. Владимир Зеленскийдің ресми Instagram парақшасында жарияланған түпнұсқа кадрларда бұл заттар жоқ.

Бұған дейін BBC журналисі Шаян Сардаризех пен Bellingcat ұйымының негізін қалаушы Элиот Хиггинс те бұл видеоны фейк деп мәлімдеген.

Соғыс басталғанда Зеленскийдің Киевтен қашып кеткені рас па?

Украина Президенті Владимир Зеленский соғыс басталған сәтте өзін Киевтен кетіп қалды деген қауесеттерді жоққа шығарды.

Бұл туралы ол Instagram желісіндегі бейнеүндеуінде айтқан.

«Әр екі күн сайын мен Украинадан, Киевтен бір жаққа қашып кетті деген ақпарат пайда болады. Бірақ көріп тұрсыздар, мен осындамын, ешкім ешқайда қашқан жоқ… Біз жүгіруді жақсы көреміз, бірақ қазір кардиожаттығуларына да уақыт жоқ. Сондықтан, жұмыс істеп жатырмыз! Украина жасасын!» – деді ол видеода.

Күні бүгінге дейін Зеленский Киевте екенін, Украина халқының жанында екенін айтады.

Ақ үйдегі Сопақ кабинетте костюмсіз кездесу 

2025 жылғы 1 наурызда Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуі алдында Украина президентінің киім үлгісі талқыланған.

Axios басылымының мәліметінше, Трампқа жақын екі дереккөз Зеленскийдің ресми сапарға классикалық костюмсіз келуі кездесуге дейінгі көңіл күйге әсер еткенін айтқан. Бұған дейін Трамптың кеңесшілері Украина делегациясына Ақ үйге келгенде әскери стильден бас тарту жөнінде бірнеше рет ескерту жасағанымен, Владимир Зеленский Ақ үйге Украина символикасы бар қара түсті ресми киіммен келген, костюм кимеген.

Кездесу барысында Дональд Трамп Украина президентін жылы қарсы алып, оның киімін әзілдеді.

Владимир Зеленский 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін ресми түрде костюм кимейтінін айтып келеді. 

Журналистердің Ақ үйдегі Сопақ кабинетте кездесу кезінде неге костюм кимегені туралы сұрағына Зеленский қысқа жауап беріп, соғыс аяқталғаннан кейін ғана костюм киетінін мәлімдеген.

Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Путин және Зеленскиймен сөйлесті

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу жөнінде пікір білдірді. Ақ үй басшысы жақында Владимир Путинмен және Владимир Зеленскиймен болған әңгімелердің «өте жақсы» өткенін мәлімдеді. 

Бұл туралы Трамп Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуі барысында айтты. Кездесудің тікелей эфирін Ақ үй YouTube арнасында көрсетті.

«Мен президент Зеленскиймен және Путинмен өте жақсы сөйлестім. Менің ойымша, біз бір нәрсе жасай аламыз. Екеуі де бұған ашық сияқты», – деді Трамп.

Америка президентінің айтуынша, ол Украина мәселесімен Иранмен соғыс жақын арада аяқталғаннан кейін айналысатын болады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз