Джакартада студенттер наразылыққа шықты

Индонезияда мыңдаған адам парламент ғимаратының алдына жиналып, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді және активтерді тәркілеу туралы заң қабылдауды талап етті. Наразылыққа студенттер де қатысты. Олар бағаның өсуіне қарсылық білдіріп, мемлекеттік саясатқа өзгеріс енгізуді талап етті. Youth.kz жастардың әр елдегі наразылыққа не себепті жиі шығатынын және қандай талаптар қойып отырғанын зерделепе көрді.

Индонезия

Джакартадағы наразылық акциясы 27 тамызда өтті. Шеруге шыққандар сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған активтерді тәркілеу туралы заң қабылдауды және жемқорлыққа барғандарды қатаң жазалауды талап етті. Сонымен қатар, халық күнделікті тұтынатын тауарлар мен жанармай бағасын төмендетуді, мемлекеттік шығындар мен әлеуметтік бағдарламаларды қайта қарауды сұрады.

Al Jazeera мәліметінше, Индонезия билігі тәртіпті қамтамасыз ету үшін 18 500 қызметкерді жұмылдырған. Наразылық негізінен бейбіт өткен. Алайда, кешке қарай жағдай ушығып, шеруге қатысушылардың бір бөлігі полициямен қақтығысқан. Тәртіпсіздіктен кейін үш жүзден астам адам ұсталды. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да болған. Индонезиялық жастар 2025 жылы да көшеге шыққан. Биылғы акция өткен жылғы наразылық толқыны басталғаннан тура бір жыл өткен соң ұйымдастырылды.

Сербия

Соңғы жылдардағы жастар наразылығының ең елеулі мысалдарының бірі  – Сербиядағы қозғалыс. Бәрі 2024 жылғы қарашада Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының маңдайшасы құлағаннан кейін басталды. Апат салдарынан 16 адам қаза тапты.

Студенттер қайғылы оқиғаның мән-жайын толық тергеуді, кінәлілерді анықтауды және билік жұмысының ашықтығын арттыруды талап етті. Уақыт өте келе наразылық бүкіл елге тарап, жемқорлыққа және президент Александр Вучичтің саясатына қарсы қозғалысқа ұласты.

2026 жылы да студенттер акцияларын жалғастырды. Trendeese жазуынша, жастар қозғалысы наразылықтардың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналған. Кейін талаптар қатарына мерзімінен бұрын сайлау өткізу мәселесі қосылды. Мамыр айында Белградта студенттер ұйымдастырған митингке ондаған мың адам қатысты.

Кения

Кениядағы жастар наразылығы Gen Z protests деген атауға ие болды. 2024 жылы жастар салықты көтеру жоспарына жаппай қарсылық білдірді. Алайда, көп ұзамай талаптар кеңейіп, наразылық білдірушілер жемқорлық, жұмыссыздық, өмір сүру құны және мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қатысты мәселелерді көтере бастады.

Бұл қозғалыстың ерекшеліктерінің бірі – оның ұйымдастырылу тәсілі болды. Жас белсенділер әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дәстүрлі саяси партияларға сүйенбеді.

Наразылық қозғалысы 2025 жылы да жалғасты. Human Rights Watch мәліметінше, жаңа акцияларға салық саясатына наразылық, мемлекеттік қаражатты пайдалануға байланысты жауапкершіліктің болмауы және блогер Альберт Оджвангтың полиция ұстағаннан кейін қаза болуы себеп болған.

Грузия

Грузияда жастар «шетелдік агенттер» туралы заңға қарсы наразылықтарға белсенді қатысты. 2024 жылғы мамырда жүздеген студент сабақтарын тастап, Тбилисидегі парламент ғимаратына қарай бет алды.

Көптеген жас үшін мәселе тек заңның өзімен шектелмеді. Олар бұл жағдайды елдің Еуропамен ықпалдасуы немесе Ресей ықпалының күшеюі арасындағы таңдау ретінде қабылдады.

Reuters сол кезде хабарлағандай, ондаған оқу орнының студенттік ұйымдары наразылыққа қосылуға дайын екенін мәлімдеген. Кейбір қатысушылар жастар елдің болашағына қауіп төндіреді деп санайтын билік шешімдеріне өз бетінше қарсылық білдіруі керек екенін айтқан.

Аргентина

Кейде жастар көшеге саяси бағытқа байланысты емес, білім алуды жалғастыру мүмкіндігіне қатысты нақты мәселелер бойынша шығады.

Аргентинада мамыр айында жүздеген мың адам мемлекеттік университеттерді қаржыландырудың қысқаруына қарсы наразылық акцияларына қатысты. Шерулерде студенттер мен оқытушылар негізгі рөл атқарды. Наразылықтар Буэнос-Айрес, Кордова, Мендоса және Тукуман сияқты қалаларды қоса алғанда, елдің түкпір-түкпірінде өтті.

DW мәліметінше, президент Хавьер Милейдің үкіметі мемлекеттік шығындарды айтарлықтай қысқартуды жүзеге асырған. Ал университеттер қаржыландырудың азаюына байланысты жұмыс істеу қиындағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз