Шетелде тегін оқу: Қазақстан студенттеріне қандай гранттар мен шәкіртақылар қолжетімді?

Қазақстандық студенттерге шетелде білім алуға мүмкіндік беретін көптеген халықаралық грант бағдарламы бар. Олардың көпшілігі оқу ақысын толық өтейді, ал кейбірі тұру шығынын, жолақыны және ай сайынғы шәкіртақы да береді.

«Болашақ» бағдарламасы

Шетелде білім алуға арналған ең танымал бағдарламаларының бірі.

Бағдарлама мыналарды толық қаржыландырады:

  • оқу ақысын;
  • тұру шығындарын;
  • әуе билеттерін;
  • ай сайынғы шәкіртақыны (шамамен 500-2000 АҚШ доллары).

Үміткерге қойылатын талаптар:

  • жоғары GPA;
  • IELTS – кемінде 6.0-6.5;
  • жұмыс тәжірибесі (көбіне магистратураға түсу үшін).

Оқуды аяқтағаннан кейін түлек Қазақстанға оралып, белгілі бір мерзім еңбек етуі тиіс.

Құжат қабылдау мерзімі: 16 наурыз-16 қазан.

Чивнинг шәкіртақысы

Ұлыбритания Үкіметі қаржыландыратын ең беделді бағдарламалардың бірі.

Бағдарлама бір жылдық магистратурада оқуға арналған және мыналарды қамтиды:

  • оқу ақысын (18 000-22 000 фунт стерлингке дейін);
  • ай сайынғы тұру шығындарына 1 200 фунт стерлинг көлемінде шәкіртақы;
  • әуе билеті мен виза рәсімдеу шығындарын толық өтеу.

Негізгі талаптары:

  • кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
  • IELTS емтиханынан 6.5-7.0 балл алу;
  • көшбасшылық қабілет пен қоғамдық белсенділіктің болуы.

Өтінім қабылдау мерзімі жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында басталып, көбіне қазан айында аяқталады. Нақты мерзімі жыл сайын өзгеретіндіктен, оларды бағдарламаның ресми сайтынан тексерген жөн. 

Фулбрайт бағдарламасы

АҚШ-та білім алуға мүмкіндік беретін беделді бағдарлама.

Грант мыналарды қамтиды:

  • оқу ақысын (жылына 50 000 АҚШ долларына дейін);
  • тұру шығындарын (айына 1000-2500 АҚШ доллары);
  • әуе билетін;
  • медициналық сақтандыруды.

Бұл бағдарламада академиялық үлгеріммен қатар, үміткердің қоғамға ықпал ету әлеуеті де бағаланады.

Құжат қабылдау мерзімі: 15 ақпан-15 мамыр.

Erasmus+ және DAAD

Еуропада оқуға арналған кең таралған бағдарламалар.

Erasmus+:

  • Еуропаның 2-3 елінде оқу мүмкіндігі;
  • ай сайын 1000-1500 еуро;
  • оқу мен жол шығындарын қаржыландырады.

DAAD (Германия):

  • ай сайын 850-1200 еуро;
  • медициналық сақтандыру;
  • оқуға қаржылық қолдау.

Талаптары:

  • жоғары академиялық көрсеткіш;
  • IELTS/TOEFL (IELTS – кемінде 6.0 немесе TOEFL – 80 балл);
  • DAAD бағдарламалары үшін неміс тілі кемінде B1 деңгейінде болуы мүмкін.

Өтінім қабылдау мерзімі бағдарлама мен университетке байланысты өзгереді.

Türkiye Bursları

Түркияда білім алуға арналған мемлекеттік шәкіртақы.

Бағдарлама мыналарды ұсынады:

  • оқу ақысы мен жатын орын шығындарын толық өтейді;
  • ай сайын шамамен 100 АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы береді;
  • әуе билеті мен медициналық сақтандыру шығындарын төлейді.

Талаптары:

  • түрік тілін C1 деңгейінде меңгеруі (тіл деңгейі жеткіліксіз болған жағдайда оқу барысында дайындық тіл курсынан өтуге болады);
  • GPA көрсеткіші кемінде 70% болуы тиіс.

Өтінім қабылдау мерзімі

Türkiye Bursları бағдарламасына өтінім қабылдау әдетте жыл сайын қаңтар-ақпан айларында жүргізіледі.

MEXT

Жапония Үкіметінің халықаралық студенттерге арналған шәкіртақысы.

Бағдарлама қаржыландырады:

  • оқу ақысын;
  • әуе билетін;
  • ай сайынғы 800-1000 АҚШ доллары көлеміндегі шәкіртақыны.

Талаптары:

  • жоғары академиялық үлгерім;
  • кейбір бағдарламалар бойынша жапон тілі курстарынан өту;
  • денсаулық жағдайының жақсы болуы.

Өтінімдер сәуір айынан бастап қабылданады. Іріктеу процесі шамамен 12 айға созылады. Құжаттарды Жапония елшілігі немесе тікелей университет арқылы тапсыруға болады.

Global Korea Scholarship

Оңтүстік Корея Үкіметінің шәкіртақы бағдарламасы.

Бағдарлама мыналарды қамтиды:

  • оқу ақысын;
  • ай сайынғы 700-1000 АҚШ доллары көлеміндегі шәкіртақыны;
  • корей тілі курстарын;
  • жатақхананы;
  • әуе билетін;
  • медициналық сақтандыруды.

Талаптары:

  • Корея Республикасының азаматы болмауы;
  • GPA – кемінде 80%;
  • ағылшын немесе корей тілін жақсы меңгеру.

Өтінім қабылдау мерзімі университеттерге байланысты өзгереді. Құжаттарды Корея елшілігі арқылы да тапсыруға болады.

Қандай құжаттар қажет?

Негізгі құжаттар:

  • диплом және академиялық транскрипт;
  • IELTS немесе TOEFL сертификаты;
  • мотивациялық хат;
  • ұсыным хаттар.

Қосымша қажет болуы мүмкін:

  • портфолио;
  • жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар.
Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз