«ІЗДЕР»: азаптау құрбандарына үміт сыйлаған жандар туралы деректі фильм

Адам құқығы, әділдік және адам қадір-қасиетін қорғау мәселелері бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Осы тақырыптарды арқау еткен «ІЗДЕР» («Следы») деректі фильмі азаптаудың салдары, оның адам өміріне тигізетін әсері және зардап шеккендерге көмек көрсетіп жүрген құқық қорғаушылардың еңбегі туралы баяндайды.

Фильмде азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың салдары тек жекелеген адамдардың тағдырына ғана емес, тұтас қоғамға әсер ететіні көрсетіледі. Кейіпкерлер өз бастан кешкен оқиғаларын баяндап, әділдікке жету жолында кездескен қиындықтар туралы әңгімелейді. Сонымен қатар олардың құқықтарын қорғап, заң көмегін көрсетіп жүрген мамандардың жұмысы да кеңінен қамтылған.

Туындының негізгі идеясы – адам қандай жағдайда болмасын өз қадір-қасиетін жоғалтпауы тиіс және әрбір азаптау дерегі тәуелсіз әрі әділ тергелуі қажет деген ойды жеткізу. Авторлар азаптау құрбандарының оқиғалары арқылы мұндай құқық бұзушылықтардың ұзақ уақыт бойы адамның психологиялық және әлеуметтік өміріне әсер ететінін көрсетеді.

Фильмде құқық қорғаушылар, заңгерлер, дәрігерлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің қызметіне ерекше назар аударылған. Олар көптеген жылдар бойы азаптаудан зардап шеккен адамдарға құқықтық, психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, олардың құқықтарының қорғалуына ықпал етіп келеді. Сонымен қатар мұндай ұйымдардың қызметі құқықтық реформаларды ілгерілетуге, азаптаудың алдын алу тетіктерін күшейтуге және қоғамның құқықтық сауатын арттыруға бағытталған.

Ресми мәліметке сәйкес, «ІЗДЕР» фильмі Тәжікстандағы азаптауға қарсы азаматтық қоғам бастамалары туралы баяндайды. Жоба аясында құқық қорғаушылардың күнделікті жұмысы, зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін көмек және әділдікке қол жеткізу жолындағы күрес көрсетілген. Фильмді «Нотабене» қоғамдық қоры мен «Расонанигор» қоғамдық ұйымы дайындаған. Жоба Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асқан.

Фильм Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның тәжік халқына үндеуінде айтылған «Адам құқығы мен бостандығының жоғары құнын ескеріп, құқық қорғау органдарының ешбір қызметкеріне адамды азаптап, кез келген жолмен ар-намысын таптауға жол берілмейді» деген сөзімен басталып, осы ұранды негізге алып, адам құқығын қорғайтын  мамандарға сөз берілген. 

Адамдар бізге үмітпен келеді

Фильмде құқықтық көмек көрсететін мамандардың бірі олардың жұмысы оңай емес екенін айтады. Оның сөзінше, әрбір жәбірленуші ұйымға соңғы үмітімен келеді.

«Біз күн сайын азаптау құрбандарына құқықтық көмек көрсетеміз. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз. Адам бізге үмітпен келеді. Сондықтан қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», – дейді заңгер, «Құқық әлемі» қоғамдық бірлестігінің директоры Гулчехра Холматова. 

Оның айтуынша, мұндай істерді тергеу ұзақ уақытқа созылады. Дәлелдер жинау, сараптамалар жүргізу мен сот процестері бірнеше айға, кейде жылдарға жалғасады. Соған қарамастан, мамандар әрбір істі соңына дейін жеткізуге күш салады.

Көмек тек заңгермен шектелмейді

Фильмде әлеуметтік қызметкерлердің де еңбегі көрсетілген. Олар құқықтық көмекке жүгінген адамдарды кейін психологтар мен дәрігерлерге бағыттайды.

«Көп жағдайда жәбірленушілерге медициналық та, психологиялық та көмек қажет болады. Олар кейде өздерінің созылмалы ауруларының күшейіп кеткенін де байқамайды. Сондықтан әрбір адамның жағдайын жан-жақты бағалаймыз», – дейді «Ташаббуси хукуки» қоғамдық қорының әлеуметтік қызметкері Зульфия Мусаева.

