Украиналық құқық қорғаушыларға 6 ер адам шабуыл жасаған
10 мамырда Украинадағы Ивано-Франковск қаласында алты белгісіз ер адам адам құқықтарын қорғаушы Олена Шевченко мен Анастасия Герасименкоға шабуыл жасады. Олар 2026 жылғы 28 сәуірде Украина Жоғарғы Радасы (парламент) бірінші оқылымда қабылдаған Украина Азаматтық кодексінің жаңа жобасына қарсы бейбіт наразылықтан қайтып келе жатқан. Шабуыл жасағандар дәстүрлі құндылықтарды ұстанатындар екені белгілі болды, деп хабарлайды youth.kz.
Frontlinedefenders.org хабарлауынша, шабуылдан кейін құқық қорғаушы әйелдер жергілікті құқық қорғау органдарына оқиға туралы хабарлауға тырысқанда, полицияның шағымды қабылдауына елеулі қиындықтарға тап болған.
Олена Шевченко Украинадағы белгілі құқық қорғаушы және қоғам белсендісі, ЛГБТ қауымдастығы мен әйелдер құқықтарын қорғаумен айналысады. Ол Insight ҮЕҰ-ның төрайымы, бұл ұйым Украинадағы ЛГБТ өкілдері құқықтарын қорғаумен айналысады.
Анастасия Герасименко – құқық қорғаушы және феминистік белсенді, Украинадағы «Әйелдер маршы» бастамасын басқарады. Бұл бастама әйелдер құқықтарын қорғау және теңдік үшін қоғамдық белсенділікті күшейтуге бағытталған.
Оқиға туралы
2026 жылғы 10 мамырда Олена Шевченко мен Анастасия Герасименко Ивано-Франковскте жаңа Азаматтық кодекс жобасына қарсы бейбіт митингіге қатысты. Құжат, әсіресе әйелдер мен ЛГБТ өкілдері құқықтарына қатысты бөлімдері құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырап, ел бойынша бірқатар бейбіт наразылықтарға себеп болды.
Шамамен сағат 15:30-да митинг аяқталғаннан кейін белсенді әйелдерді кемінде алты ер адам аңдығаны туралы хабарланды. Олар қатар өткен «Дәстүрлі құндылықтар үшін» акциясына қатысқан болуы мүмкін.
Ер адамдар Олена Шевченко мен Анастасия Герасименкоға арт жағынан шабуыл жасап, оларды жерге құлатқан, плакаттарын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері сол жерде болған және шабуыл жасағандардың бірін ұстаған. Алайда кейін олар құқық қорғаушы әйелдердің арызын қабылдаудан бас тартқан.
Сол себепті Олена Шевченко мен Анастасия Герасименко Ивано-Франковск облыстық Ұлттық полиция бас басқармасына шағым беруге мәжбүр болған.
Полициядағы қиындықтар
Шабуыл туралы хабарлау кезінде олар полицияда бес сағаттан астам күткен. Осы уақыт ішінде қызметкерлер оларға дәретханаға баруға да мүмкіндік бермеген.
Құқық қорғаушылар полиция қызметкерлері оларды арыз беруден бас тартуға бірнеше рет көндіруге тырысқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары бұл шабуылды ықтимал жеккөрушілік қылмысы ретінде қараудан бас тартқан.
Полиция арыздың көшірмесін және тіркеу нөмірін бермеген, бұл қызметтік тәртіпті бұзу болып саналады. Қабылданған арыз мәтінінде бірқатар қателер болған, соның ішінде Олена Шевченконың туған күні дұрыс көрсетілмеген және Анастасия Герасименконың аты «Антуана» деп қате жазылған.
Бұрынғы оқиға
Олена Шевченко бұған дейін де құқық қорғау қызметіне байланысты қысымға ұшыраған. 2022 жылғы 14 сәуірде Львов қаласында «Әйелдер маршы» ұйымының гуманитарлық көмегін түсіру кезінде белгісіз адам оған көз жасаурататын газ қолданған.
Ұлттық полиция бұл істі тергемеген және адвокаттың сұрауларына жауап бермеген. 2026 жылғы мамырға дейін бұл іс бойынша ешқандай өзгшеріс болмаған.
Front Line Defenders халықаралық құқық қорғау ұйымы Украинада ЛГБТ мәселелерімен айналысатын құқық қорғаушыларға қарсы жасалған қылмыстардың жүйелі түрде тергелмеуіне алаңдаушылық білдірді.
Ұйымның мәлімдемесі
Front Line Defenders халықаралық құқық қорғау ұйымы Украинадағы ЛГБТ өкілдері құқықтарын қорғаушыларға жасалған жүйелі шабуылдарға және кінәлілердің жазасыз қалуына қатты алаңдайды. Ұйым бұл шабуылды айыптайды және оны әйелдер мен ЛГБТ өкілдері құқықтарын қорғау саласындағы бейбіт әрі заңды қызметке жауап ретінде жасалған әрекет деп бағалайды.
Сонымен қатар ұйым Украина ұлттық полициясының мұндай істерді тиімді тергей алмауына алаңдаушылық білдіреді.
Осыған байланысты Front Line Defenders Украина билігінен мыналарды талап етеді:
- Олена Шевченко мен Анастасия Герасименкоға жасалған шабуылды ашық түрде айыптау;
- Оларға медициналық және құқықтық көмекке толық қолжетімділікті қамтамасыз ету;
- Оқиғаны жедел, жан-жақты және бейтарап тергеп, кінәлілерді жауапқа тарту;
- Құқық қорғаушылардың құқықтарының қорғалуын нақты қамтамасыз ету;
- Барлық құқық қорғаушылардың қысымсыз және еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау.