Стэнфордқа қалай түсуге болады: қабылдау комиссиясының кеңестері мен қазақстандық мысал
Осы материалды дайындау барысында Youth.kz Стэнфорд университетінің бакалавриатқа қабылдау комиссиясымен байланысты. Уақыт белдеуінің айырмашылығы мен комиссияның жұмыс жүктемесінің көптігіне қарамастан, біз кейбір сұрақтарға жауап ала алдық. Бұл қазақстандық студенттер үшін қабылдау процесінде ескерілетін аспектілерді түсіндіреді деп үміттенеміз.
– Мүмкіндігі шектеулі талапкерлер қалай бағаланады?
– Әрине, біз университетке қабылдау процесінің барлық аспектілерін айта алмасақ та, бірақ кейбір негізгі мәселелермен бөлісеміз. Біз әр талапкердің жетістіктерін оның нақты білім беру ортасы мен қолжетімді мүмкіндіктері аясында бағалаймыз. Сондықтан халықаралық олимпиадалардың, зерттеу бағдарламаларының немесе тағылымдамалардың көп болуы мықты өтінімнің міндетті шарты емес.
Біз талапкердің қандай ресурстарға қол жеткізе алғанын және сол мүмкіндіктерді қалай пайдаланғанын ескереміз. Мысалы, мектепте зертхана немесе халықаралық байқаулар болмаған жағдайда, мұндай тәжірибенің жоқтығы автоматты түрде кемшілік болып саналмайды. Оның орнына талапкердің қолда бар мүмкіндіктер арқылы қандай бастама көтергеніне, өз бетінше қалай дамығанына және мектепке немесе қоғамдастыққа қандай үлес қосқанына назар аударамыз.
Бұл академиялық талаптардың төмендейтінін білдірмейді. Академиялық дайындық маңызды болып қала береді, бірақ нәтижелер әр талапкердің жағдайын ескере отырып түсіндіріледі.
– Қазақстандық талапкерлерге неге назар аударуға кеңес берер едіңіз?
– Қазақстан азаматтары үшін жеке немесе алдын ала белгіленген «талапкер профилі» жоқ. Өтінім әр адамның мектебі, білім беру жүйесі және қолжетімді ресурстары ескеріле отырып қарастырылады.
Сондықтан американдық талапкердің профилін жасанды түрде қайталаудың қажеті жоқ. Көптеген үйірмелерге үстірт қатысқаннан гөрі, өзіңізге маңызды бір-екі бағытта терең жұмыс істеу пайдалы болуы мүмкін. Академиялық дайындыққа ерекше көңіл бөлу керек. Мектебіңізде қолжетімді күрделі курстарды таңдап, жоғары нәтижелер көрсету маңызды. Stanford белгілі бір оқу бағдарламасын, мысалы IB немесе A-Level-ді міндетті етпейді.
Сонымен қатар жергілікті тәжірибені бағаламаған жөн. Зерттеу жобасы, мектептегі бастама, жеке жоба немесе қоғамдастықтағы қызмет халықаралық деңгейде болмаса да, талапкердің қызығушылығы мен бастамашылдығын көрсете алады.
– Жасанды интеллектіні өтінім дайындауда қолдануға қалай қарайсыздар?
– Өтінім талапкердің өз ойы мен тәжірибесін көрсетуі керек. Жасанды интеллектіні грамматиканы тексеру, мәтінді түсініктірек ету немесе редакциялық ұсыныстар алу үшін пайдалану мен эссені толығымен AI-ға жаздырудың арасында маңызды айырмашылық бар. Талапкердің жеке тарихын, мотивациясын немесе негізгі идеяларын AI-ға ойлап таптыру өтінімнің шынайылығын бұрмалауы мүмкін.
AI-ды өз тарихыңызды жақсырақ жеткізуге көмектесетін редакциялық құрал ретінде қарастырған жөн, бірақ автордың орнына пайдаланбау керек. Біз үшін эссенің мінсіз әдеби стилінен гөрі, оның талапкерді шынайы таныстыруы маңызды.
– Әртүрлі елдерден келген талапкерлерді бағалауда әділдік қалай қамтамасыз етіледі?
– Біз әр елдегі бағалар мен жетістіктерді бірдей жағдайларда алынған нәтижелер сияқты тікелей салыстырмаймыз. Халықаралық талапкердің өтінімі оның білім беру жүйесі, мектебі және қолжетімді мүмкіндіктері аясында қарастырылады.
Stanford әртүрлі елдердің білім беру жүйелерімен жұмыс істейтін қабылдау қызметкерлерінің тәжірибесін пайдаланады. Біз белгілі бір оқу бағдарламасына артықшылық бермейміз және талапкерлерден бағаларын американдық GPA жүйесіне өз бетінше аударуды талап етпейміз.
Яғни барлық талапкер ортақ қабылдау үдерісінен өтеді, бірақ олардың жетістіктері өздерінің нақты білім беру контекстінде түсіндіріледі. Мысалы, мектепте белгілі бір курс немесе бағдарлама болмағаны талапкерге автоматты түрде теріс әсер етпейді.
– Қазақстандық талапкер Stanford-қа түсуге қалай дайындалуы керек?
– Біріншіден, мықты академиялық негіз қалыптастырыңыз. Мектебіңізде қолжетімді күрделі курстарды таңдап, жоғары әрі тұрақты нәтижелер көрсетуге тырысыңыз.
Екіншіден, өз қызығушылықтарыңызды тереңдетіңіз. Көптеген белсенділіктердің ұзын тізімінен гөрі, сіз үшін маңызды бағытта ұзақ мерзімді және мазмұнды жұмыс маңыздырақ болуы мүмкін.
Үшіншіден, қолжетімді мүмкіндіктерді барынша пайдаланыңыз. Зерттеу, жеке жоба, мектептегі бастама, жұмыс немесе қоғамдастыққа қызмет көрсету – мұның барлығы сіздің тәжірибеңіздің бөлігі бола алады. Оның халықаралық деңгейде болуы міндетті емес.
Төртіншіден, SAT немесе ACT-қа дайындалыңыз. Қазіргі уақытта Stanford бірінші курс талапкерлерінен осы тесттердің бірін талап етеді. Университет ең төменгі балл белгілемейді. Class of 2028 арасында SAT тапсырған қабылданған студенттердің орташа 50%-ы 1510–1570, ал ACT бойынша 34–35 диапазонында болды. Бұл қабылдаудың шекті балдары емес және қабылдануға кепілдік бермейді.
Бесіншіден, эсседе өзіңізді шынайы көрсетіңіз. Талапкердің жеке тәжірибесі, ойлау тәсілі, қызығушылықтары мен көзқарасы маңызды.
Қысқаша айтқанда, Қазақстандық талапкер үшін негізгі міндет – қолжетімді мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, академиялық дайындығын, өз саласына деген терең қызығушылығын және жеке ерекшелігін көрсету. Қабылдануға кепілдік беретін нақты формула жоқ.
Қазақстандықтың Stanford-қа түсу тәжірибесі
Қазақстандық талапкер Алихан Сериковтың Stanford University-ге түсу тарихы төбедегі тезистерді дәлелдейді. The Steppe мәліметінше, Алихан Stanford-қа Restrictive Early Action бағдарламасы арқылы құжат тапсырып, университетке толық қаржыландырумен қабылданған. Ол қазіргі сәтте Stanford-та Management Science & Engineering бағыты бойынша оқып жатыр.
Алиханның негізгі бағыттарының бірі робототехника болды. Ол FIRST бағдарламасының FIRST LEGO League (FLL) жарыстарынан бастап, кейін жоғары деңгейдегі FIRST Tech Challenge (FTC) санатына өтті. FTC кезеңінде ол команданы басқарды. Команда Орталық Азияның аймақтық чемпионатында жеңіске жетіп, Хьюстонда өткен әлемдік кезеңге жолдама алған. Әлемдік жарыста команда Inspire Award марапатына ие болды.
Бұл тәжірибе Алиханға техникалық біліммен қатар, командамен жұмыс істеу, инженерлік мәселелерді шешу, жобаны таныстыру және жүйелі ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берген. Оның робототехникадағы тәжірибесі Stanford-та таңдаған Management Science & Engineering бағытымен тікелей байланысты.
Алайда оның кейсіндегі маңызды тұстардың бірі – жетістіктерінің санынан гөрі, белгілі бір бағытқа ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде көңіл бөлуі. Алихан бірден көптеген түрлі олимпиада мен жобаны жинауға тырысқан емес, керісінше, бірнеше жыл бойы робототехникаға бар күш пен білімін салған оқушы.
Сонымен қатар, ол қабылдау процесі кезінде өзінді өзгеден жақсы етіп көрсету керек емес дейді. Осының орнына, университетке өзіңді шынайы таныстыруға барынша күш салу керек.
ЮНЕСКО Статистика институтының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта 90 000-нан астам қазақстандық басқа елдерде жоғары білім алуда. Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда 13 елдің университеттерімен 40 стратегиялық серіктестік жүзеге асырылуда. Біз бұл үрдіс жалғасып, халқымыз білім туының астында мақтанышпен жүреді деп үміттенеміз.
Қазақ-Америка университетінің басқарушы серіктесі Алина Әбдірахманова «Студенттер – не болу керек?» YouTube арнасына берген сұхбатында Швейцарияда оқу тәжірибесімен бөлісті және неліктен тіпті тамаша тілдік дағдылардың өзі жаңа ортаға бейімделуге әрдайым көмектеспейтінін түсіндірді. Youth.kz мына мақалада оның әңгімесінің негізгі тұстарын атап өтті.