«Әр рейстің артында адам тағдыры тұр»: ұшқыштың ашық сұхбаты
Ұшақ қалай басқарылады? Ұшқыштардың жалақысы қанша? Неліктен кей жағдайда жұмсақ қону қауіпсіздік кепілі бола алмайды? Ұшақтың қай бөлігінде отыру қауіпсіз? Қозғалтқышқа құс түссе не болады? Тіпті тәжірибелі экипаждың өзі қорқатын сәттер бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға азаматтық авиация ұшқышы Максим Пырков жауап берді. Ол өз мамандығының ерекшеліктері, ұшқыштардың күнделікті жұмысы, әуе қауіпсіздігі және жолаушылар көп біле бермейтін авиация құпиялары туралы әңгімеледі.
«Кадр сыртында» – адамдар мен олардың кәсібі туралы жоба. Бағдарлама кейіпкері Максим Пырков кәсібінің қыр-сырын, жауапкершілігі мен әуе сапарының сырт көзге көрінбейтін маңызды тұстарын ашып айтып берді.
– Авиацияға қалай келдіңіз? Ұшқыш болуды бала кезден армандадыңыз ба?
– Иә. Әкем де ұшқыш болған. Алғаш рет төрт жасымда ұшақтың басқару тұтқасын ұстап көрдім. Сол кезден бастап бұл мамандыққа қызығушылығым оянды. Кейін сол арманымды жүзеге асырып, азаматтық авиацияға келдім.
– Өзіңіз жолаушы ретінде ұшудан қорқасыз ба?
– Жоқ. Бірақ жолаушылардың қобалжуын жақсы түсінемін. Ұшқыш кабинада не болып жатқанын біледі, ал жолаушыға бәрі беймәлім. Сондықтан олар кейде мазасызданады. Өзім жолаушы болып ұшсам, бортсеріктерді артық мазаламаймын. Су керек болса, өзім барып аламын.
– Неге ұшақ толық тоқтамайынша орыннан тұруға болмайды?
– Ұшақ жерге қонғанымен, қозғалысы әлі тоқтамайды. Кейде тұрақ орны бос болмай, күтуге тура келеді немесе ұшқыш кенет тежегішті басуы мүмкін. Мұндай жағдайда орнынан тұрған жолаушылар құлап, жарақат алуы ықтимал.
– Ұшақтың қай жері қауіпсіз?
– Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Көпшілік артқы орындарды қауіпсіз дейді. Расында, кейбір апаттарда құйрық бөлігі көбірек сақталған жағдайлар болған. Бірақ әрбір апат әртүрлі өтеді. Сондықтан «міндетті түрде ең қауіпсіз орын» деп айту дұрыс емес.
– Ұшқыштың жұмыс күні қалай басталады?
– Ең алдымен медициналық тексеруден өтеміз. Кейін брифингке қатысып, ауа райын, маршрутты, құжаттарды қараймыз. Содан соң ұшақты сырттай тексеріп шығамыз. Кабинаға кіргеннен кейін навигациялық мәліметтер енгізіледі, барлық жүйелер тексеріледі. Ал бортсеріктер қауіпсіздік құралдарын, салонды және жолаушыларға арналған жабдықтарды дайындайды.
– Ұшақты әрдайым екі адам басқара ма?
– Иә. Экипажда командир мен екінші ұшқыш болады. Міндеттер бөлінгенімен, соңғы шешім мен толық жауапкершілік командирге жүктеледі.
– Автопилот ұшқыштың орнын алмастыра ала ма?
– Жоқ. Бұл – ең кең тараған жаңсақ пікірлердің бірі. Автопилот тек көмекші жүйе. Ұшақты ұшыру да, қондыру да көп жағдайда қолмен орындалады. Автоматты қону арнайы жағдайларда ғана мүмкін. Сондықтан ұшқыштың тәжірибесі мен кәсіби шешімі ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.
– Ұшақты басқару үшін күш қажет пе? Әйел ұшқыштарға қиын емес пе?
– Қалыпты жағдайда үлкен күштің қажеті жоқ. Бірақ гидравликалық жүйе істен шықса, ұшақты толық қолмен басқаруға тура келеді. Ондайда физикалық дайындық маңызды.т Ал әйел ұшқыштарға келсек, олар да дәл сондай дайындықтан өтеді. Кейде мінезінің беріктігі жағынан ер адамдардан да мықты болып жатады. Авиацияда бастысы – жыныс емес, кәсіби дайындық.
– Ұшқыштар қанша уақыт демалады?
– Рейстер арасында міндетті демалыс уақыты белгіленген. Бірақ ұшудан кейін бірден ұйықтап кету оңай емес. Әсіресе түнгі рейстерден кейін ағза ұзақ уақыт бойы сергек күйде болады. Сондықтан жақсы демалу – қауіпсіз ұшу үшін маңызды.
– Boeing пен Airbus-тың айырмашылығы қандай?
– Airbus қазіргі заманғы электронды басқару жүйесіне көбірек сүйенеді. Ал Boeing дәстүрлі басқару тәсілін сақтап қалған. Өзіме Boeing ыңғайлырақ.
– Ұшуды қай сәтке дейін тоқтатуға болады?
– Әр ұшқыш шешуші жылдамдықты біледі. Сол межеге дейін қандай да бір ақау анықталса, ұшуды тоқтатуға болады. Ал одан кейін ұшақты міндетті түрде әуеге көтеру керек. Мұндай жағдайлар жаттығуда үнемі пысықталады.
– Жұмсақ қону әрдайым қауіпсіз қону ма?
– Жоқ. Бұл – қате түсінік. Кейбір жағдайда ұшақтың ұшу-қону жолағына нық тиіп қонғаны әлдеқайда қауіпсіз болады. Сонда доңғалақтар жолақпен жақсы жанасып, тежегіш жүйесі тиімді жұмыс істейді. Біздің мақсат – әдемі қону емес, қауіпсіз қону.
– Әуе апаттарына көбіне не себеп болады?
– Бір ғана себеп болмайды. Әдетте бірнеше фактор қатар келеді: ауа райы, техникалық ақау, адам факторы, шаршау. Осылардың бәрі қосылғанда ғана үлкен қауіп туындайды.
– Құстар мен турбуленттілік қаншалықты қауіпті?
– Ірі құс қозғалтқышқа түссе, өте қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан әуежайларда құстарды алыстату жүйесі жақсы жұмыс істейді. Ал турбуленттіліктің өзі ұшақ үшін аса қауіпті емес. Ұшақтар оған есептеліп жасалған. Бірақ жолаушылар міндетті түрде қауіпсіздік белдігін тағып отырғаны дұрыс.
– Ұшқыштардың жалақысы неге байланысты?
– Негізінен ұшу сағатына байланысты. Неғұрлым көп ұшсаң, табысың соғұрлым жоғары болады.
– Жолаушылардың қонғаннан кейін қол шапалақтағанына қалай қарайсыз?
– Бұл әрине жағымды. Бірақ біз үшін ең бастысы – адамдарды қауіпсіз жеткізу. Қол шапалақтау – жолаушылардың алғысы ғана.
– Ұшқыштар қорқа ма? Ырымға сене ме?
– Ұшқыш та – адам. Қорқыныш бәрінде болады. Бірақ кәсіби маман кез келген жағдайда эмоциясын емес, тәжірибесі мен білімін басшылыққа алады. Ырымға келсек, сенетін әріптестерім бар. Ал өзім оған көп мән бермеймін. Бұл жұмыстың өзінде жауапкершілік жеткілікті.
– Жолаушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Экипаждың барлық талабын орындаңыздар. Ұшақ толық тоқтамайынша орындарыңыздан тұрмаңыздар. Қауіпсіздік белдігін шешпеңіздер. Бұл талаптардың барлығы сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін енгізілген.
– Ұшқыш мамандығының ең басты қағидасы қандай?
– Біздің мақсат – ұшақты әдемі қондыру емес, жолаушыларды аман-есен межелі жеріне жеткізу. Авиацияда бірінші орында әрқашан қауіпсіздік тұрады.
Максимнің айтуынша, ұшқыш мамандығы сырт көзге романтика болып көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, темірдей тәртіп және үздіксіз дайындық жатыр.
– Біздің басты міндетіміз – әр рейстен кейін барлық жолаушының үйіне аман-есен оралуын қамтамасыз ету.
Авиацияда ең маңыздысы – қауіпсіздік, қалғанының бәрі содан кейін келеді, – дейді ұшқыш Максим.