Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті қалай жою керек?
Үйдегі дәрі қобдишасын тексергенде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттар жиі кездеседі. Көп жағдайда оларды қоқыс жәшігіне тастау немесе кәрізге төгу оңай көрінуі мүмкін. Алайда, дәрі-дәрмекті осылай жою қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Қазақстанда жарамсыз және мерзімі өткен дәрілік заттарды жою тәртібі арнайы нормативтік құжатпен реттеледі. Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы №114 бұйрығымен жарамсыз, жарамдылық мерзімі өткен, жалған және заң талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жою қағидалары бекітілген.
Құжатқа сәйкес, мұндай препараттар басқа өнімдерден оқшауланып, арнайы бөлінген сақтау орнына тасталады. Ал жою белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, медициналық қалдықтардың шамамен 15%-ы қауіпті. Оның құрамында адамға және табиғатқа зиян келтіруі мүмкін химиялық немесе биологиялық заттар болуы мүмкін.
Сондықтан мұндай қалдықтарды кәдімгі қоқыспен бірге тастауға болмайды. Олар арнайы пакеттер мен контейнерлерге жиналып, белгіленген тәртіппен залалсыздандырылып, жойылады.
Неліктен дәріні кәрізге төгуге болмайды?
Мерзімі өткен дәрілердің құрамындағы химиялық заттар қоршаған ортаға түсуі мүмкін. Олар топырақ пен су көздерін ластап, экожүйеге әсер етеді.
Сондықтан Алматы әкімдігі де тұрғындарға қажетсіз және мерзімі өткен дәрілерді тұрмыстық қоқысқа тастамауға, кәрізге төкпеуге шақырады. Қалада оларды арнайы жинауға арналған экобокстар орнатылған.
Алматыда дәріні қайда тапсыруға болады?
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Алматыда тұрғындарға арналған арнайы экобокстар қалалық 38 емханада орнатылған. Оларға пайдаланылмаған, жартылай қолданылған немесе жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді тапсыруға болады.Жоба 2025 жылғы маусымда басталған. Бір жыл ішінде тұрғындардан бір тоннадан астам мерзімі өткен және пайдаланылмаған дәрі-дәрмек жиналған.
Қабылданатын дәрілердің ішінде:
- таблеткалар мен капсулалар;
- жақпа майлар, кремдер және гельдер;
- ампулалар;
- флакондар;
- шәрбаттар;
- сұйық дәрілік ерітінділер бар.
Дәрілерді экобоксқа салмас бұрын оларды тығыз қаптамаға орау ұсынылады.
Жиналған дәрілер арнайы инсинераторларда 1200°C-қа дейінгі температурада термиялық өңдеуден өтеді. Қалған қауіпсіз қалдықтар арнайы полигондарға жеткізіледі.
Ал шприцтер, инелер, инфузиялық жүйелер, мақта, бинт және қанмен жанасқан басқа медициналық қалдықтар экобокстарға қабылданбайды. Олар медициналық қалдықтарға арналған арнайы тәртіппен жойылуы тиіс.
Жалпы қалдықтардың қоршаған ортаға қандай қаупі бар?
Күн сайын пайда болатын тұрмыстық қалдықтардың көлемі артқан сайын оларды дұрыс жинау, тасымалдау және жою мәселесі де маңызды болып барады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қатты тұрмыстық қалдықтар қоршаған ортаға кері әсер ететін факторлардың бірі болып отыр. Қалдықтарды бөлек жинау олардың қоршаған ортаға түсіретін техногендік жүктемесін азайтудың бір жолы ретінде қарастырылады.
Қалдықтар дұрыс сақталмаса, топырақ, жерүсті және жерасты суларына түсіп, ауа ластануы мүмкін. Қазақстанның экологиялық талаптарында қалдықтарды басқару кезінде осы қоршаған орта компоненттерін ластанудан қорғау қажеттігі көрсетілген.
Тұрмыстық қоқыстың жиналып қалуы санитариялық қауіп те тудырады. Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің түсіндіруінше, қоқыс контейнерлерінің толып кетуі мен жағымсыз иістің пайда болуы жұқпалы және басқа аурулардың таралуына, сондай-ақ кеміргіштер мен жәндіктердің көбеюіне себеп болады.
Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, залалсыздандыру және көму арнайы талаптармен реттеледі. Қалдықтарды басқару кезінде адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру қаупін барынша азайту көзделген.
Сондықтан қоқысты жай ғана шығарып тастау жеткіліксіз. Оны мүмкіндігінше сұрыптап, қайта өңдеуге болатын қалдықтарды бөлек жинау және қауіпті қалдықтарды, мысалы, батарейка, сынап шам немесе мерзімі өткен дәрілерді арнайы қабылдау орындарына тапсыру маңызды.