Маманның айтуынша, олардың негізгі міндеті – адамды қайта жарақаттап алмау. Сол себепті болған оқиғаны қайта-қайта сұрай бермейді.

«Мен олардан не болғанын егжей-тегжейлі сұрамаймын. Денсаулығына не қажет екенін анықтап, соған назар аударамын. Бұл – адамды екінші рет психологиялық жарақаттамау үшін маңызды», – дейді ол.

«Нотабене» қалай құрылды?

Фильмде «Нотабене» қоғамдық қорының негізін қалаушылар ұйымның қалай құрылғанын да баяндайды. Олардың айтуынша, қор бастапқыда адам құқықтары саласындағы заңнаманы зерттеп, мемлекеттік саясатқа сараптама жасау мақсатында құрылған.

«Біз адам құқықтарына негізделген мемлекеттік саясатты зерттейтін ұйым құрғымыз келді. Сондықтан талдау жұмыстарымен айналысатын жеке ұйым құру туралы шешім қабылдадық», – дейді «Нотабене» қоғамдық қорының құрылтайшысы Нигина Бахриева.

Оның айтуынша, «Нотабене» атауы латын тілінен шыққан. Бұл сөз маңызды тұстарға назар аудару деген мағынаны білдіреді.

«Біз қоғам мен мемлекеттің назарын адам құқықтарына қатысты ең маңызды мәселелерге аударғымыз келді», – дейді ол.

Азаптауға қарсы коалиция

Фильмде 2009 жылы Тәжікстанда азаптауға қарсы маманданған ұйымдардың болмағаны айтылады. Сол себепті құқық қорғаушылар күш біріктіріп, кейін Азаптауға және жазасыздыққа қарсы азаматтық қоғам коалициясын құрған.

Бүгінде бұл коалиция азаптау фактілерін құжаттау, құқықтық көмек көрсету, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеумен айналысады.

Азаптау әлі де кездеседі

Фильм авторларының айтуынша, соңғы жылдары заңнама жетілдірілгенімен, мәселе толық шешілген жоқ.

«Азаптау Тәжікстанда әлі де кездеседі. Бұл – жекелеген ғана жағдайлар емес», – дейді құқық қорғаушылардың бірі.

Олардың пікірінше, басты проблемалардың бірі – азаптау фактілерін тәуелсіз тергеу механизмінің жоқтығы.

Халықаралық стандарттарды енгізу

Фильмде құқық қорғаушылар БҰҰ қабылдаған Стамбұл хаттамасын (Istanbul Protocol) қолданатынын айтады. Бұл – азаптау фактілерін тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі халықаралық нұсқаулық.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, олардың тәжірибесі 2022 жылы хаттаманың жаңартылған нұсқасына енгізілген.

Адамдар қорқып қалады

Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы уақытта көмек сұрап жүгінетіндердің саны азайған.

«Адамдар қорқатын болды. Кейбірі қысымнан, кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптенеді. Ұзаққа созылған сот процестерінен шаршап, істі соңына дейін жеткізуден бас тартатындар да бар», – дейді «Құқық әлемі» қоғамдық бірлестігінің директоры Гулчехра Холматова.

Адамдар алғыс айтқанда күш аламыз

Фильмнің соңында құқық қорғаушылар үшін ең үлкен марапат – көмектескен адамдардың алғысы екені айтылады.

«Кейде бірнеше жылдан кейін адамдар кездесіп, рақметін айтып жатады. Сол кезде еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің. Бұл бізге жұмысымызды жалғастыруға күш береді», – дейді «Адам құқықтары орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Нурмахмад Халилов.

Сонымен бірге олар ешкім сырттан келіп мәселені шешіп бермейтінін, адамдар өз құқықтарын қорғаудан қорықпауы керектігін атап өтті.

«Адамдар өз құқықтарын қорғауға дайын болғанда ғана өзгеріс болады. Біз сол жолда оларға қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз», – дейді фильм кейіпкерлері.

«ІЗДЕР» деректі фильмі азаптау тақырыбын ғана емес, әділдікке ұмтылған адамдардың табандылығын, құқық қорғаушылардың қажырлы еңбегін және адам қадір-қасиетінің кез келген жағдайда қорғалуға тиіс екенін көрсететін маңызды туынды.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз