Блогерлер башқұрт, татар, ненец және чуваш тілдерін қалай насихаттап жүр?
Башқұртстан, Татарстан, Ямал-Ненец автономиялық округі және Чувашияда блогерлер ұлт тілі мен мәдениетін әлеуметтік желідегі контент арқылы насихаттайды. Блогерлер ұлттық дәстүрді арнайы дәріс немесе ресми шара ретінде емес, күнделікті өмір, әзіл, қысқа видео және сұхбат арқылы көрсетіп жүр.
Башқұртстан
Башқұртстаннан мысал ретінде Миләүшә Шайхелисламованы атауға болады. Оның Instagram парақшасы «Башкирская домохозяйка Миляуша» деген атпен танымал (783 мың жазылушысы бар). Ол контентін башқұрт тілінде жүргізіп, күнделікті тұрмысын, отбасы мен ауыл өмірін әзіл арқылы көрсетеді.Парақшасы алғашында туыстарына арналған көңілді видеолардан басталған. Кейін контенті кең аудиторияға таралған.
Мұндағы басты ерекшелік – башқұрт тілі арнайы оқытылмайды, ол контенттің табиғи тілі ретінде қолданылады. Осылайша блогер тілді тұрмыстық қарым-қатынаспен байланыстырады.
Мәселен, башқұртша «Хәйерле кис!!! Мороженое яратағыҙмы?» қазақша «Қайырлы кеш!!! Балмұздақ ұнатасыздар ма?» деп аударылады.Осындай қызықты қысқа жазбалар тілді тұрмыста жиі қолдануға мүмкіндік береді.
Татарстан
Татарстанда осы бағыттағы танымал мысалдардың бірі – Ринат Галиахметов, Оның Instagram-дағы парақшасы tatar__malay деп аталады (138 мың жазылушысы бар). Блогы бастапқыда Татарстанның көрікті жерлері мен қызықты оқиғалары туралы видеолардан басталып, кейін татар тіліндегі әзілдерге, күнделікті өмірге, сапарларға және ұлттық мәдениетке арналған контентке ауысқан.
Галиахметовтің тәсілі – татар тілін әлеуметтік желідегі заманауи контенттің тіліне айналдыру. Оның видеоларында тіл мәдени тақырыппен ғана шектелмей, күнделікті жағдайлар мен әзілдерде де қолданылады.
Татарша «Бик тәмле булды!!! Итне тозлыйбыз, әзрәк борыч, кипкән сарымсак, фольга алып дүрт кат төрәбез, көлгә 1:40-2:00 сәгатькә куябыз. 25-30 минут саен әйләндерәбез. Ашларыгыз тәмле булсын!» деген жазбасы қазақша «Өте дәмді болды!!! Етті тұздаймыз, аздап бұрыш пен кептірілген сарымсақ қосамыз. Фольга алып, төрт қабаттап орап, күлге 1 сағат 40 минут–2 сағатқа қоямыз. Әр 25–30 минут сайын аударып тұрамыз. Ас дәмді болсын!» деп аударылады.
ЯНАО
Ямал-Ненец автономиялық округіндегі Альберт Окотэтто ненец тілін әлеуметтік желі арқылы насихаттап жүрген авторлардың бірі. Ол Instagram-да albert_okotetto (437 жазылушысы бар) парақшасын жүргізеді. Сонымен қатар, ненец тілін үйретуге арналған uchu_nenetskii парақшасы (171 жазылушысы) бар.
Окотэттоның ерекшелігі – ненец тілін тек этнографиялық мұра ретінде емес, қазіргі заманғы коммуникацияның құралы ретінде көрсетуі. Ол әлеуметтік желіде тілге қатысты материалдар жариялап, ненец сөздері мен сөйлемдерін түсіндіреді. Осы арқылы тілді білмейтін адамдарға оның құрылымы мен ерекшелігін таныстырады.
Оның тағы бір ерекшелігі – заманауи танымал мәдениетті ненец тілімен байланыстыруы. Мысалы, Окотэтто әлемге танымал әнді ненец тіліне аударып, орындаған. Атап айтсақ, Бобби Макферриннің «Don’t worry, be happy» әнін ненец нұсқасында «Бұғы бағушы, ауырма!» деп аударған.
Мысалы, ненец тілінде «ертя» – балықшы, «савумдангода» – дәрігер, «миртя» – құрылысшы болып аударылады.
Чувашия
Чувашиядағы ең айқын мысалдардың бірі – Константин Доброхотов және оның «Чуваш ТВ» жобасы. Ғылыми зерттеулерде ол ең танымал чуваш этноблогерлерінің бірі ретінде көрсетіледі.Оның TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформаларда аудиториясы бар. Мәселен, оның Instagram-да chavashtv парақшасы (73,5 мың жазылушысы бар) чуваш елінің мәдениеті мен салт-дәстүрінің көрінісі деп айтуға болады.
Доброхотов Чувашиядағы түрлі шараларға барып, жергілікті адамдармен сұхбаттасып, чуваш тіліндегі контент түсіреді. Оның видеоларында ұлттық мәдениет, жергілікті тұлғалар, дәстүр және күнделікті өмір қамтылады.
Бұл модельде блогер тіл туралы жай ғана айтпайды, сол тілдің өзінде контент жасайды. Сондықтан, чуваш тілі әлеуметтік желідегі заманауи коммуникацияның бір бөлігі ретінде көрінеді.
Мысалы, чубаш тіліндегі «Ҫак туйра хӑна пулса хутшӑнма чунтан савӑнтӑм. Юратнӑ @tasamayastella кума, тата хисеплӗ @anton_arlanov21 - тавах сире, тӑвансем!» деген жазба қазақша «Осы тойға қонақ болып қатысқаныма шын жүректен қуандым. Қымбатты құдағиым @tasamayastella, құрметті @anton_arlanov21, сіздерге рақмет, туғандарым!» деп аударылады.