Ресейдегі жанармай тапшылығы Орталық Азия мен Қазақстанға қалай әсер етеді?
Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттарының Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарынан кейін туындаған жанармай тапшылығы Ресейден мұнай өнімдерін импорттайтын Орталық Азия елдеріне де әсер ете бастады. Бұл туралы Reuters агенттігіне трейдерлер мен жанармай нарығының қатысушылары мәлімдеген.
Орталық Азия Ресейдегі жанармай дағдарысын сезіне бастады
Reuters агенттігінің жазуынша, маусым айында Ресейден Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға теміржол арқылы жеткізілген авиациялық отын экспорты мамырмен салыстырғанда 92%-дан астамға қысқарып, небәрі 3,8 мың тоннаны құрады. Ал бензин жеткізілімі 34%-ға азайып, 99,3 мың тоннаға дейін төмендеген.
Украина Мәскеудің әскери әлеуетін әлсірету мақсатында Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын күшейткен.
Мұнай өңдеу көлемінің қысқаруы Ресейде жанармай тапшылығын күшейтті. Соның салдарынан елдегі жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болып, бензин мен дизель отынының бағасы айтарлықтай қымбаттады.
Ресей жанармайының негізгі импорттаушыларының қатарында Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан бар.
Тәжікстанның Энергетика министрі өткен аптада елдегі жанармай қоры шамамен 60 күнге жететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, билік алдағы жеткізілімдерді қамтамасыз ету үшін көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Осы айдың басында Қырғызстан да жанармай жеткізу мәселесін шешу үшін көрші елдерден көмек сұраған болатын.
Ал Ресей билігі үкіметаралық келісімдер аясындағы жеткізілімдерден басқа жағдайларда бензин, авиациялық және дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым енгізді.
Қазақстанға қауіп бар ма?
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей Федерациясының Аи-92 және Аи-95 маркалы бензиннің экспортына кезекті шектеу енгізуіне пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, Ресей осындай шараларды қатарынан үшінші жыл қабылдап отыр. Алайда бұл шектеулер индикативтік теңгерімдер шеңберінде үкіметаралық келісімдерге қол қойған елдерге қатысты емес. Қазақстан – сол елдердің бірі. Құжатқа сәйкес, елімізге 285 мың тонна бензин экспорттауға квота берілген.
«Ішкі нарықтағы жағдай тұрақты. Қазақстан өзін бензинмен толық қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, тарихта алғаш рет 70 мың тоннадан астам бензин экспорттадық. Бұл бұл жеткізу мен өндіруде ешқандай іркілістің жоқ екенін дәлелдейді», – деді Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Министр елімізде жанармай тапшылығы жоқ екенін атап өтіп, дегенмен мұнай өнімдерінің заңсыз шығарылуына жол бермеу үшін бақылауды күшейту қажет екенін айтты.
Ресейдегі жанармай тапшылығы Орталық Азия мен Қазақстанға қалай әсер етеді?
Teniz Capital сарапшыларының пікірінше, Ресейде жанармай тапшылығы күшейсе, оның әсері Орталық Азия елдеріне де тиюі мүмкін. Өйткені өңірдегі бірнеше мемлекет Ресейден жеткізілетін бензин мен дизельге тәуелді. Сарапшылардың пікірінше, Ресей экспортты шектесе, елдер басқа жеткізушілерден жанармай сатып алу үшін өзара бәсекеге түседі. Соның салдарынан жанармай бағасы өсіп, жеткізілім қиындауы мүмкін.
Қазақстан астығына жаңа мүмкіндік ашылуы мүмкін
Ресейдегі қымбат дизель мен логистикалық шығындар ресейлік бидайдың өзіндік құнын арттырады. Соның нәтижесінде Қазақстан бидайының Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан нарықтарындағы бәсекелік позициясы жақсаруы мүмкін.
Teniz Capital авторлары әлемдік бидай бағасы тоннасына 250–256 долларға көтерілсе, Қазақстан 8 млн тонна бидай экспортынан қосымша 76–124 млн доллар жалпы түсім алуы ықтимал деп есептейді. Дегенмен бұл пайданы қымбат дизель, теміржол тарифтері, вагон тапшылығы және өткізу бағыттарының шектеулі мүмкіндігі азайтуы мүмкін.
Әсіресе Қытай, Өзбекстан және Ауғанстан бағыттарындағы теміржол желісіне түсетін жүктеме артады. Ал шағын шаруашылықтар үшін астықты егістіктен элеваторға жеткізу құны әлемдік бағаның өсуінен де маңызды факторға айналуы мүмкін.
Teniz Capital авторлары әлемдік бидай бағасы тоннасына 250–256 долларға көтерілсе, Қазақстан 8 млн тонна бидай экспортынан қосымша 76–124 млн доллар жалпы түсім алуы ықтимал деп есептейді. Дегенмен бұл пайданы қымбат дизель, теміржол тарифтері, вагон тапшылығы және өткізу бағыттарының шектеулі мүмкіндігі азайтуы мүмкін.
Әсіресе Қытай, Өзбекстан және Ауғанстан бағыттарындағы теміржол желісіне түсетін жүктеме артады. Ал шағын шаруашылықтар үшін астықты егістіктен элеваторға жеткізу құны әлемдік бағаның өсуінен де маңызды факторға айналуы мүмкін.
Өзбекстандағы тапшылық Қазақстанға қосымша сұраныс әкеледі
Өзбекстан бензин нарығының жартысына жуығын импорт есебінен қамтамасыз етеді. Ел АИ-80 бензинінен біртіндеп бас тартып, АИ-92 және АИ-95 маркаларына көшіп жатқандықтан, импортқа тәуелділік күшейіп келеді.
Өзбекстандағы тапшылық Қазақстаннан бензин, дизель, авиакеросин, мұнай немесе мұнай өңдеуге арналған шикізат сатып алуға қосымша сұраныс туғызуы мүмкін. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін экспорттық мүмкіндік болғанымен, егін орағы мен Павлодар зауытының жөндеуі кезінде ішкі қорды азайту қаупін күшейтеді.
Қырғызстан ең осал ел болып отыр
Қырғызстан бензинінің 90%-дан астамын Ресейден алады. Сондықтан Ресейдегі өңдеу көлемінің қысқаруы немесе экспорттық шектеулер Қырғызстан нарығына Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда жылдамырақ әсер етеді.
Қырғызстан балама жеткізілім үшін Қазақстанға, Беларуське, Әзербайжанға, Өзбекстанға және Түрікменстанға жүгінген. Бірақ бұл елдердің өз ішкі балансы да күрделеніп келеді. Қазақстан үшін бұл көрші елдерге отын жеткізу жөніндегі қысымды және ел аумағы арқылы өтетін транзит көлемін арттыруы мүмкін.