Адам құқығын қорғайтын халықаралық құжаттар
Адам құқықтарын қорғау – қазіргі халықаралық қатынастардың ең маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде әлем мемлекеттері адамның өмір сүруі, еркіндігі мен теңдігі сияқты негізгі құндылықтарды қорғау үшін ортақ ережелерге сүйенеді. Осы мақсатта халықаралық деңгейде арнайы құжаттар қабылданады. Youtz.kz бұл қандай құжаттар екенін түсіндіреді.
Бұл құжаттар адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Халықаралық құқықта мұндай құжаттар декларация, пакті және конвенциялар түрінде әзірленеді. Олардың бір бөлігі ұсыныс сипатында болса, екінші бөлігі мемлекет ратификациялағаннан кейін міндетті құқықтық күшке ие болады. Бүгінгі таңда адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімдер адамзаттың әділ қоғам құру және тұрақтылыққа ұмтылысының көрінісі іспетті.
Негізгі құжаттар
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттар – бұл мемлекеттердің адамдардың құқықтарын қорғау үшін келісіп қабылдаған ережелері. Олар халықаралық деңгейде адамның өмірі, бостандығы, теңдігі және басқа да құқықтарын қорғауға арналған. Бұл құжаттарды негізінен Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдайды.
Бұл құжаттар екіге бөлінеді. Біріншісі — декларациялар. Олар міндетті заң емес, яғни мемлекеттер оны орындауға міндетті емес, бірақ оны сақтауға тырысу керек деген жалпы ереже немесе ұсыныс секілді болады. Мысал ретінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын айтуға болады.
Екіншісі - конвенциялар мен пактілер. Бұлар мемлекет ратификациялағаннан кейін міндетті заң сияқты болады. Яғни мемлекет оларды орындауға міндетті. Мұндай құжаттарда адамның нақты құқықтары жазылады. Мысалы, өмір сүру құқығы, білім алу, жұмыс істеу, азаптауға тыйым салу, әйелдер мен балаларды қорғау, кемсітпеу сияқты.
Мысалы, ең маңызды құжаттарға Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пакт, Бала құқықтары туралы конвенция, Әйелдерге қатысты кемсітуді жою туралы конвенция, Азаптауға қарсы конвенция және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция жатады.
Бұдан бөлек кейбір құжаттар міндетті емес, бірақ мемлекеттерге бағыт береді. Олар «не істеу керек» деген кеңес сияқты рөл атқарады. Бұл ережелердің орындалуын арнайы халықаралық комитеттер бақылайды. Олар мемлекеттердің есептерін қарайды және кейде азаматтардың шағымдарын да тексереді. Бірақ олардың шешімдері әрдайым заң сияқты күштеп орындатылмайды, көбіне кеңес немесе ұсыныс ретінде болады.
Кейбір жағдайларда азаматтар халықаралық соттарға да жүгіне алады. Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайларды қарап, нақты шешім шығара алады.
Бір сөзбен айтқанда, бұл халықаралық құжаттар адам құқықтарын сақтауға уәде беретін мемлекеттерді бақылауға арналған ортақ ережелер жүйесі.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы
1948 жылы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Бұл құжат адам құқықтары тарихындағы ең маңызды халықаралық құжаттардың бірі болып саналады. Онда барлық адамдар тең құқықты, еркін және қадір-қасиеті бірдей болып туады деген негізгі қағида бекітілген. Сонымен қатар адам құқықтары әмбебап, бөлінбейтін және барлық адамдарға бірдей екені көрсетілген.
Декларация 30 баптан тұрады және онда адамның негізгі құқықтары жазылған. Олардың ішінде өмір сүру құқығы, еркіндік, ойлау және дін бостандығы, еңбек ету, демалу, білім алу, өз елін басқаруға қатысу сияқты құқықтар бар. Сонымен бірге бұл құжат құлдыққа, кемсітушілікке, азаптауға, заңсыз қамауға алуға, жеке өмірге қол сұғуға және адамның ар-намысын қорлауға тыйым салады.
Мемлекеттердің азаматтар алдындағы міндеттері халықаралық құжаттарда бекітіледі. Оларға декларациялар, пактілер және конвенциялар жатады. Бұл құжаттардың көбі Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында қабылданады. Егер мемлекет оларды ратификацияласа, яғни ресми түрде қосылса, онда сол талаптарды орындауға міндетті болады.
Мысалы, мемлекет адам өмірін қорғауы керек, азаптауға жол бермеуі тиіс, кемсітушілікті жоюы қажет, азаматтардың сөз бостандығын және әділ сотқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар кейбір жағдайларда әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау, гендерлік теңдік орнату, кейде өлім жазасын шектеу немесе жою сияқты міндеттер де жүктеледі.
Бұл халықаралық міндеттемелердің орындалуын арнайы комитеттер бақылайды. Олар әрбір конвенция бойынша құрылады. Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі комитет, Азаптауға қарсы комитет, Бала құқықтары жөніндегі комитет және тағы басқалар. Бұл органдар мемлекеттердің есептерін қарап, кейде азаматтардың шағымдарын да қарайды. Бірақ олардың шешімдері сот үкімі сияқты міндетті емес, көбінесе ұсыныс немесе кеңес түрінде болады.