Алматыда бір мектептің 50-ге жуық оқушысы ауруханаға түсті

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) бір топ оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсті. Тексеру кезінде мектеп асханасында санитариялық талаптардың дұрыс сақталмағаны белгілі болды. Қазіргі таңда оқушылардың жаппай ауруханаға түсуіне не себеп болғаны тексеріліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің 14 қазандағы мәліметінше, Алматыда 48 оқушы ауруханаға жатқызылған. Олардың 36-сы 14 жасқа толмаған балалар. Науқастардың жағдайы тұрақты деп бағаланған. Тағы алты оқушы мектеп-интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Инфекцияның қоздырғышын анықтау үшін зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Мектептегі тамақ қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Қазақстанда мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыруға қызмет көрсетуші компания мен мектеп әкімшілігі жауапты. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары белгіленген талаптардың сақталуын қадағалайды.

Мектеп асханасына қызмет көрсететін компания азық-түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өнімдерді тиісті жағдайда сақтауға және тағамды санитариялық талаптарға сай әзірлеуге міндетті. Қазақстанның орта білім беру ұйымдарындағы тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі қағидаларында қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар мен тамақтандыруды ұйымдастыру тәртібі белгіленген.

Алматыдағы оқиға бойынша «Master Food» ЖШС-нің ас блогында санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жібергенін хабарлады. 

Мектеп асханасының жұмысын сыртқы компания жүргізгенімен, оқу орны да тамақтандыруды бақылауға міндетті. Орта білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру қағидаларында мектеп әкімшілігінің тамақтануды ұйымдастыруға қатысты міндеттері көрсетілген. Атап айтқанда, мектеп басшысы күнделікті мәзірді бекітіп, оны оқушылар мен ата-аналарға қолжетімді жерде орналастыруы керек.

Сонымен қатар, мектепте тамақ сапасын бақылау жөніндегі комиссия құрылады. Оған қамқоршылық кеңесінің, ата-аналар комитетінің, мектеп әкімшілігінің және медициналық пункт қызметкерлерінің өкілдері қатысады. Мұндай бақылау мектептегі тамақтандыруды бақылауға мүмкіндік береді.

Демек, тамақтандыру қызметін мердігерге тапсыру мектеп әкімшілігін міндетінен босатпайды. 

Санитариялық қызмет қандай шара қолданады?

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары мектеп асханаларының санитариялық талаптарға сәйкестігін тексеріп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда заңнамаға сәйкес шара қолданады.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында айтылғандай, РФММ-дегі оқиғадан кейін бес қаулы шығарылған. Мектеп пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылып, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салынған. Тиісті құжаттары жоқ сүт өнімдері тәркіленген.

Бұдан бөлек, мамандар инфекцияның таралу себебін анықтау үшін су мен азық-түлік үлгілерін зерттеп, асхана қызметкерлерін тексерген. Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген. Оқушылардың жаппай ауруханаға түсуіне нақты не себеп болғаны және жауапты тұлғалар тергеу нәтижесінде белгілі болады.

Бұған дейін Қазақстан мектептерінде баға қоюдың жаңа ережелері енгізілетінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз