Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында балаларды зиянды контенттен қорғау шараларын күшейтуді ұсынды. Мемлекет басшысы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына шектеу қоятын заң жобасын қабылдау қажеттігін айтты. Бұл туралы Ақорданың Telegram арнасы хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетингтің балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы, эмоциялық тұрақтылығы және адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздік пен елдің орнықты дамуына тікелей ықпал етеді.
Осыған байланысты Президент 2018 жылы қабылданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарап, оған елеулі өзгерістер енгізу қажет екенін мәлімдеді.
«Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын», – деді Тоқаев.
Президент балалардың психологиялық жай-күйіне төнетін қауіптің салдарымен ғана күреспей, оның алдын алуға басымдық беру қажет екенін айтты.
«Үкімет балаларды қорғау мақсатында мазмұнды (контентті) сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн. Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін кеңінен таратуды тапсырды.
«Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады», – деді Президент.
Бұған дейін қай елдерде балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынғаны туралы жазған едік.